05 ақп, 2022 сағат 14:58

Ақтөбеде пәтер өртеніп, ер адамның денесі табылды


Ақтөбеде пәтер өртеніп, 13 адам құтқарылды. Бір адамның денесі табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық ТЖД кезекші бөліміне Ақтөбе қаласы 11 шағын аудандағы 9 қабатты тұрғын үйдің бірінен өрт шыққандығы туралы хабарлама түсті. Шақырту орнына барған өрт сөндірушілер бірінші қабаттағы пәтерден өрт шыққанын анықтап, құтқару жұмыстарына кірісті.

«Өрттің ауданы - 15 шаршы метр. Жалпы 32 қызметкер, 8 бірлік техника жұмылдырылды. Қатты түтін салдарынан жоғарғы қабатта тұратын 13 адам баспалдақ маршы арқылы төмен түсірілді. Оның ішінде 5 бала құтқарылды. Сондай-ақ, 60 адам, оның ішінде 9 бала эвакуацияланды. Оқиға орнынан 1963 жылы туған ер адамның денесі табылды. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр»,- деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметі.

Ақтөбе облысының ТЖД тұрғындарға тұрмыстағы өрт қауіпсіздігін сақтауды және өрт болған жағдайда дереу 101 немесе 112 номеріне хабарласуды сұрайды.