02 сәу, 2020 сағат 17:32

Ақтөбедегі науқастың 72 жастағы шешесіне вирус жұқты

2 сәуірде Ақтөбе облысында коронавирус жұқтырған 72 жастағы әйел адам – осыдан екі күн бұрын Covid-19 дертіне шалдыққан ер адамның шешесі. Бұл туралы Ақтөбе облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев хабарлады.

Әсет Қалиевтің сөзінше, баласынан коронавирус табылғаннан кейін зейнеткер 31 наурызда Ақтөбедегі провизорлық госпитальге жеткізілген.

Зейнеткер әйелдің коронавирус жұқтырған ұлы 20 наурыз күні Алматы арқылы Египеттен ұшып келген. Өз үйінде карантинде болған тұрғын 9 күннен соң дене қызуы көтеріліп, жедел жәрдем шақырған.

Короновирус жұқтырған шешесі мен баласы тұрған подъезд қазір оқшауланған. Бұл туралы сол үйдің тұрғыны, вирус жұқтырған тұрғындардың көршісі 80 жастан асқан Анна Душинкина айтты.

Египетке барып, коронавирус жұқтырып алған көршісі туралы Анна Душинкина «Қырықтың үстіндегі жігіт. Египетке жолдаманы жұмыс орнынан тегін берген. Египетте алты күн демалып, Алматыға жеткеннен кейін отбасына хабарласып, Ақтөбеге келе сала 14 күн карантинде болатынын айтқан. Әйелі мен қызынан осы аралықта туыстарына бара тұруын өтінген. Ал анасы аса мән бермесе керек. Баласының ескертуіне қарамастан ол өз үйінде қалған» деді.

Тұрғынның айтуынша, бүгін арнайы киім киген мамандар карантиндегі подьезді екінші мәрте дезинфекциялап кеткен.

Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы Әсет Қалиев Египеттен оралған ақтөбеліктің жағдайы кешелі бері ауырлап кеткенін айтады. «Оның жағдайы орташа ауыр. Ақтөбеде вирус табылған қалған төрт науқастың жағдайы тұрақты» дейді Әсет Қалиев.

Қазір Ақтөбеде коронавирус жұқтырғандар саны бес адам болды. Зейнеткер әйел мен ұлынан басқа үш адам Испания, Түркия, және Ресейден келген.

Азаттық