02 қар, 2017 сағат 10:15

АҚШ-та Сайфулло Саиповқа терроризмге қатысты айып тағылды

АҚШ прокурорлары Нью-Йоркте жүк көлігімен жаяу адамдарды қағып өтіп, шабуыл жасады деген күдікті, өзбекстандық мигрант Сайфулло Саиповқа терроризмге қатысты қылмыстар жасады деген айып тақты.

29 жастағы Сайфулло Саипов 1 қарашада Нью-Йорктің Манхэттен федералдық сотына мүгедектер арбасымен, қол-аяғы кісендеулі күйде жеткізілді. Сотта оған "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымына материалдық қолдау көрсетті, зорлық-зомбылық жасады және көлік құралын қиратты деген айыптар тағылды.

31 қазанда Нью-Йорктің Манхэттен ауданында жүк көлігі велосипед жолағында жүрген топ адамды қағып, таптап өткен. Шабуылдан алты адам оқиға орнында, екі адам ауруханаға әкетіп бара жатқан жолда қаза тапқан, жараланған 12 адамның тоғызы ауруханада жатыр.

Полиция Саиповқа оқ атып, жаралап қолға түсірді.

Прокурорлар Саипов шабуыл жасаған кезде "өшпенділік пен бұрмаланған идеологияны сіңіргенін" мәлімдеді. Олардың сөзінше, күдікті шабуылға бірнеше ай бойы дайындалған.

Федералдық тергеу бюросы өзбекстандық 32 жастағы Мухаммадзоир Кадировты шабуылға қатысты күдікті деп танығанын, ол туралы кез-келген ақпаратты жинастырып жатқанын мәлімдеді. 

1 қарашада АҚШ президенті Дональд Трамп шабуылға байланысты иммигранттарды тексеруді күшейтуге бұйрық берген. Трамп Конгреспен АҚШ-та тұруға рұқсат беретін Green Card виза бағдарламасын тоқтату жайын кеңесіп жатқанын мәлімдеді. Күдікті Сайфулло Саипов 2010 жылы АҚШ-қа осы карта арқылы заңды түрде барған.

Ол сонымен қатар құзырлы органдарға иммигранттарға виза беруде олар туралы көбірек мәлімет сұрату, бұрын қайда жүріп-тұрғаны, қайда барғаны туралы деректерін білуді міндеттейтін шараларды жүктеді.