26 ақп, 2019 сағат 06:19

Әкімдер корпусын қандай өзгерістер күтіп тұр?

Кеше біраз ауыс-түйіс болып, Үкіметтің жаңа құрамы бекітілді. Мемлекет басшысы Премьер-министр лауазымына Асқар Маминді ұсынып, жаңа міндеттер жүктеді. «Қазір күрделі кезең. Алдымызда маңызды міндеттер тұр. Алға жылдам ұмтылуымыз керек» деп қадап айтты. Сөйтіп, Үкіметтің жаңа командасы жасақталды. Қаншалықты сәтті таңдау болғаны уақыт еншісінде.

Елбасы елдегі соңғы жағдайларға байланысты мемлекеттік аппаратты жаңартуға кірісті. Министрлер кабинетінен басталған өзгеріс әкімдер корпусына да өз әсерін бермек. Ұлт порталы алдағы өзгерістердің алдын алып, аз-кем болжам жасауды жөн көрді.

Түрлі болжамдарға сенсек, өзгерістің басы Президент Әкімшілігінен басталмақ. Әсет Исекешевтің ҚР Президенті әкімшілігінің басшысы болып тағайындалғанына көп уақыт өтпесе де, жаңа жетекшінің келуіне қатысты әңгіме әлі басылмай тұр. Бұл лауазымға Алматы қаласы әкімі Бауыржан Байбек тағайындалуы мүмкін екен. Үкіметбасылықтан үмітті тұлғалардың бірі саналған Бауыржан Қыдырғалиұлы елдегі ең маңызды орындардың біріне жайғасып, жаңа жауапкершілікті арқаға артпақ.

Егер Алматы әкімі ауысатын болса, бұл орынға Әсет Исекешевтың өзі не экс-премьер Бақытжан Сағынтаев отыруы мүмкін.

Бақытжан Әбдірұлының басқа да аймақтардың біріне барып, әкімдік қызметті қолға алуын болжайтындар баршылық. Дегенмен қазіргі жорамал бұрынғы Үкімет басшысы Алматы шаһарына қоныс аударады деген ойға негіз сүйейді.


Кеше ҚР Мемлекеттiк хатшысы қызметін атқарып келген Гүлшара Әбдіхалықова вице-премьерлікке ойысып, жаңа жұмысқа кірісті. Дәл қазір бұл орын бос тұр. Кейбір саясаткерлер бұл қызметке Қызылорда облысы әкімі Қырымбек Көшербаев, Маңғыстау облысы әкімі Ералы Тоғжанов және экс-министр Дархан Кәлетаев үштігінің бірі келеді деп болжап отыр. Десек те, бұл лауазымға қатысты күтпеген шешім қабылдануы әсте мүмкін.

Дереккөздері көрсеткендей, кеше ғана ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі болған Өмірзақ Шөкеев Түркістан облысының тізгінін ұстамақ. Елбасы Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін әрі қарай жүйелі жүргізу үшін көрген-түйгені, білім-білігі мол жаңа басшының келуіне мүдделі. 

Ал, облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Астанаға ат басын тіреп, жаңа тағайындаулардың біріне иек артады. Мәселен, су жаңа министр Күләш Шәмшидинованың орнына «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқармасына басшы болу мүмкіндігі жоғары. Одан бөлек, депутаттық мандатқа да алмасу ықтималдығы жоқ емес. Тіпті Түймебаевты Мемлекеттiк хатшы болуға лайық көретіндер де жетерлік.

Кешегі ауыс-түйіс Ақтөбе облысы әкімі Бердібек Сапарбаевты Астанаға алдырды. Әлеуметтік саладағы түйіткілді мәселелер қордалана түскеннен кейін, тәжірибесі мол, саяси салмағы басым Сапарбаевқа сенім артылды. Бердібек Машбекұлына бұл сала таңсық емес. 2007 жылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрілігінің тізгінін ұстап, екі жылдай жемісті еңбек етті. Сол себепті, әлеумет алдындағы жауапкершілікті абыроймен көтеріп, күрделенген мәселелердің күрмеуі шешілеріне сенім мол. Бердібек Сапарбаевтың министр ретіндегі алғашқы сапары Жаңаөзеннен басталса деп, халыққа бастар жолды нұсқап жатқандардың саны аз емес. Бұл тілекке ие көпшілік кеше ғана көшеге шыққан жұмыссыз халықтың мәселесі оңынан шешілсе дейді...

Сапарбаев министр болғаннан кейін, оның орнын кім басады деген сұрақтың маңызы артты. Болжам жасаушылар өз нұсқасын ұсынып, ойын ортаға салып жатыр.

Бұл орынға ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Оразалин Оңдасын Сейілұлы немесе БҚО әкімі Алтай Көлгінов келуі мүмкін көрінеді.

Сондай-ақ, Қоғамдық даму министрі болған Дархан Кәлетаев Шығыс Қазақстан облысына барады деп күтілуде. Ал, зейнет жасындағы Даниал Ахметовтың сенаторлар қатарын толтыруы мүмкін екендігін бұған дейін де жазған болатынбыз.

Өзге  өңірлерден тағы бірнеше облыс басшысы жылы орнын суытуы мүмкін. Атап айтсақ, Алматы, Қостанай, Атырау облыстары жаңа басшының тағайындалуына тас-түйін дайын отыр.

Әрине, мұның бәрі болжам ғана. Нақты саяси өзгерістердің шешімі Ақорданың құзырында.

Ұлт порталы