17 қаз, 2016 сағат 12:39

Ақтөбеде қайтыс болған адамдар да жеке кәсіппен «айналысып жүр»

Ақтөбе облысында тіркелген жеке кәсіпкерлердің кейбірі өзінің бизнес иесі екенін білмейді. Көбі 2000-2005 жылдары жеке кәсіпкер болып мемлекеттік кірістер басқармасына тіркеліп, кейін оны ұмытып кеткен. Қазір көбі зейнетке шығып, саудагерлікті тоқтатқан. Сонымен қатар, қайтыс болған ақтөбеліктер жеке кәсіпкер тізімінен шығарылмаған. Бұл туралы облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Анар Даржанова айтты, деп хабарлайды Bnews.kz.

«Ақтөбе облысында 10 мыңға жуық кәсіпкерлік субьектісі жұмыс істемей тұр. Оның 8 мыңы қалада. Кәсіпкерлердің тізімі алынып, зерделеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде жұмыс істемей тұрған кәсіпкерлік субьектісінің көбі 2000-2005 жылдары тіркеліп, қызметін тоқтатқан болып шықты. Мәселен, автопаркте жұмыс істейтін адамдар патент алып, автобусты жалдап, көлік жүргізген екен. Олар зейнетке шығып кеткен. Сонымен қатар, сатушылар да өзінде патенттің бар екенін, жеке кәсіпкер ретінде облыстық мемлекеттік кірістер басқармасында тіркеуде тұрғанын білмейтін болып шықты»,- дейді облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Анар Даржанова.

Басқарма басшысының айтуынша, жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, кейін басқа облысқа, тіпті, шетелге көшіп кеткен адамдар да тізімнен шығарылмаған.

«Германия, Украинаға көшіп кеткен, қаза болған кәсіпкерлер де бар бізде. Қаза болған адамдар туралы облыстық әділет департаментінен біліп, кейін мемлекеттік кірістер басқармасынан тіркеуден шығару жұмыстары жүріп жатыр. Бір аптада қаза болған 75 адамның мәліметін таптық»,- дейді А.Даржанова.

Статистикалық мәліметке сүйенсек, облыста 50 мыңнан астам шағын және орта бизнес субьектісі тіркелген. Онда өңірдің 130 мыңнан астам адамы жұмыс істейді.