13 қар, 2019 сағат 11:02

Ақтауда автобустағы жолақы 80 теңге болып қымбаттауы мүмкін

Қазіргі таңда Ақтау қаласында қоғамдық көліктегі жол жүру ақысы - 50 теңге. Ол - республика бойынша ең төменгі көрсеткіш. 2020 жылы жаңа автобустар сатып алынғаннан кейін жолақы құнын 80 теңге көтеру жоспарланып отыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының мәліметінше, 2020 жылдың екінші тоқсанында Қазақстанда жасалған, заманауи үлгідегі 18 автобус алынбақ.

Осыған орай, жол ақысын көтеру жоспарланып отыр.

«Жол ақысын көтермес бұрын, қоғамдық тыңдау өткізіп, қоғамдық кеңеске және мәслихатқа ұсынып, қолдау тапқан жағдайда жол ақы құны көтеріледі»,-дейді қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жетібай Құбашев.

Ақтау қаласы бойынша жалпы саны 70-ке жуық автобус қызмет атқарады. Оның 20-ға жуығы - «Дэу», «Хуюндай», ал қалған бөлігі - «Паз» автобустары. Сонымен қатар, Ақтау қаласына Мұнайлы ауданынан №105-маршрут Ақтау-Маңғышлақ, №103- маршрут Ақтау-Қызылтөбе Ақтау-Қызыл төбе-2, Ақтау-Батыр, Ақтау-Баянды, Ақшұқыр ауылынан 70-ке тарта автобус қатынайды. Оның да басым бөлігі - «Паз» автобустары.