03 нау, 2017 сағат 13:00

Ақмарал Сансызбай: "Жалғыз Сәуле Ол – сөнбейтін жанардағы..."

Марал қыз өлеңде сондай батыл екен. Сірә, өмірде солай шығар. Өлеңді өмірдің жазба нұсқасы десек, сірә да солай. Замандастарымыздың ішінде өлеңді серік еткен көп қыз-бойжеткенді бір-бірінен ажырата бермейсіз. Олар да солай, өмірлері ұқсас болғаннан соң шығар, бәлкім, кім біледі?! Ал Ақмаралдың сойы бөлек, сықпыты бөтен. Бойындағы «батыстық» мінезін өлеңде де жоғалтпапты. Демек, өзін де, өлеңін де таза ұстай білетін болса керек.

«Ырысымды ішпесін әркім келіп, Тиесілі өзіме ақымды алам!..» - дейді замандас. Мұнда бүкіл мінез тұр. Керек десеңіз, қазақ қызының өзіне тән мінезі тұр. Ақмаралдың өлеңін оқығанда оның азасына қосыла жылап немесе жылаған жүрегін жұбатқыңыз келмейді. Себебі, ол «жылауық» емес. Керісінше, онымен бірге өзіңізді де қайрап отырғандайсыз. «Мені қалай сүюдің керектігін, Бір еркекке түбінде сезіндірем!..» дегеніне іштей өзіңіз де жігеріңізді қамшылап отырасыз. Міне, Маралыңыз осылай өзін де, оқырманды да өмірді батыл сүруге шақырады.

Бәлкім, Ақмаралдың өлеңдегі басты миссиясы ол емес шығар, бірақ біздің оқырмандық ойымыз осыны түйіндеді. Замандасымыз жолынан жаңылмаса Фариза шыққан биікке шығарына көп сенемін.

Асылан Тілеген

Өзгеше болады... 

...Қадірлі өлең, сенен де қашам кейде; 
Сосын қайта іздеймін масаң күйде... 
Бəрі... Бəрі - жанашыр, 
бірақ көзден 
"Бəрін оқып тұрмын" деу - бос əңгіме! 

Сандалғандар, бітеді сарсаңдарың, 
Арбаудан да алдаудан шаршар жаның. 
Бұйра шашты сипатып бұйра бұлтқа, 
Аспан жаққа кетуді аңсаудамын... 

Жек көру де, бұл жақта - сүю де бір; 
Жану да - бір, сөну де, күю де - бір. 
Жан ұқпаған жалғыздық батар болса, 
Күйкі күнде құбылар күйің небір... 

Небір бұла арманның өлгендігін - 
Өз қолымен... қолымен көмгендігін; 
Көкті аңсаған бозторғай жүрегінің 
Естімедің шырылын жерден бірің... 

Мен - Өзім ғой? 
Өзім боп тілге келем: 
"Бірге кетем... "өзіммен" бірге келем..." 
Тəнім - жерде, ал Жаным - жерден алыс, 
Тағдырымды тағылау кімге берем?.. 

Бір өзгеше туады Шығыстан күн, 
Жылынысар сəтті күт... суысқан күн... 
Бір өзгеше тұрады қимай сүйіп - 
Жардың, достың, жанары туыстардың... 
Бірақ... 
Бəрі өзгеше болады ұғысқан күн...

***

Атам туған топырақ, 
Əкем туған топырақ, 
Бөпең туған топырақ, 
Алқам-салқам көңілім 
бара жатыр қақырап... 
(Бəлкім, мен бір ақымақ?!.) 

Бұйра, бұйра, бұйра құм, 
Бұлдырайды бұйра күн, 
Бұлдырайды бұйра мұң; 
О, осынша зəһарды 
көкірегіме құйған кім? 
(Басын бір сыйпа бұйраңның...) 

...Бөпең туған топырақ, 
Бөтен тума, топырақ... 



***

Елге есті сөз айтқан боп ақыны; 
ерге ессіз берілген боп қатыны; 
ақымақтың айға шауып ақылы; 
ауызымды аштырмай-ақ 
ақыры, 
Сен де өтіп барасың- ау, дүние!..

***

Жоғалттым екен аноу түзде нені? 
Ойлар-ай... жүрегімді жүз бөледі. 
Жиырмасыншы жазымды сағынттырар 
Сарғайып күз келеді... 

Жас жүрегім несіне "аһ!" ұрады? 
Сірә, ол күнді қия алмай отыр әлі... 
Ол күннен де, әдемі ол кезден де 
Жиырма бірінші ғасырым шақырады... 

Мына ғасыр сондықтан жақын маған, 
Сен ұлықтар, Ғасырым, ақын болам! 
Ырысымды ішпесін әркім келіп, 
Тиесілі өзіме ақымды алам!.. 

Төзім - тіреу. Айтатын сөзім біреу: 
Өзім жайлы нәрсені өзім білем! 
Мені қалай сүюдің керектігін 
Бір еркекке түбінде сезіндірем!.. 

Өзім білем: күлемін, жылаймын ба? 
Сәуле шашам жарықтан тұл айдынға. 
Жүрек соғып тұр! 
Шүкір, 
Жүрек соғып! 
"Бір берері бар, - дейді ол,- Құдайдың да!.."

***

Өзіңсіз маған жат мынау ғалам, 
Ақылыңа ғана бас ұрдым! 
Басыңды жапқан ақ қырауыңа 
Қандай сыр, әке, жасырдың? 

Белінен басып дара ғасырдың 
Жанарға жидың қанша сыр? 
Түннен де қою қара шашыңның 
Ағарттым екен қаншасын? 

Тәңірге қолың сеніп жайдың да 
Жақсыдан күдер үзбеп ең. 
Мехнатыңды көміп қойдың ба, 
Маңдайыңдағы іздерге?.. 

Дамылдап бір сәт жай таба алман, 
Деп: "әке, ырза етемін!.." 
Мен бірақ қалай қайтара алам 
Қара теріңнің өтемін? 

Селт еткізерлік жайды ұқтыратын 
Сөнбесін сәуле жанарыңдағы... 
Қараған жанды қаймықтыратын 
Қасиетің-ай қабағыңдағы!.. 

Көкжиекке еніп көктемің кетті, 
Ерітіп апты-ау күз-керуен... 
Күткенің - көп-ті. Өткенің - өтті, 
Жылуын жылдың іздеумен... 

Ақ қырау түссе алып басыңа, 
(Оны да ұқты кешірек балаң...) 
Ұяттан ада, ғаріп ғасырда 
Басыңа қонған қасиет болар... 
Қасиет болар...

***

...Сары бояу, сап-сары... 
Сəті бар ма сəніңнің ұнамаған, 
Ұнай берші... 
Ұнай бер, 
ұна маған! 
Улы-шулы тірлікте уын төккен 
Бəрі - ақылды. (Кім қалды сынамаған?) 
...Сүйегіме сіңген бұл сырқатымды 
Тумай жатып Тəңірден сұрамағам, 
Сұрамағам... Сұраған жоқпын оны - 
Өзі берді Тəңірдің... 
Мына Ғалам, 
Жазмышыма жазғаны,жазғырма, осы 
Сағынышты сағынбау - күнə маған...

Сағыныш қой...

«Өлең!» деуші ем... 
Өлең ғой... Өлең екен! 
О, Алматы, сен, мені деме «бөтен»! 
Тылсым үні кеудемнің тоқтағанша, 
Жүрегіме ып-ыстық бөлеп өтем!.. 

Өтер... Кетер... 
Сағыныш қалар мәңгі! 
Жалғыз Сәуле Ол – сөнбейтін жанардағы... 
О, Алматы! Сенде ғой Махаббатым 
Қимасыма айналған санамдағы... 

Бәрі мүмкін! 
Көңілімді суытпашы... 
(Қара өлеңі - ақынның құлыптасы...) 
Ұлықташы мендегі махаббатты, 
Ұмытпашы, тек мені ұмытпашы!.. 

Алматы-ай!.. 
Алматы... Биік Арман! 
Ақ жүрегін ақынның сүйіп алған. 
Күйіп –жанған көңілдің көркі осы 
Бар мазасын бай қала жиып алған... 

Бәрі өлшеулі! 
Біз ғана - бағынышты! 
(Көз алдымда көлбеңдеп сағым ыстық...) 
Жүрегіме Сезім боп сіңіп қалған, 
Қош, Алматы, мекені Сағыныштың!.. 

2014 жыл, 29 қараша. Алматы

 

...деп ойла

Көңілге құяды көктем нұр, 
Мейлі, сен, егестір, көктендір! 
Көзімнен ұқпадың сырымды 
(Арада өкпем жүр...) 

Аспаннан ақ нөсер төгілсе, 
Бұл ненің белгісі сеніңше? 
Сен мені жылады деп ойла- 
Көк аспан егілсе... 

Қол бұлғап алыстан ақ сағым 
Қайтейін, алаң қып жатса мың?! 
Сен мені жабықты деп ойла- 
Мұңайып батса күн... 

Жүрегің сезімге жалғанса 
Соғады ол жан бітіп қалғанша! 
Сен мені шамданды деп ойла- 
Ерке жел долданса! 

Сен салған жүректе дертім көп, 
Сыр болып, өтінем, шертіл тек! 
Бұл күнде сезімнің құлымын - 
Қолымда еркім жоқ! 

Бұл өмір болмайды жазық тым, 
Арымды қададым қазық қып! 
Көзіңе көзіммен кезеген 
Қаруым – нәзіктік! 

Тәкаппар тұлғаңа табынып 
Тұрсам да, бармаймын жалынып! 
Ақ ұштап Арманға сенемін, 
Алдамас Ақ Үміт! 

Мен шеккен азапты шекпедің, 
(Азапқа жаралған деп пе едің?!) 
Мендегі сезімді білмейсің, 
Жазығың – тек сенің! 

Сөзіме, сен, біраз тос құлақ: 
Сезімге сөнбестей жақ шырақ! 
Жеткізе алмаған сырымды 
Өлеңнен ұққаның жақсырақ... 

2012 жыл. 

***

Бізге де келер бір көктем...

Арымсың, Әке! 
Арымды бірақ кірлетпен! 
Барымсың, Әке! 
Бағалы барлық дүрмектен! 
Өзіңе берген өмірлік әппақ антым бар, 
Қалай да жетем! Мұқалып мені жүр деп пе ең?! 
Қайғырма бірақ! Қайғының түбі – қараңғы, 
Қайғырма, Әке! 
Бізге де келер бір көктем... 

Қуаншы, Әке! 
Қуаныш жайлы сөз қыл тек! 
Қуаныш деген – тірлікте жалғыз "көздір" тек. 
Құдайым – Сенсің! 
Құбылам – Сенсің, мен үшін! 
Құламас үшін құдіретіңді, Әке, сездір кеп! 
Қайыспа бірақ! Қайыссаң қалам қамалсыз, 
Қорғаным, Әке, 
Тірлікке сенсіз төзгім жоқ! 

Нұрымсың, Әке! 
Нұрыңнан маған бақ қонар. 
Жырымсың, Әке! 
Жырымда Жалын, От та бар! 
Сендегі Арман – мендегі Арман ең асқақ, 
Арманға жетпей жайым жоқ әсте тоқталар! 
Армандай бергін... Армансыз адам болмайды! 
Арманда, Әке! 
Оған да жетер шақ болар... 

2014 жыл. 

 

***

Атады таң, батады екен кеш неге? 
Кеш болғанда оралады еске не? 
Бәрін біліп, бəрін біліп тұрсам да 
Айта алмаймын ештеңе... 

Бүлк етпейді бұлдыр-бұлдыр бұл Ғалам, 
Бүлк етпейтін, селк етпейтін - 
Жын ба? Адам? 
Бəрін айтқым, бəрін айтқым келсе де, 
Айта алмай - ақ жым болам!.. 

Қап - қараға бояп алып түр-өңін 
(Күтіп жатыр... кетіп жатыр бір өмір...) 
Соңғы нүкте қойыларын білемін: 
Қарғаға да бір өлім! 

Адам... Адам!.. Неге адамды тілдейді? 
(Бойымда көп ойдан да ауыр, зілдей мін...) 
Шешіле ме сұрақтардың жауабы? 
Кешіре ме? Білмеймін... 

***

Өлсем - өлем, өмір гүлім семген күн 
(Өмірге де, өлімге де сенгемін!) 
Менің Асқақ Сезімімді ұғуға - 
Ақылдарың жете қоймас сендердің! 
...Шартарапты жалғыз кезіп кетсем де 
Шаруасы болмау керек менде елдің!..

 

***

Дүрсіліне жүректің 
Күрсіне ме Жүректім? 

Сыр ашпайды сұр өмір, 
Сыр ашпайды жүрегім. 

Өртенсем де - Өзіммін! 
Өртесең де - Өзіммін! 

Сертім, өртім, дертім бе ең, 
Қара түнге шертілген? 

Ыршып түскен көзімнен 
Ып-ыссы бір Сезім бе ең? 

Не... немесе бал ашам: 
(Тағдырымсың... та-ма-ша!) 

Тамырымның бүлкілін 
"Тағдыр" деуім - күлкілі... 

Бұл - баянсыз баллада! 
(Баяндысы болмады, ә?) 

...Неге бұлай мұздады іш? 
О, қып-қызыл, қып-қызыл, 
Қызғаныш-ай, қызғаныш!.. 

Сағыныштан қорқамын

Кеудемдегі қорқамын жарылыстан, 
Бұл жүректі қайтем, ә, алып ұшқан?! 
Түсіме де кірмейсің... 
Түсініксіз 
Сағыныштан қорқамын, сағыныштан... 

Пайдаң да жоқ! 
Жоқ сенің зияның да. 
Сенсіз-ақ та Жерге мен сыямын да! 
Құшағыңа құлатқан ынтық жанды 
Қиялымнан қорқамын, қиялымнан... 

...Жарқабақтай жігері үгітілген 
Ғашық жанның айналар күні түнге. 
Үзілердей болса да үзілмейтін 
Үмітімнен қорқамын, үмітімнен... 

Сірә, бізді жазбаған кезігуге?! 
Жар етеді Жаратқан сені кімге? 
(Сені кімге қияйын, 
Сүйіктім-ау, 
Мені кімге қиясың, мені кімге??) 

...Кеудемдегі қорқамын жарылыстан, 
Жаным, алып кет мені жабығыстан! 
...Жүрегімнен қорқамын алып-ұшқан, 
Сағыныштан қорқамын, сағыныштан...

2014

Ұлт порталы