Ақтөбедегі автобус өрті қылмыстық іс емес, қайғылы жағдай. Бұл туралы «Ақтөбе ақпарат» орталығында өткен баспасөз мәслихатында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбеге келген арнайы комиссия түнде баспасөз мәслихатын өткізді. Ішкі істер министрінің орынбасары Ерлан Тұрғымбаев, Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой, Инвестиция және даму вице-министрі Роман Скляр баспасөз мәслихатына қатысты.
«Жолаушылар автобусы жанып, 52 адам қаза болғаны белгілі. Қазір 5 адам ауруханада жатыр. Олар өз күшімен автобус ішінен шығып үлгерген. Тірі қалғандардың үшеуі - Қазақстан азаматы. Жүргізуші Нұржан Қырғызбаев - 50 жаста, ол - Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғыны. Оның көмекшісі Мақсат Пернебеков - 1985 жылы туған азамат. Ол да Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы. Жолаушы Болат Таңатаров 1986 жылы туған. Екі Өзбекстан азаматы да бар. Үкімет жанынан құрылған комиссия мүшелері оқиға орнына барып, жағдаймен танысты. Тергеу тобы әлі жұмыс жүргізіп жатыр. Оның нәтижесі жақын арада белгілі болады», - деді Инвестиция және даму вице-министрі Роман Скляр.
Айта кетейік, 18 қаңтар күні таңертең Самара-Шымкент тасжолында жол апаты болып, жолаушыларға толы автобус жанып кетті. Өрт кезінде 52 адам қаза болып, 5 адамды күйік шалды. Қазір күйік шалып, газға уланғандар Ақтөбе облыстық жедел жәрдем ауруханасында ем қабылдап жатыр. Олардың үшеуі Қазақстан, екеуі Өзбекстан азаматы.
«Ауа райының қолайсыздығы тергеу жұмыстарын қиындатты. Қазіргі кезде 44 мүрде анықталды. Адамдардың денесін қатты күйік шалып, кейбіреулерін анықтау мүмкін болмай жатыр. Сондықтан олардың барлығын Ақтөбе қаласының мәйітханасына әкеліп, адамдардың аты-жөнін анықтау жұмыстарын жалғастырамыз. Таяу күндері тергеу аяқталады. Сол кезде өрттің нақты себебі анық болады. Нақтыласақ, ол жерде жол-көлік оқиғасы болмаған. Автобус жолдың үстінде тұр. Техникалық ақауы жоқ. Қылмыс белгілері анықталмады. Бұл қайғылы жағдай болуы да мүмкін. Заттай айғақтар, аман қалған адамдардың жауаптары осыны дәлелдейді. Өрт алдымен автобус салонынан шыққан. Содан жолаушылар уланып, сыртқа дер кезінде шыға алмай қалған», - деді Ішкі істер министрінің орынбасары Ерлан Тұрғымбаев.
Комиссия мүшесі Ерлан Тұрғымбаевтың айтуынша, автобус ішінде жүк көп болған. Бірінші қабатында жүк тиеліп, екінші қабатында жолаушылар отырған.
«Алдын ала белгілі өрт шыққан кезде жүргізуші жолаушыларын құтқармақ болған. Бұл ешқандай да қылмыс емес, қайғылы жағдай», - деді Ерлан Тұрғымбаев.