06 қаз, 2022 сағат 21:23

Ақтауда мысықтың үстіне секірген ер адам қамауға алынды


Ақтауда мысықтың үстіне секірген ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұл туралы Polisia.kz порталының Telegram арнасы хабарлады.

Ведомство мәліметінше, аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 316-бабы 1-бөлігі ("Жануарларға қатыгездікпен қарау") бойынша тіркелген.

Ер адамға 120 айлық есептік көрсеткішке дейін (367 560 теңге) айыппұл салынуы мүмкін немесе дәл сол мөлшерде түзету жұмыстарына, 120 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа немесе 30 тәулікке дейін қамауға алу жазасы тағайындалуы мүмкін.

Айта кетейік, оқиға 4 қазан сағат 22:00 шамасында Ақтау қаласындағы 6 шағынауданда болған. 35 жастағы мас ер адам мысықтың басына секіріп, денсаулығына зақым келтірген.