Фото: ашық дереккөз
Оқиға орын алғаннан кейін Дональд Трамп мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Ult.kz.
"Ұлы әрі аңызға айналған Чарли Кирк қайтыс болды. АҚШ-та жастарды Чарлидей ешкім түсініп, оларға жанашырлық таныта алмады. Оны бәрі жақсы көрді және құрметтеді, әсіресе мен. Енді ол арамызда жоқ. Мелания екеуіміз оның ғажайып жары Эрикаға және оның отбасына қайғырып көңіл айтамыз. Чарли, біз сені жақсы көреміз!" – деп жазды АҚШ президенті Дональд Трамп Truth Social желісінде.
Юта штатында Кирк сөз сөйлеп тұрған кезде оққа ұшқан болатын. Жергілікті полицияның хабарлауынша, шабуылға күдікті екі адам қамаудан босатылды. Қазір оқ атқан қылмыскерді іздеу және тергеу жұмыстары жүріп жатыр.
Чарли Кирктің Украинаға қатысты ұстанымы
Трамптың жақтасы, блогер әрі белсенді Кирк АҚШ-тың Украинаға әскери көмегін қатаң сынға алып, Зеленский туралы жағымсыз пікір айтқан.
"Трамп Зеленский жайлы шындықты біледі. Ол — өз халқын мағынасыз қырғынға жіберген ЦРУ-дың қуыршағы", – деп жазды Кирк X әлеуметтік желісінде.
Ол сондай-ақ Зеленскийді РҚ-мен соғысты аяқтағысы келмейді деп айыптаған. Кирктің пікірінше, Украинаның шығыс бөлігі мен Қырым тарихи тұрғыда орыстарға тиесілі, ал елде АҚШ қаржыландыратын биозертханалар жұмыс істейді.
Кирк АҚШ-тың "Ресейді дұшпан көруі — қате" деп есептеді, дегенмен "РФ пен Путинді жақсы көрмейтінін" айтқан.
"Ресейге қаншама ақша мен назар аударылады, ал бұл залдағы сіздердің ешқайсыңыз ресейлік билік кесірінен досынан айырылған жоқ. Бірақ көпшілігіңіздің достарыңыз не туыстарыңыз Қытай компартиясы мен есірткі картельдерінен шыққан фентанил кесірінен көз жұмды. Ел қай жауға басымдық беретінін таңдауы керек", – деген ол.
Сондай-ақ Кирк соғыстан әскери-өнеркәсіптік кешен мен Украинадағы билеуші таптың олигархтары ғана пайда көріп отыр деп есептеген.
