19 қаң, 2017 сағат 09:26

Ақтөбеде 1 миллион гектар жер пайдаланылмай жатыр

- Ақтөбеде 1 миллион гектар жер игерілмей жатыр. Облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау жөніндегі басқарма оның тең жартысын мемлекет меншігіне қайтарды, өзгесі әлі жекенің қолында, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Ақтөбе жер иеленіп, оны ұзақ жылдан бері кәдеге асырмай отырған кәсіпкерлер бар. Облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау жөніндегі басқарма егістік, шабындық, жайылым, тіпті, құнарлы 1 миллион гектар жерді анықтады. Барлығы 858 жер телімі тізімге алынды.

«2016 жылы 580 мың гектардан астам жер ерікті түрде кері қайтарылды. Оның 91 мың гектары егістік, 5 мыңы шабындық, 478 мыңы жайылым. Айтқанға көнбеген, жерді өзі пайдаланбай немесе өзгеге бермей отырған 234 жер телімінің иесі 430 мың гектар жерді мәжбүрлі түрде қайтарды. Облыстық прокуратурамен бірлесіп ауыл шаруашылығы, коммерциялық мақсаттағы жерлерді қайтару кезінде жол картасы жасалды. Әкімшілік-құқықтық құзыретіміз болмағандықтан, жергілікті полиция қызметіне жүгіндік. Себебі, көбі қашып кетеді, үйлеріне барған кезде есігін ашпайды», - деді облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау жөніндегі басқарма басшысы Абухат Мырзалин.

Басқарма 32 материалды сотқа жіберген. Оның 12-і қанағаттандырылып, мемлекет пайдасына шешілді. Ал 9 іс бойынша ұтылып, аппеляциялық шағым қайта берілді.

«Жер телімдерінің мақсатты игерілуін үнемі бақылап отыру уақыт пен қаржыны талап етеді. Жұмыс күші де қажет. Сондықтан «Қазкосмос» ұлттық компаниясының мүмкіндігін пайдаланып, прогресстивті технологияны қолдану тиімді. Қызметкерді шалғай жерге жібермей-ақ «Қазкосмос» түсірген фотодан егіннің бар-жоғын дер кезінде анықтай аламыз»,-деді облыс прокурорының бірінші орынбасары Нұрдәулет Сүйіндіков.