22 сәу, 2017 сағат 18:43

АҚШ-та тұратын Мағауиннің күн тәртібі қандай?

Ақпанның ортасы мен сәуірдің басында екі мәрте АҚШ-қа іссапармен барғанымда Вашингтонның орталығынан көлікпен қырық минуттай жүретін жерде - Мэриленд штатының Роквилл қаласында тұрып жатқан қазақтың классик жазушысы Мұхтар Мағауин ақсақалмен жүздесіп, жата-жастана әңгімелесіп қайттым. Жасы 77-ден асқан шағында да өзіне тән жазу дағдысы мен дисциплинасынан айнымаған екен. Қазіргі күн тәртібі шамамен мынадай.

Таңертең тұрғасын қазақша таңғы ас ішеді: бал қосқан жылы су, шағын құтыдағы женьшень тұнбасы, ірімшік, авокадо мен май жаққан ақ нан, бір жілік суық қой еті, сүт қатқан шай. Сосын бірден жазу бөлмесіне кіріп кетеді. Сырт-сырт еткен машинка дауысы үзілмейді. Түс уағында 10-15 минутқа шығып, үй ішінде, патио-балконда аяқ жазып жүреді, сосын үйде қызмет қылуға әзір адамдары бола тұра ешкімді әурелемей өзі бір тостақ шайы мен сусынын құйып алып, қайта бөлмесіне кіріп кетеді. Кешке дейін бас-аяғы кемінде жеті сағат тапжылмай отырып жазады. Жазу бөлмесінің үш қабырғасы түгел шыны есікті биік кітап сөресі.

АҚШ-қа әкеткен кітаптарының дені - өзі сүйіп оқитын әлемдік классиктер, әдебиеттану бойынша көрнекі жазбалар мен түркі-моғол жұртының тарихына қатысты жазылған фундаменталдық еңбектер. Сөрелерге бала-шағасымен түскен фотолар да қойылған. Бір бұрышта - теріге салынған Шыңғысханның алып суреті.

Мен барған кезде Ілияс Есенберлин туралы 120 беттік естелігін аяқтап, көңілі көтеріңкі жүрді. Бұл естелікті жазу кезінде әрбір деректі академиялық дәлдікпен өлшеп, Қазақстандағы кітапханасынан көптеген құжаттар алдырумен болды. Алматыда тұратын қызы Айғаным айтқан сәтінде әлгі құжатты жазушы тұрған пәтерден тауып, WhatsApp-пен ағасы Едігеге салып жібереді, Едекең оны дереу әкесіне принтерден шығарып бере қояды. Сол себепті Роквилдегі үйдің қонақ күтетін орта бөлмесінде тұрған Brother принтері - ақсақалдың машинкасынан кейін үздіксіз үн шығарып тұратын екінші құрылғы. Жазу үстелінің үстінде машинкасынан бөлек қалам мен қарындаш, қайшы, ұстараның жүзі, өшіргіш пен штрих-корректор жатады. Машинкамен терген жазбасын әуелі бір сүзіп оқып, штрих-корректормен қателерін түзеп шығады. Сосын қайта көшіріп басады. Таза көшірмені Едекең жақын бір адамдарына компьютермен теруге жібереді. Әдеби шығармаларын тек қаламмен жазатын ақсақал публицистика мен мақалаларға келгенде жазу машинкасын қолайлы көреді. Кешкі сағат алтыдан аса жазушы бөлмесінен шығады. Сосын әр тараптан келіп ас үйге жинала бастаған бала-шағасымен һәм немерелерімен бірге кешкі асқа отырады. Едекең қызметінен, келіні Алтын мен Бақытжамал әжеміз сырттағы шаруаларын пысықтап үйге оралады.

Одан бөлек қай елде тұрса да, бұл шаңырақты ақсақал мен Едекеңнің үш жұртынан келген ағайын-туыс пен бала-шаға түрлі себеппен уақытша паналап жатады. Біреуі қоныс аударушы, біреуі білім іздеуші дегендей. АҚШ-тағы саяси ахуал мен халықаралық оқиғалар туралы бізбен әңгімелесіп болған соң жазушы Dell деген ноутбугын ашып, бір жарым сағаттай Қазақстанның, Қытай мен Моңғолияның қазақша сайттарын қарайды. Сосын орыс тілінде америкалық және ресейлік бірнеше сайтты оқиды. Кейде Бақытжамал әжеміз екеуі YouTube-тан тарихи телесериал көріп отырады.

Әзірше интернетте игерген тараптары - осылар. Әлеуметтік желілер туралы естуі ғана бар. Түнгі оннан көп асырмай ұйқыға жатады. Ақсақалдың күн сайын тынбай 8-9 сағатын ой еңбегіне, шығармашылық жұмысына арнайтын кестесіне қайран қалмасқа болмайды. Бір әңгімелесіп отырғанда жазушы болам дейтін адамның кем дегенде екі нәрсені ескеруі тиіс екенін айтты.

Біріншісі, қуатты көркем шығарманың өзегі мен ажары - адам тағдыры.

Екіншісі, кәсіби жазушы дисциплинаға бой үйреткені дұрыс. "Күзде жазам, түнде жазам, ішіп алсам ғана жазам" дегеннің бәрі жүйесіздік һәм ішкі тәртіптің нашарлығы, кәсібиліктің жоқтығы. Аз-аздан болсын күнде жазу керек, күнде оқу керек" деді ақсақал бір сөзінде. Ал мен естелігімді әзірге осы жерден қайыра тұрам...

Ғалым Боқаштың фэйсбуктағы жазбасынан