Ақтауда көптеген авиатасымалдаушылар авиарейстерді тоқтатты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
6 сәуірде соңғы рейс - Көкшетау-Ақтау-Көкшетау тоқтайды. Бүгін Атырауға апаратын рейстер жабылды. Жалпы, бұл жағдай елімізде төтенше жағдай аяқталғанша, яғни 15 сәуірге дейін жалғасады.
«Әзірге SCAT компаниясының бағыттары ғана қалды. Біз - сыртқы және ішкі рейсті тоқтатқан ең соңғы әуежаймыз. Барлығы сәуір айының ортасына дейін ғана тоқтатылады деп сенеміз. 31 наурыздан 14 сәуірге дейін Ақтау-Ақтөбе-Ақтау бағыты уақытша орындалмайды. 3 сәуірден 12 сәуірге дейін Ақтау-Атырау-Орал-Атырау-Ақтау бағыты жабылады. 6 сәуірден 15 сәуірге дейін Көкшетау-Ақтау-Көкшетау бағыты ұшпайды» делінген хабарламада.
«Үкіметтік комиссияның қаулысы бойынша, енді тек жүк тасымалдайтын ұшақтарды қабылдай аламыз және әскери ұшақтар ұшуы мүмкін. Олар мемлекеттің тапсырмасымен ұшады»,-дейді Ақтау халықаралық әуежайының директоры Ерғазы Жолдасов.
Директордың айтуынша, барлық ұшақ жолаушыларын арнайы киім киген эпидемиолог мамандар қарсы алып, тепловизормен тексеріп жатыр. Жолаушылардың тізімі алынып, оның қайдан, қашан отырғаны жазып алынды.
Айта кетейік, 27 наурыз күні Ақтау әуежайында барлық халықаралық әуе рейстері тоқтаған болатын.