22 қыр, 2023 сағат 11:58

Ақтөбе облысында заңсыз интернет-казино ұйымдастырғандар ұсталды

© Photo: Pixabay / Pexels

ҚМА Ақтөбе облысы бойынша Департаменті заңсыз ойын бизнесін онлайн форматта (интернет-казино) ұйымдастырған 3 тұлғаға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.

Ұйымдастырушылар Қазақстан аумағында тыйым салынған сайттарға сілтеме мен біржолғы логин және пароль беріп, ойыншылардан банк қосымшасы арқылы ставкалар қабылдаған.

Осылайша, олар ойыншыларға нақты ұтыстар бере отырып, тиісті лицензиясыз құмар ойын түріндегі заңсыз қызмет көрсеткен. 

"Алдын-ала есеп бойынша, заңсыз қызметтен түскен қаржы айналымының жалпы сомасы 490 млн теңгені құрады. Ойыншылар саны 800 адамнан асады.

Сонымен қатар кәмелетке толмағандарды заңсыз ойын бизнесіне тарту фактілері тексеріліп жатыр.

Жүргізілген тінту нәтижелері бойынша заңсыз ойын қызметіне қатысты заттар мен құжаттар, сондай-ақ ақшалай қаражат табылып, тәркіленді.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. ҚР ҚПК-нің 201-бабының тәртібімен тергеу мүддесіндегі өзге де ақпарат жария етілуге жатпайды" - делінген хабарламада.

ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі.