
1 ақпаннан бері 5 адам коронавирусқа қарсы вакцинадан бас тартты. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Ақпан айында 2030 доза вакцина салынады деп жоспарлап отырмыз. Қазіргі уақатта 719 адам вакцинасын (1-8 ақпан аралығында) алып үлгерді. Қалғаны осы айдың ішінде екпе салдырады. Соған қоса, бұл вакцинаның екінші компонентін де осы айдың соңынан бастап жасайтын боламыз», - деді Т. Мұратов Орталық коммуникациялар қызметінде.
Сонымен қатар ол вакцина алған адамдардың арасында айтарлықтай кері реакция болмағанын жеткізді.
«Вакцина салған орынның ауыруы және кешке таман адамның сәл әлсіреуін кері реакция деп айтуға болмайды. Вакцина алған адам үшін ол қалыпты жағдай. Мен өзім вакцина алдым, бірінші күннің кешінде сондай көңіл-күйде болдым. Екінші күні бұл күй өздігінен кетіп қалды», деп түсіндірді басқарма басшысы.
Т. Мұратов вакцинадан өз еркімен бас тартқан медицина қызметкерлері туралы айтты.
«Вакцина салдырудан бас тартқан азаматтар бар деп айтып отырмыз. Олардың ішінде медицина қызметкерлеріне екпе салдырып жатырмыз. Өздеріңіз көріп отырғандай, жоспар бойынша мыңнан аса адамға жасау керек еді (1-8 ақпан аралығында вакцияналауға 916 адам), соның ішінде 719-ына жасап үлгердік. Өз еркімен бас тартқандар 5 адам ғана. Олар өзінің ойымен, түсінігімен әзірше вакцина алмаймыз деп шешті. Қалған вакцина салдырмаған адамдарға тоқталсақ, оларға медициналық қарсы көрсетілімі бойынша қойылмады», - деді ол.
Бұдан бұрын хабарланғандай, елорданың Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының қоймасында КВИ-ға қарсы вакцинаның 1 531 дозасы бар.
