Елді дүрліктіріп, 7 адамның өмірін қиған лаңкестер Сирия мен АҚШ-қа барып, жихад жасаймыз деп ойлаған. Яғни, олардың кейбірі топты бастаған Дмитрий Таңатаров пен Арман Айтуғанның үндеуін түсінбеген. Жабық өтіп жатқан сот отырысының барысы туралы облыстық соттың баспасөз қызметі бүгін брифинг өткізіп, куәгерлер мен жәбірленушілерден, сотталушылардан жауап алынып болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі Baq.kz порталына сілтеме жасап.
5 маусымдағы лаңкестік оқиғаға қатысты сот отырысы КА 168/1 түзету мекемесінде жабық өтіп жатыр. Сол себепті облыстық соттың баспасөз қызметі әр апта сайын қорытынды жасап отырады. Белгілі болғаны, 66 жәбірленуші мен 48 куәгерден, сотталушылардың барлығынан жауап алынып болды. Олар лаңкестік топ құрып, қарулы шабуыл жасағанын жоққа шығармайды, жасаған ісіне өкінеді. Дегенмен, кісі өлтіру бойынша тағылған айыппен келіспей отыр.
«Дайындалып жатқан аса ауыр қылмыс туралы біле тұра хабарламағандары үшін айыпталған сотталушылар да жасаған қылмыстық әрекеттері үшін өкініп, өз жауаптарында қылмыстық жауапқа тартылатындарын білмегенін айтты. Сотталушылардың кейбірі сол күні пәтерді «террористік топтың басшылары Д.Таңатаров пен А.Айтуғанның үндеулерінің мағынасын анық түсінбей, Сирия мен Америкада жихад жасауға шақырып жатыр деп ойлаған»,- дейді Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметінің басшысы Илиада Досова.
Сот отырысы кезінде мемлекеттік айыптаушы мен қорғаушылардың қосымша куәгерден жауап алу өтініші қанағаттандырылған. Мәселен, куәгердің бірі пәтерден №6655 әскери бөлімінің қызметкері Чернышевтың қаруының оқ-дәрісін тауып алған. Оқ-дәрі ас үйдегі жайманың астынан шықты. Кейін пәтер иесі бірден құқық қорғаушыларға хабар берген.
«Бүгінгі сот отырысында жәбірленушілердің талап арызы, оларға қоса тіркелген өзге де құжаттар мен сотталушыларға қатысты мінездемелер зерттелді. Сотқа 15-тен астам талап арыз түсті. Оның ішінде «Автопарк» ЖШС, «Пантера» қару жарақ дүкені мен №6655 әскери бөлімінен түскен талап арыз бар. Сот отырысында процеске қатысушылардың өтініштері қаралды»,- деді И.Досова.
Еске салсақ, сот отырысы 24 қыркүйекте басталды. Лаңкестік оқиғасы бойынша 29 сотталушы жауап беріп жатыр. Оның 9-ы қолына қару алып, оқиғаға тікелей қатысты. 18-і дайындалып жатқан қылмысты біле тұра хабарламаған, екеуі қылмысты жасырып қалған.
Алтынай САҒЫНДЫҚОВА