18 шіл, 2019 сағат 16:14

Ақтауда теңіз жағалауынан адам денсаулығына қауіпті бактериялар анықталды

Ақтаулық санитар дәрігерлер Каспий суы мен жағажайдағы құмнан сынама алып, адам денсаулығына қауіпті қоздырғыштарды анықтаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Зерттеу қорытындысы бойынша, бұл «Клостридия перфрингенс» бактериясы екендігі анықталды. Оның асқазанға инфекция түсіріп, кез-келген ауруды асқындыру қаупі жоғары. Сондықтан мамандар тұрғындар мен қала қонақтарын шомылу маусымы кезінде сақ болуға шақырады.

Күннің ыстығынан пана іздегендер Каспий теңізінің жағалауына ағылады. Шомылу маусымы басталғалы санитар дәрігерлер теңіз суы мен құмнан екі рет сынама алып, қауіпті қоздырғыштарды анықтаған.

Мамандардың мәлімдеуінше, адам денсаулығына зиян келтіретін бактерия әсіресе жаңбырлы күндері көп таралады. Мамандар құмды қопсытып-қопарып, жағажайларды жиі тазалау керектігін ескертеді. Себебі осындай кезде бактерия күннің астында өледі екен.

Дабыл қаққан мамандар аталған жағдайға байланысты қала әкіміне хат жазып, ұсыныстарын жолдаған.

«Бұл бактерия топырақта ұзақ сақталып, адамның ағзасына инфекция түсіреді. Ашық жарақаты бар адамдарда газды гангрена пайда болуы мүмкін. Адамның терісін жарақаттайды. Асқынса аяқ, не қолды кесу керек болады. Сондықтан тұрғындарға, қала қонақтарынша әсіресе балаларға барынша сақтық шараларын сақтауға шақырамыз. Өйткені аталмыш бактерия иммунитеті әлсіз адамдарға қауіпті», - дейді Ақтау қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының м.а. Әсима Жұмабайқызы.

Бүгін әкімдікте өткен жиында осы мәселе көтерілді. Енді Ақтау жағажайларындағы құмдарды қопсыту туралы тапсырма берілді.

«Төтенше жағдайлар жөніндегі қалалық штаб бастығы теңізде бақылау бекеттерінің орнатыла бастағанын мәлімдеді. Барлығын тез ұйымдастыру керек. Бұл процеске жағалауда кәсібі бар кәсіпкерлер де шақырылады», - дейді эколог Кирилл Осин.