20 жел, 2019 сағат 11:21

Ақмолалық спортшылар стритлифтингтен Еуропа чемпионы атанды

Ақмола облысының екі спортшысы streetlifting бойынша Еуропа чемпионы атанды. Жерлестеріміз екі алтын, бір күміс және екі қола медаль иеленді, деп хабарлайды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы.

Ведомствоның мәліметінше, Мәскеу қаласында стритлифтингтен (streetlifting) Еуропа чемпионаты өтті. Байрақты жарысқа Қазақстан, Ресей, Беларусь, Украина, Чехия, Эстония, Алжир, Бельгия, Италия, Польша және Ұлыбритания елдерінен барлығы 200-ге жуық спортшы қатысып бақ сынады. Оның ішінде Қазақстан құрамасы атынан барған жеті спортшының екеуі Ақмола облысынан.

«Жарыс қорытындысы бойынша ұлттық құрама жалпы командалық есепте 30 медальмен (оның ішінде 25 алтын, 2 күміс және 3 қола медаль) бірінші орын алды. Жерлесіміз Имран Ибрагимов қос сырықта сығымдау және белтемірге тартылу бойынша жалпы 175 келі есебімен бірінші орын алды. Бұдан бөлек, ол халықаралық дәрежедегі спорт шебері нормативін орындады.

Сонымен қатар Дамир Әбдірахманов та қоссырықта сығымдау және белтемірге тартылу бойынша жалпы 150 келі есебімен бірінші орын алды. Ол да спорт шебері нормативін орындады», - дейді Ақмола облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы Махаббат Большина.

Ведомстводан атап өткендей, аймақ басшысы Ермек Маржықпаев Еуропа чемпионатының жеңімпазы Имран Ибрагимов және Дамир Абдрахмановпен кездесіп, спортшыларды құттықтады.