24 мау, 2021 сағат 17:36

Ақтөбеде ойыншық тапаншамен дүкен тонамақ болған ұры ұсталды


Ақтөбеде ер адам дүкенді ойыншық тапаншамен тонамақ болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Ақтөбе қалалық полиция бөлімінің Жедел басқару орталығының «102» нөміріне дүкеннің 43 жастағы сатушысынан хабар түскен. Ол ер адам тапаншаға ұқсас затпен қорқытып, кассадағы ақшаны талап еткенін айтқан. 

«Сатушы оған қарсылық көрсетіп, қарақшыны дүкеннен итеріп шығарып, алдыңғы есікті ішінен жауып алған. Содан кейін полицияға қоңырау шалған. Патрульдік полиция наряды «ізін суытпай» 37 жастағы күдіктіні ұстады. Қылмыс құралы ойыншық тапаншасы болып шықты. Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 192-бабы 2-бөлігі (Қарақшылық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Осы баптың санкциясы дүние-мүлкін тәркілеу, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді. Күдікті Ақтөбе қалалық уақытша ұстау абақтысына қамалды», - делінген полиция ақпаратында.