
Ақтөбе қаласындағы спорт клубына каратэден Қазақстан кубогының үш дүркін чемпионы марқұм Дәулет Хайролланың есімі берілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Дәулет Хайролла таяуда ғана кісі қолынан қаза тапты. Ақтөбе облыстық полиция департаменті жастар жиналып, туған күн тойламақ болған кезде екі жігіт жанжалдасып, бірі екіншісін атып тастағанын хабарлады. Қазір осы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды, күдікті ұсталды.
Ал бүгін каратэден Қазақстан кубогының, Азия кубогының иегері, Қазақстан чемпионатының жеңімпазы жаттыққан спорт клубына оның есімі берілді. Бұл осы спорт клуб тәрбиеленушілері мен ата-аналардың, жаттықтырушылар мен Каратэ федерациясының облыстық филиалынан түскен ұсыныс.
«Оның мақсаты – Еуропа, әлемді бағындыру еді. Жас өмірі үзіліп кетті. Оның ісін шәкірттері, оның командасы жалғастырады деп ойлаймын. Барлық ата-аналарға «балаларыңызға сақ болыңыздар» деп айтқым келеді. Ал жастарға «спортты сүйіңдер» деймін. Бірге болса, қару қолданбаса деп тілеймін», - деді Дәулет Хайролланың әкесі Төлеубай Жақанов.
Айта кетейік, спорт клубында 100-ден астам бала жаттығып жүр.
