14 қаң, 2022 сағат 20:55

Ақтөбе полициясы неліктен журналистерден түсініктеме алғанын түсіндірді


Ақтөбеде бес журналист полиция департаментіне шақырылып, олардан жауап алынды. Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, бәрі куәгер ретінде шақырылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ақтөбе облысында алаңға барып, жұмыс істеген журналистерден жауап алынды. Біреуінің үйін тінтіп, ұялы телефоны тәркіленді. Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, бәрі куәгер ретінде шақырылған.

«4 қаңтардан бастап облыс әкімдігі алдындағы алаңда бірнеше күн митинг өтті. Қазіргі уақытта облыстық полиция департаменті жаппай тәртіпсіздіктің белсенді қатысушыларын анықтауға бағытталған жедел іс-шара жүргізіп жатыр. Соның ішінде күдіктілерді анықтау және бейне жазбаның бар-жоғын тексеру, түсініктеме беру үшін кейбір журналист куәгер ретінде шақырылды. Телефондарда сақталатын фото және бейне материалдарды зерделеу жүргізілуде. Тексеруден кейін байланыс құралдары иелеріне қайтарылады.

Ведомствоаралық тергеу тобының барлық іс-әрекеттері тергеу прокурорымен келісілген және ҚІЖК нормаларын бұзуға жол берілмеген. Көрінеу жалған ақпарат таратуға жол берілмейтіні туралы ескертеміз. Төтенше жағдай кезінде мұндай дерек анықталса, ҚР ҚК 274-бабына сәйкес жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген», - деді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

Билік өкілдеріне қатысты зорлық-зомбылық көрсету, ғимараттарға шабуыл жасау, жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру мен терроризм актілерінің барлық фактісі бойынша облыста сотқа дейінгі 14 тергеу басталды. Олардың ішінде аса ауыр қылмыс жасады деген күдікпен 12 адам уақытша ұстау изоляторына қамалды.