29 мам, 2025 сағат 12:41

Ақиқаттың ізімен. Ана мен кітап

Фото: Pexels.com

Анасы бұл кітапты үнсіз ғана қолына ұстатты. Әдеттегі салмақты үнімен:
Бос уақытыңда оқып шық, — деді.

Шалқар сол кезде он үште еді. Ол анасының әрбір сөзіне ерекше мән бере бермейтін. Бірақ бұл жолы… анасының көзі өзгеше болды. Шалқар оны байқамағандай болғанымен, жүрек түкпіріне әлдене ілініп қалды.

Кешкі ас тыныш өтті. Сырттан қарағанда қарапайым отбасы еді: ата-анасы мұғалім, өзі мектеп оқушысы. Алайда үйдің ішіндегі үнсіздік кейде сөзден де көп сыр айтып тұратын. Шалқар өз бөлмесіне кіріп, үстел үстіндегі кітапты қолына алды. “Сарғабанда болған оқиға”. Қарапайым атау. Бірақ алғашқы беттен бастап ол бұл оқиғаның басқа екенін түсінді.

Оқиғаның ішінде — күрес бар еді. Адам мен адам, ар мен амал, әділдік пен сатқындық арасындағы күрес. Әр кейіпкер Шалқарға таныс сияқты болды. Ауылдағы көршілердің, мектептегі мұғалімнің, көшедегі біреудің жүзі елестеді. Ол алғаш рет кітаптағы оқиға мен өзінің өмірі арасында ұқсастық бар екенін сезді.

Кітапты түн ортасына дейін оқыды. Соңғы бетті жапқанда бөлме қараңғылыққа батқан. Бірақ оның ішкі әлемі жарқырап тұрғандай еді. Ешкіммен кеңеспеді. Тек ертеңінде айна алдында ұзақ тұрды. Біртүрлі шешім қабылдағандай, маңдайын сипап:

— Мен полиция қызметкері боламын, — деді. Ешкімге емес. Өз-өзіне.

Ұйқысыз түндер

Жылдар өтті. Мектеп, академия, алғашқы учаскелік тәжірибе, ауылдың шаң басқан жолдары, қаланың шуылдаған көшелері — бәрі артта қалды. Бәрі де бір кітаптан басталған еді.

Полиция формасын алғаш киген күні ол айналасына қарады. Бәрі де сыртқы пішінді көріп таңданды. Ал оның ішінде — сол баяғы от жанатын. Ол форманы тек киім емес, ант ретінде қабылдады.

Шалқар үшін әр іс — сын еді. Кез келген арыз — үлкен дабыл. Ол әділдік іздеген адамға бетпе-бет қарағанда, өз бейнесін көруші еді. Себебі ол да бір күні әділдікті кітаптан іздеген.

Ұйқысыз түндер көбейді. Бір оқиға — бір адамның тағдыры екенін ол ерте түсінді. Әр таңда өзінен сұрайтын:

— Мен бүгін шындыққа жақын болдым ба?..

Шен мен Шындық

Полковник атағы берілген күні елдің алдына шықты. Қол соғу, құттықтау, жылы сөздер. Бірақ оның есінде бір ғана сәт қалды: анасының бейнесі. Бірақ әр жетістігінде оның үнін еститін: “Адал бол, балам…”

Сол күні кешке кең кабинетте жалғыз қалды. Жастық шағындағы кітап сөреде тұр. Баяғы әңгіме. Шаршаған саусақтарымен мұқабасын сипады. Кітап тозған. Бірақ ол — өзегіндегі шындықты жоғалтпаған.

Терезеге қарап отырып, Шалқар еске алды: екі ұлы інісі де құқық қорғау қызметінде. Күндердің күнінде олар да сол кітап жайлы сұраған. Мүмкін, өзі әңгімелеп берген болар. Мүмкін, өздері тауып оқыған болар.

Ол қайтадан кітапты ашады. 

Бір ғана сөйлемге көз тоқтатады,

“Ақиқат кейде кеш келеді, бірақ ол ешқашан адаспайды.”

Заңның көлеңкесі

Адам ішкі ар тазалығын жоғалтқан сәтте — ол заңмен емес, өзімен күресуді тоқтатады. Шалқар бұл шындықты ерте түсінді. Ол заңның қызметінде жүріп, заңның әділет пен әділетсіздік арасында дірілдеп тұрғанын көп көрді. Кейде хаттамалар әділетке қарсы жазылады. Кейде шындық — дәлелсіз қалады.

Бір оқиға оның санасын ойран етті.

Кішкентай ауылда бір жас жігіт ұрлық жасады деген айыппен ұсталды. Куәгерлер бар, дәлелдер бар. Қылмыс — айқын. Бірақ Шалқар жігіттің көзіне қарағанда, ондағы үрей мен жазықсыз жанның жан айқайын көрді. Сол сәтте ішкі бір дауысы: “Сен заң алдында емес, ар алдында тұрғаныңды ұмытпа”, — деді.

Істі тергей келе, ұрлықты басқа адамның жасырып істегені анықталды. Ал жас жігіт — жай ғана күнәһардың көлеңкесі болған.

Бұл оқиғадан кейін Шалқар ұзақ уақыт өзін кешіре алмады. “Неге мен бірінші сәтте сенбедім?” — деген сұрақ ішін жеп жатты. Ол түсінді: заң — қағазда, ал әділет — адамда.

Қоғамның жарасы

Бір күні ол анасын көргендей болды. Түсінде. Анасы үнсіз ғана қарап тұрды. Қолында сол баяғы кітап. Бірақ бұл жолы беті ашық еді. Анасы ештеңе айтпады, бірақ оның қарасы — барлық сөздерден ауыр болды.

Оянып кеткенде, Шалқар көпке дейін көзін аша алмады. Бір нәрсе өзегінен үзіліп түскендей. Сол күннен бастап ол бұрынғыдан да зейінді, бұрынғыдан да қырағы болды. Себебі қоғамның жарасы — заңмен ғана таңылмайды, жүрекпен ғана жазылады.

Қалада болған бір оқиға есінен кетпеді. Бір әйел, жалғызбасты ана, ұлы үшін дүкеннен сүт ұрлап шыққан. Қарапайым жағдай. Бірақ дүкенші полиция шақырды. Шалқар оқиға орнына өзі барды.

Әйелдің көз жасы шын еді. Ұлы ауырған. Таныстары теріс бұрылған. Сүт — жалғыз амал. Шалқар оны ұстау керек екенін түсінді. Бірақ адам ретінде — кешіру керек екенін де сезінді.

Сол күні ол хаттама толтырмады. Әйелге сүтті өзі алып беріп, үнсіз кетті. Кейін сол әйел келіп:

— Ұлым аман қалды. Сіздің сол сәттегі тыныштығыңыз — мен үшін әділет болды, — деді.

Тарих

Қыс. 2017 жыл. Шығыс өңірінің теріскейіндегі Зырян таулары мұнартып тұр. Түн тыныштығының астында бұлақтар сыңғыр қағып, орман ішінен аңқыған қарағай иісі аспанмен сырласып жатқан шақ. Тыныштық… бірақ сырттай ғана. Бұл тыныштықтың астында талай жылдарға жалғасқан тарихи үнсіздік, ұмыт қалған атамекен, өгейсінген атаулардың сыздаған жарасы бар еді.

Осы бір алмағайып мезетте Зырянға, аймақтың ең азулы аудандарының біріне, полиция полковнигі Шалқар тағайындалды. Бұл жай ғана қызмет ауыстыру емес еді. Бұл — тағдырдың, тарихтың өз үнін табуға ұмтылған сәті болатын. Оның келуі — сірескен бір қалыпты бұзып, орман арасындағы қалың тұманды жарып өтетін жарық сәуле секілді әсер етті.

Жолдастары оны шын жүректен құттықтап келген кеште, қарапайым дастархан басында, әңгіменің әуені ұлттық намысқа, ұмытылған атауға тіреліп еді. Сырт көзге сабырлы, тіпті салқын көрінетін Шалқар сол кезде өзгеше кейіпке енді. Оның жүзіндегі көлеңке — тек полковниктің емес, бүкіл ұлттың зары, үнсіз күйініші еді.

— Бұл жер… — деді ол, ауыр тыныстап. — Бұл жер ата-бабаларымыздың табанынан тер тамып, қан тамған топырақ. Ал біз болсақ, оны бір бөтен ертегінің желісіндей жат атаулармен атап жүрміз. Мұндайға жүрек көне ме?

Сол сәтте төрде отырған әкім Нұржан ағаға көзін тіктеп:

— Аудан атауын өзгертуге заң аясында тырысармыз, сіз не дейсіз? — деді.

Әкімнің көзі терең, дауысында баяу сенім болды:

— Мәскеу бір күнде тұрғызылған жоқ… бірақ егер бастасақ, сәті туғанда шегіне де жетеміз, — деді.

Осы сәттен кейін жылдар сырғып өтті. Әңгіме үгітке, үгіт әрекетке, ал әрекет нақты тартысқа ұласты. Қайта-қайта қағаздан кері қайтқан шешімдер, қоғам ішіндегі үнсіз ыза, арғы жағында сырт күштерге қарап жәутеңдеген әлсіздік пен соған қарамастан тектілікпен төтеп берген ерлердің сабыры бар еді.

Ақырында, бір күні телефон безілдеді. Трубканың ар жағында баяғы Шалқар:

— Ал, жігіттер! Мені құттықтаңдар! Енді мен — Шығыс Қазақстан облысы, АЛТАЙ ауданының тұңғыш полиция бастығымын! — деді.

Ол күлді. Бірақ бұл күлкіде мақтаныш та, өткеннің ауыр жүгі де, болашаққа деген сенім де бар еді.

Бұл оқиға — енді тарих. Ал тарих — уақыттың үнсіз куәсі. Оны көркейтіп не көмескі қылу — бізге байланысты.

Ұлдар

Шалқар кейде үнсіз отырып, өз үйінің тыныштығынан да ауыр салмақ сезінетін. Қаланың сыртындағы шағын үйде өмір сүретін.

Ұлдарына ол ешқашан “менің жолымды жалғастыр” демеген. Бірақ олар жүрді. Бірі — тергеуші. Кісі өлімімен айналысады. Екіншісі — прокурор. Жауапкершіліктің биігінде. Бірақ ол әкелерінің басынан кешкен ішкі күйзелісті олар білмейді. Әлі. Олар заңды оқыды, бірақ өмірді толық оқып үлгермеген.

Бір кеште үлкен ұлы келді. Үндемей отырып:

— Әке, мен кеше бір істі жаптым. Барлық дәлел бар еді. Бірақ ішімнен бір нәрсе “тоқта” деді. Білмеймін, заңнан асып кеттім бе, әлде адам болдым ба… — деді.

Шалқар оған ұзақ қарады. Көзінде — ауыр мақтаныш.

— Егер сен соны ойлана алсаң, демек әділдікке жеттің, — деді.

Сол сәтте Шалқар бұрынғыдан да терең тыныстады. Ол ұлдарында өз жүрегінің жалғасын көрді.

Жанның соты

Кешкісін Шалқар тағы да жалғыз отыр. Кабинетінде. Шен — иығында. Құрмет — есігінің алдында. Бірақ жанында — тыныштық жоқ.

Ол терезеге қарап отырып ойға шомды: бұл өмірде қанша рет шындықты сезіп, бірақ заңды аттап кетті? Қанша рет заңмен жүріп, бірақ әділеттен алшақтады?..

Кітап сөреде тұр. Баяғы күйінде. Бірақ оның өміріндегі орны — тағдырдың темірқазығындай мызғымайды.

Егер әрбір балаға әділдік туралы бір ғана кітап берілсе, егер әрбір жас жүректе шындыққа деген шөліркеу болса — қоғам өзгереді. Ал ол өз жолын тапты. Енді ол өзгелерге жол сілтеуші болуы керек.

Сол сәтте ол ішінен:

“Ақиқат — шындық емес, ол — күрес. Жанның күресі”, — деп сыбырлады.


Әңгімелеген Айрат Базенов