09 там, 2022 сағат 16:29

АҚШ Орталық барлау басқармасының басты нысанасы Қытай болады - БАҚ


АҚШ-тың Орталық барлау басқармасы мұнан былай негізгі бағытын терроризммен күрестен гөрі Қытайға көбірек аударатын болады. Associated Press-тің хабарлауынша, бұл жайында ОББ директорының орынбасары Дэвид Коен терроризммен күрес бөлімінің жетекшілерімен жабық кездесуде айтқан, деп жазады Азаттық

Коэн сөзінше, АҚШ террористер соңына түсуін тоқтатпайды, бірақ ендігі негізгі басымдық — Пекинді тереңірек түсініп, оған қарсы тұруға тырысу болады. "Осы мақсатқа қаржы көбірек бөлініп, өзге салаларға, соның ішінде террормен күрес саласына бөлінетін ақша қысқара бастайды" дейді АР дереккөздері. Барлау бюджеті құпия болғандықтан, цифрларды нақтылау мүмкін емес.

"Орталық барлау басқармасында "тып-тыныш төңкеріс болды", Қытай жөніндегі мамандар мен бұрын террор қаупіне байланысты жұмыс істеген жүздеген қызметкерді лауазымды қызметтерге ауыстыруға кірісті. Агенттік ішінде көптеген адамдар қытай тілін үйреніп жатыр және Орталық барлау басқармасы да қытай тілін білетіндерді жұмысқа көбірек тарта бастады" деп жазады АР.

АҚШ Қытайдың өсіп келе жатқан саяси және экономикалық амбициясына көптен бері алаңдап келеді. АҚШ Пекинді "Америкадағы сайлауға ықпал етуге тырысты, кибертыңшылықпен шұғылданды, Шыңжаңдағы мұсылман азшылықты, миллиондаған ұйғырды лагерьге қамады" деп айыптайды. Мұнан өзге АҚШ таяу жылдары Пекин Тайваньды күшпен басып алады деп қауіптенеді.

Орталық барлау басқармасының өкілдері Қытай туралы неғұрлым көбірек ақпарат керек екенін, өйткені COVID-19 індетінің себебін түбегейлі анықтай алмағанын хабарлаған. Вирустың қайдан шыққаны сол күйі белгісіз болып қалды. Мұнан өзге Орталық барлау басқармасы Қытайдың қандай жаңа технология ойлап тауып жатқаны жайлы көбірек білгісі келеді. АҚШ Қытайдың квант ғылымына, жасанды интеллект пен өзге де технологияға триллиондаған инвестиция салып жатқаны - көп ұзамай экономика құрылымы мен соғыс тәсілдерін өзгертіп жіберуі мүмкін деп санайды.

Орталық барлау басқармасының негізгі басымдықтарды өзгерткенін екі партия өкілдері де, барлау қызметінің бұрынғы қызметкерлері де қолдайды.

Өкілдер паласатының мүшесі, Ауғанстан мен Иракта қызмет еткен, бұрынғы әскери рейнджер Джейсон Кроу кейінгі жылдары АҚШ терроризммен күреске тым шұқшиып кетті деп санайды.

“Одан гөрі Ресей мен Қытай әлдеқайда үлкен экзистенциальды қатер төндіріп тұр”, — дейді Кроу. Оның сөзінше, америкалық өмір образын террор топтар емес, Қытай бұзуы мүмкін”.