
Ақмола облысында коронавируске қарсы ресейлік «Спутник V» вакцинасын салу жұмыстары жүргізілуде. Ақмола облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметі бойынша, сағат 11:00 жағдай бойынша өңірде 42 адам вакцина алды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бірінші болып вакцина Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдіхалықовқа, ДСЭК басшысы, облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айнагүл Мусинаға, Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нариман Сыздықовқа, Ақмола облыстық көпбейінді аурухананың директоры, қалалық мәслихат депутаты Нұрлан Жаровқа, ДСЭК орынбасары Сәуле Сәдуақасоваға, Көкшетау қаласының ЭСЭК басшысы Қанат Ысқақовқа, Ақмола облысы әкімі аппаратының басшысы Азамат Қапышевқа және тағы 30-дан астам адамға салынды. Бірінші кезекте вакцина алғандар - бұл бөлім меңгерушілері мен аймақ бөлімдерінің басшылары.

Атап айтсақ, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев жақында коронавирустен емделіп шықты. Сол себепті, оған алты айдан кейін ғана егуге болады. Аймақ әкімінің басқа орынбасарлары да жазда коронавируспен ауырып шықты.
Жоспарға сәйкес, 2021 жылдың 1 ақпанына Ақмола облысында 120 адам вакцина алуы тиіс.
Бүгін Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтыру және тарату тәуекелі жоғары санаттарды коронавирусқа қарсы вакциналау басталды. Қазақстанда вакцина ерікті түрде салынады.

