Ақтөбедегі арнайы операция кезінде қылмыстық топтың бірнеше мүшесі құрықталды. Олар мұнай ұрлаумен айналысқан, деп xабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетіне сілтеме жасап.
«Желтоқсанның 7-сі күні Ұлттық қауіпсіздік комитеті, сыбайлас жемқорлыққа қарсы Ұлттық бюро мен ішкі істер министрлігі Ақтөбе облысында, елдің бірқатар аймақтарында мұнай ұрлау мен мұнай өнімдерінің заңсыз саудасымен айналысатын ұйымдасқан қылмыстық топтарды құрықтау операциясын бастады. Шұғыл іздестіру шаралары барысында мұнай ұрлаумен айналысқан бірнеше адам ұсталды. Олардан мұнай мен мұнай өнімдері бар автоцистерналар тәркіленді. Бұдан бөлек, радикалды салафиттерден құралған қылмыстық топтың мүшелері қамауға алынды. Олар мұнай ұрлағандарға «қамқоршылық» жасаған», - делінген ресми xабарламада.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің xабарлауынша, қазіргі кезде күдіктілер тұратын үйлерде тінту шаралары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ ұрланған мұнайды заңдастырумен айналысқан кәсіпорындар тексерілуде. Комитет тергеудің нәтижесін жариялауды жоспарлап отыр.
Айта кетейік, бүгін бұқаралық ақпарат құралдарында «Ақтөбедегі мұнай өндіру зауыты маңайында арнайы операция өтіп жатыр» деген ақпарат тараған болатын.