01 ақп, 2021 сағат 12:48

Ақмола облысының бас санитары: Вакцина кәдімгі екпе сияқты, еш қорқудың керегі жоқ

Ақмола облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айнагүл Мусина коронавируске қарсы вакцина алғаннан кейінгі өзінің жай-күйін айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Айнагүл Мусина өңірде аталмыш вакцинаны алғашқы болып алғандардың бірі. 

«Кәдімгі екпе салғандай күйде боласын. Ауыртпайды. Дәрі сіңгенін де сезбейсін», – деді бас дәрігер.

Сонымен қатар, вакцина салған соң пациентке пейдж беріп, жарты сағат бойы екпе салу кабинетінде бақылау жүргізілді.

«Барлығы жақсы. Өзімді жақсы сезініп отырмын. Организмде ешқандай өзгеріс байқалмады. Басым ауырған жоқ, дене қызуым да көтерілген жоқ. Кәдімгі екпе сияқты, еш қорқудың керегі жоқ», – деп толықтырды Мусина.

Еске салсақ, бүгін бірінші болып вакцина Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдіхалықовқа, ДСЭК басшысы, облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айнагүл Мусинаға, Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нариман Сыздықовқа, Ақмола облыстық көпбейінді аурухананың директоры, қалалық мәслихат депутаты Нұрлан Жаровқа, ДСЭК орынбасары Сәуле Сәдуақасоваға, Көкшетау қаласының ЭСЭК басшысы Қанат Ысқақовқа, Ақмола облысы әкімі аппаратының басшысы Азамат Қапышевқа және тағы 30-дан астам адамға салынды.