
Ақтөбе облысында коронавирусқа қарсы 1 мың доза вакцина жеткізіліп, дәрігерлер екпе қабылдап жатыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Кеше елімізге «Спутник V» вакцинасы жеткізілді. Іле-шала өңірлер сұранысы бойынша әр аймақ өзіне тиесілі вакцина дозасын қабылдап алды. Ақтөбеге 1 мың данасы әкелінді.
Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев қауіпсіздік үшін әуежайға барып, «Спутник V» екпесін жеткізу, түсіру, тиеу жұмыстарын бақылады. Одан әрі вакцина қоймаға жеткізілді. Талап бойынша бәрі тоңазытқышқа орналастырылды. Сол жерден облыстық балалар ауруханасында тасымалданып, қаланың 8 емханасына бөлінді.


«Қазір бізде «қызыл» аймақта 960 медицина қызметкері жұмыс істейді. Бірінші сол қызметкерлер қабылдайды. Өзім де қабылдадым. Жағдайым жақсы», - деді облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев.
Сонымен бірге кіші медицина қызметкерлері де алғашқы болып вакциналанды.
«Таңертең сағат 10:23-те вакцина қабылдадым. Кейін 30 минут тынықтым. Бәрі жақсы. Қандай да бір кері әсерін байқамадым. Алдымен медицина қызметкері алуы тиіс деген ойды құптаймын. Өзгелер біздің жолымызбен жүреді деп есептеймін. Отбасыма да вакцина салдыруға кеңес беремін. Қазір өзімді қауіпсіз сезінемін», - деді медицина маманы Жомарт Макаров.
Айта кетейік, жалпы облыс бойынша 150 мың адам вакцина қабылдайды. Бүгін екпе жасатқан медицина қызметкерлері 21 күннен соң екінші дозаны алады.
«Емханада вакцина қабылдаған алғашқы бес адамның бірі өзім болдым. Бұл кәдімгі екпе. Еш әсерін әзірге сезбедім. Коронавирус инфекциясын жеңудің бір жолы вакцина деп есептеймін. Бүгін қабылдадым, 21 күннен соң екінші вакцинасын егемін», - №3 Ақтөбе қалалық емханасының бөлім меңгерушісі Ләззат Бисенова.


