28 сәу, 2022 сағат 15:33

Ақберен Елгезек. Менің Есағам


Есағам жарық дүниеден нұрлы әлемге көшкелі ол туралы бір ауыз сөз жазбаппын. Жұрт әлеуметтік желілерде, баспасөз бетінде жамырап жоқтап жатқанда да тырс еткен дыбыс шығара алмадым. Ақын аға-апаларым, қатарластарым мен іні-қарындастарым да Есағаңның ғазиз рухына өлең арнап, естелік жазып, аспан астын күңіренткенде мен, керісінше, өз ішіме кіріп кеткендей күйге түстім. Есағаң кеткен күн маған мына фәни жалғанның шын мәнінде өткінші екенін бұрынғыдан да айқын ұғындырып бергендей болды.

Бұл – рас сөз. Мен шынында да маңайыма қарап, үздіксіз ағылып жатқан көліктердің, оның ішінде отырған адамдардың, сөзін маған арнап сөйлеген кісінің бос әңгімесін, баянсыз саясаттың, бітпейтін дау-шарлардың, қыртқан ұрандар мен үндеулердің, маңызды боп көрінетін қайбір оқиғалардың – бәрінің-бәрінің күндердің күнінде аяқталатынын, осы бір сызықтың бойындағы жүлгемен жүріп өткен пенделердің ертең басқа бір мөлдір субстанцияға айналып, калейдоскоп сияқты туннельмен мәңгілік бітпейтін лабиринттерге түсіп ап, ұлы сапарға аттанатынын жан-жүйкеммен ұғындым. Бұрын оны мен қисынға салып, мимен ғана түсініп білсем, енді бүкіл рухани болмысым соған кәдімгідей иланды. Тіпті дерсіз, өлімнің ақиқат екеніне көзім жетіп, күндердің күнінде мен де ажалмен бетпе-бет келетініме көнгендей болдым... Есағаңның өлімі маған осындай терең әрі өмірбақи ұмытылмайтын сабақ беріп кетті. Поэзиядағы ұстаздарымның бірі – Есағам осылай да тәлім-тәрбие береді-ау дегенді үш ұйықтасам түсімде көруші ме едім...   

Жалпы екі жыл ішінде, аты өшкір коронавирустық пандемия кезінде мен өзімнің ең жақын адамдарымнан айырылдым. Ес жиғызбай, бірінен соң біріне жалғасқан қазалардан титықтағаным соншалық, марқұм туыстарымның қазасына қайғырып та үлгірмеген сияқтымын. Көз жасымыз сарқылғанша жылауын жыладық қой, бірақ солардың өлімін толық ұғынып, түйсіне қоймаған секілдіміз. Алайда осы көп өлімнің ішінде маған өте қатты ауыр тигені – анам Тұрлығайшаның, інім Ербол мен Есенғали ағамның қазасы болды. Кеше ғана бұла күші бойына сыймай, арландай айбаттанып тұрған жап-жас Ерболдың; шығармашылық қуаты тасқындап, рухани кемеліне келіп, даналыққа бет алған Есенғали кенеттен кетіп қалады дегенге кім сенер еді?! Біреу кеп Есенғали ертең жаратқан Алласына қайтады десе, басқа емес, дәл мен басымды шалқақтата күлер ме едім, кім білсін... Есен-сау жүріп, өзімен-өзі қалғанда ұрлана өлеңдерін жазып қойып, бізді көре қалса: «Әй, жүгәрмектер әлі күнге дейін өлең жазып жүрсіңдер ме?!» деп еркелете тиісіңкіреп қоятын сол Есағам бізді тастап кетеді дегенге ешқайсымыз да сенбейтін едік. Білмеймін, осы тақылеттес сезім-түйсіктерден бе, әйтеуір Есағаң туралы өткен шақта жазуға қолым да жүрмей, жүрегім де дауаламады. Шынымды айтайын, қазір де Есағам еш бітпейтін шетелдік бір сапарларында жүрген сияқты... Күндердің күнінде телефоным безектеп, экранынан «Есенғали Раушанов» деген жазу шығатындай. Содан кейін сәлем-сауқаты жоқ Есағамның: «Әй, бала! «Казправданың» бүгінгі нөмірінде һәм айқара бетінде жарық көрген менің «Әке-шешесін бәлен қылайын, иттің ғана баласы!» атты мақаламды оқыдың ба, жоқ па, соны айтшы, осы тұрғанда?» – деп саңқылдаған дауысы естілер еді. Мен еш ойланбастан: «Оқыдым, Есаға! Сұмдық мақала екен!» – деп жауап берер едім. Жарықтық, соған балаша мәз болып, қарқылдап күлетін. Сосын: «Тәк-тәк, анау Ұлықбек ағаң қалай, не бітіріп жүрсіңдер?» – деп әңгімесін әзілмен жалғастыра беретін.


Әңгіме демекші, екеумізге ортақ бітпей жатқан қай бір шаруа бар дейсіз, Есағаңа қызық керек, маған да қызық керек, әрине. Есағаң кенет салмақты бола қалып менен біреу туралы, я бір шаруа туралы сұрай салады. Менің де оңып тұрғаным шамалы, Есағамның қайда бастап бара жатқанын дереу сезе қоямын-дағы, қыртыңқырап жауап берем. Ол одан әрі еліреді. «Ой, Алла-ай! Сонда қалай болғаны, бұл кәдімгідей андай не екен ә, сонда қалай, әнебіреу жерін қайталап айтшы, қалай-қалай дедің? Әйййіііі?!» – деп қызыға түсетін. Баланың тілі шығып келе жатқанда үлкен кісілер қызықтап сөйлете береді ғой, тап солай, айтқан сөзімді қызықтап, ұнап қалған жерлерін қайталата беруші еді, марқұм. 

Есағаң қайтқан күн есімнен еш кетпейтіндей жадыма қашалғанын айттым. Енді Есағаң барзақ дүниесіне қайтқан күн туралы бір ауыз сөз. Ұйқыны жақсы көретін адаммын, дәл сол күні ерте тұрып алғаным да кездейсоқ емес. Оянғаным сол еді, Ұлықбек Есдәулет ағамнан қоңырау түсті: «Есенғалидан айырылып қалдық, Ақош», – деді. Түсінсем бұйырмасын! «Есенғалидан айырылғаны несі?! Ұлаға, не айтып тұрсыз?!» – деп өз құлағыма өзім сенбей, өңім бе, түсім бе деп аңырдым да қалдым. «Кеше реанимацияға алып кетіпті, содан шыға алмапты», – деп сөзінің аяғында еңкілдеп кетті Ұлағам. «Төбеден жай түсті» деген сөз осы болуы керек, сірә. Жүрегім атқақтай соғып, өзімді қоярға жер таппай кеттім. «Елге хабарла, біз қазір Мереке ағаң екеуміз Есағаңның үйіне бара жатырмыз», – деді де, Ұлағам тұтқаны қоя салды. Елге хабарлағаным құрысын, Есенғалидың алдында Аманхан ағам кетті, артынша ұлы Қабдеш Жұмәділ ақсақал өмірден озды, сол суық хабарларды халыққа естіртуді маған жазғанын айтсайшы Құдайдың! Жазушылар одағында жұмыс істеп жүрген соң, қайда барып құтылам – міндетім. Фейсбуктағы парақшамды ашып, не жазарымды білмей отырдым да, дел-сал күйде «Қазақтың аса көрнекті ақыны, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Есенғали Раушановтан айырылып қалдық...» деген қаралы хабардың сөйлемдерін құрайтын әріптерді әрең теріп, қосымшаны жауып тастадым. Бұл – енді тарих. Неменеге тәптіштеп отыр деп сөкпеңіз бізді. Немістер я орыстар өздерінің ұлы ақындарының әр күнін мұқият зерттеп, хатқа түсіріп отырады ғой. Қазақ үшін де Есенғалидай ұлы шайырдың өмірі де, өлімі де дәл солай маңызды болуға тиіс. 


***

Бір күні Есағам хабарласты. «Әй, сенің дауысың тарғылданып тұр ғой?! Кел маған!» – дегені. Қашқақтап көріп ем, тақымдап қоймады. Абай көшесіндегі Баспалар үйіндегі офисіне бардым. Қасымда Бекзат Смадияр деген ақын інім бар, есігін қақтық. «Әй, нәғып жүрсіңдер?!» – деді түк болмағандай. «Сол жүрген, қыртып», – дедім. «Онда қыртпай бері келіңдер», – деді. Амандастық. «Әй, бала сенің алақаның терлеп тұр ғой! Жүрегің әлсіз соғып тұр. Демек, бұны өте шұғыл емдемесек болмайды», – деді Есағам. «Жоқ-жоқ, бәрі жақсы, жаңа лифт істемей, жаяу көтеріліп ек, содан болар», – деп шегіншектеп көріп ем, «әй, давай, кончай, бәріміздің басымыздан өткен  бұл, болды, алдыға түс!» деп, асай-мүсейін жинастырып, қозғала бастады. Дәл сол кезде: «Есенғали Абдижаппарович, вы куда, это срочно!» – деп шырылдай кірген орыс бухгалтеріне: «Потом, потом, не видишь ко мне великие поэты пришли!» – деп кабинетінен бізді ертіп, шығып кетті. Шаруаның аты шаруа ғой, әрі есепші әйелдің өрт сөндіргендей түрі әлгі шаруаның өте шұғыл екенін анық көрсетіп еді. Есағаң қарамады. Өлейін деп тұрған біз жоқ, бірақ шаруаны емес, Есағамның біздей інілерін ойлап, сыйлағаны мені қайран қалдырды.  

Сыртқа шыққан соң менен: «Мен осы Алматының барлық ресторанында сайран салған ағаңмын ғой, солардың біріне қуана апарар едім, өздерің қай жерді көбірек жақсы көресіңдер, сол жерге барайық?!» – деп сұрады. Қазір ойлаймын-ау, «осы інілерім жақсы жерге барып жүр ме, әлде қайдағы жоқ, ит ертіп барсаң қашатын аңғал-саңғал бір жерлерде отыра ма?» деп ішінен бізді сынаған екен ғой, жарықтық. Абырой болғанда біздің де баратын жеріміз осал болмай шықты. Оған қуанғаны тағы рас шығар, өйткені барған жерімізді ұнатып, жайланып отырды. «Жақсы жер екен, жиі келесіңдер ме?» – деді. «Иә» дедік. «Тағы кімді шақырасың, Ақберен, шақыр! «Атасына нәлет» деген орыстың бір ұлы сөзі бар ғой, солар айтпақшы, атасына нағылет бүгін бір жырғайық», – деді. «Дәурен Қуатты шақырайық» дедім. «О, соны шақыршы-ей, сол жігіттің әңгімесі қызық», – деп қуана келісті. Дәукең бипазданып жеткенше, біраз әңгіменің тиегі ағытылды. Көбінесе айтқаны – ағалары. Тұманбай, Жұмекен, Қадыр, Қуандық Шаңғытбаев, Жұматай...тағысын тағылар. Әрқайсысына – мінездеме. Әрқайсысының поэзиядағы ерекшеліктері, жүріс-тұрысы, қылықтары. Соның бәрін сондай бір махаббатпен, мейіріммен айтып отырды. «Сол ағаларымды қатты сағынам», – деді бір кезде. Жанарына қоп-қоңыр мұң толып кеткені есімде әлі. Содан кейін басын сәл төмен түсіріп отырып: «Сол ағаларымның көбі ерте кетті ғой, осы ішімдік атаулыға жоламаңдаршы, балдар», – деп түйіндеді. Ішіп отырғанымыз өңешімізден өтпей қалды. Мен Есағамның сол сөзін санама мықтап түйіп алдым да, әлгі отырыстан кейін көп ұзамай, сол құрып қалғыр заһармен ат-құйрығын кесісіп кеттім. 

Сосын маған қарап айтты: «Сенің етің тірі ғой, ақша жина да, шетелге оқуға кетсейші, неғып жүрсің мұнда?!» – деді. «Ой, Есаға, шетелге кетсем, бір аптадан соң, елге қарап ұли бастаймын ғой», – деп көріп ем, кейи қарап: «Онда боқ сасып қаласың, біз сенен көп үміт күтіп жүрміз ғой, біз шықпаған биікке сен самғауың керек», – деп шын көңілдегісін айтты. Сасып қалдым кәдімгідей. «Сіздерге жету қайда-а?» деп, інілер айтуға міндетті сөзге бұрып көріп ем: «Сен, давай, кончай! Оқы, өс, әдебиет сендердің қолдарында болады енді», – деп шорт кесті. Есенғалидан мұндай сөз естимін деп ойламаппын. Себебі, менде жас күнімнен «ағаларды жағалау» деген әдет болмайтын. Кім жылы тартса, соған барам, шақырмаса, мазасын алып жүгірмеймін. Бұл – өзіме деген сұмдық сенімнен емес еді. Бұл – ағалардың қатал сынына ұшырап қалам ба, көңілін қалдырып қоям ба деген өзім ғана, енді сіздер де білетін ішкі қорқынышымнан қалыптасқан әдет еді. Бәлкім, бұл балаң қорқынышым өз уақытында белгілі бір дәрежеде көмектескен де болар маған. Сол сияқты Есенғалиға да көп уақыт жуымай, көрген жерімде амандасып, тайып кетуге бейіл тұратынмын. Кейін Жазушылар одағына келген соң, бір-бірімізді бағзы замандардан білетін адамдарша емен-жарқын араласып кеттік. Аз-маз сырласқан сәттеріміз де бар. Оны төменде айтамын. Кейде бір жаңа дүние жазып бола бере, шабыттанып отырып, Есағамның ватсабына өлең жіберетінді шығардым. Ол кісіден «Шикарно!» деген жауап-жазу келетін. Есенғалидан әлгіндей баға алған сәттер енді қайталанбайтын бақыт мен үшін! Мақтанып отырмын һәм мақтануға толық хақым бар. Өйткені, бұл менің Есағамның, жеке меншік Есағамның жаман інісін қолдағаны, сағы сынбасын, жаза түссін деп дем бергені деп білемін.         

Сөйтіп отырған сәтімізде мейрамға сайланғандай сықиып киінген Дәурен Қуат та келіп жетті. Әңгіме басынан басталып, ойға түсіп, қырға шығып, аспандай ұшып, бір ғажап сәтті бастан кешірдік. Даладағы алаңқайда отырғанбыз, кенет жел көтеріліп, аспанда шатыр-шұтыр найзағай ойнап, жаңбыр құйып берді. Артынша Күн нұрымен шағылысып күміс бауыр бұршақ жүгіріп өтті. Бұл аға мен інілердің мәслихатына разы болған Тәңірдің шашқан нұр шашуы еді.


***

Есағаммен бірнеше рет сапарлас болдым. Қазақстанда, шетелдерде. Қытайдың жазушылар одағының шақыртуымен Ұлықбек, Төлен, Есенғали ағаларға еріп, аталған елге мен де бардым. Сол сапарда Төлен ағамыз өз замандастары туралы майын тамызып талай әңгіме айтып еді. Қалған екі ағамның сол кезде тура өзіміздей Төлен ағасынан «анау қандай еді, мынау қандай еді» деп жарыса сұрап отырғандары маған қызық көрінген.

Әлі есімде, Бейжің әуежайынан түсіп тұрғанымызда көкжиектен қып-қызыл шартабақтай боп күн көтеріліп келе жатқан. Есағаң соған ойлана қарап: «Мына күн неткен алып еді, неткен жарық еді?» – деп тамсанған. 

Қытайдың Шиян қаласындамыз, ертесінде Үрімжі арқылы елге қайтатын болдық. Күнтізбеде – 8 наурыз. Есағам маған қулана қарап: «Сен екеуміз дүкен аралап, үйдегі кісілерге бірдеңе алайық. Ертең сен біздің қарындастан таяқ жеп қалып жүрме!» – деп қойды. Ұлағам мен Төлен аға басқа жаққа баратын боп, аудармашы солармен кеткен. Екеуміз қытайша бір ауыз сөз білмейміз. Мен Есағаңның ағылшыншасына сеніп келе жатырмын. Бір зәулім сауда үйіне кірдік. Есағаң бір алқаға қызығып, қытай келіншегінен «How much is it?» деп сұрап еді, әлгі бар болғыр ағылшынша білмейтін боп шықты. Тағы сұрады, басын шайқады саудагер қытай. Амал жоқ, екінші бутикке бардық. Тағы солай. Үшінші, төртінші, бесінші дүкенге барып сұрасақ та, бірде-бір қытай саудагері ағылшынша білмейді. Содан кейін Есағам ашуланған кейіпке кіріп бір саудагерге: «Ей, хуа шиң па иң суа а?! Хиуан шуши саңғи ма фу а» дегені! Аузымды аштым да қалдым! Әлгі қытай саудагері де бірдеңе деп жауап берді. Есағаң сонда: «Ой, сенде бір мақау екенсің ғой! Әй, бері қара! И фу заң пия, ши суң таң хуа деймін саған», – деді! Мен аң-таңмын! Бұл кісі қытайша да біледі екен ғой деп айран-асырмын. Әлгі қытай саудагері иығын қиқаңдатып, ештеңе айта алмай тұр. Сосын Есағаң маған бұрылып: «Мына қытайлар өз тілдерінен мақұрым қалыпты ғой. Мен бұлардан заттың бағасын көне қытай тілінде сұрап тұрсам дым білмейді, өте сауатсыз, надан халық екен ғой бұлар!» – деді де, «кеттік мына жерден» деп жүре берді. Мен сонда ғана Есағамның мені сылтың қылып, әзілдеп тұрғанын түсініп, ішек-сілем қатқанша күлгенім-ай!    


***

Бір күні тағы хабарласты. Кездесейік, әңгіме бар деген. Шай іштік. Ананың басын бір шалып, мынаның басын бір шалып отырды да, бір кезде: «Мен Тибетке барып келдім. Саған да бару керек», – деді. Қызығып кеттім. Өйткені мен Тибетке қатысты көп дүние оқығам. Барғым да келіп жүретін. Бірақ оны Есенғали білмейтін. «Иә, барғым келеді», – дедім. «Мен Тибетке барғанда, Қайлас тауының етегінде отырып, мінәжат жасадым. Сол кезде жаным тәнімнен бөлініп, өзім өз денемнен шығып кеттім», – деді. Деді де, қалай қабылдайды екен дегендей маған ойлана қарады. Мен ондайды түсінем дедім. Кішкене көңілі орнына түсті білем, әңгімесін жалғастырды. «Денемнен шығып кеттім, төменге қарасам, денем құламаған күйі сол қалпында отыр екен. Айналам сондай жылы, мейірім нұрына шомылып тұрды, керемет еркіндік сезіндім. Сондай ғажап күй кештім, Ақберен! Мен енді өлімнен қорықпаймын», – деді. Сол кезде екеуміз де ол кісінің жалған дүниедегі өмірі аяқталып келе жатқанын білген жоқпыз. Өзі сезсе, сезген шығар, бәлкім. Аллаға, сосын өзіне аян. Қазір Есағамды есіме алсам, сол сөзі жиі орала береді жадыма. О дүниеде өмір бар екенін білген адам әлбетте қорқынышсыз һәм кәміл иманмен кетеді деп ойлаймын.

Қайбір жылы Есағаңмен Мәскеуге бардық. Ораза айы еді. Мен сапарды сылтауратып аузымды ашып жібергем. Есағам оразасын бұзбады. «Сізді соншалық діндар, тақуа деп ойламаппын», – деп қалып едім, «е, бізде тақуалық қайдан болсын, шешем дінге тиіспе, шарттарын орында деген, мен анама айтқаныңыз болсын деп уәде бергем, сол уәдемді қал-қадерімше орындауға тырысып жүрмін» деді.

2021 жылдың 16 сәуірі –  Есағамның Махамбет, Абай, Шәкәрім, Мұқағали, Жұмекендердің «ауылына» аттанған күн. Ол күн – қасиетті күн еді. Себебі, ол күн – Ораза айының 3-күні, жұма-тұғын. Және ардақты Есағам сол кезде Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбардың жасы – 63-те болатын...

Ол өзі жазған таңғы шықтай мөлдіреп, Тәңірінің дәргейіне қарай тазарған, адал рухымен ұшты деп сенемін. 

***

Менде бір қызық нәрсе бар. Өмірде көрген адамдарым болсын, көрмеген адамдарым болсын, сол адамдардың аруақтары түсіме жиі кіреді. Бірақ мен қай-қайсысын түсімде көрсем де, олардың о дүниелік адамдар екенін біліп тұрам. Бірақ ешқайсысы мені «жүр» деп ерткен жоқ, керісінше, ақыл-кеңестерін айтып, тылсым ишараларын білдіріп кетеді. 

Есағаң да қайтқаннан кейін түсімнен шықпай қойды. Көбінесе, қайтқан кісілер олардың қырқын берген соң, түсіме кіруші еді, Есағам ол жақта да өз әдетіне салып, ертерек бастады. Кеткеннен кейін, көп ұзамай түстерімде ұшырасып жүрді. Сондай көп қызықты түстерімнің екеуін ғана айтайын. 

Есағам, Ұлағам бар, үшеуміз бір автокөлікпен зулап кетіп бара жатыр екенбіз. Есағам менің қасымда, Ұлағам көліктің алдында отыр. Бір заматта Есағам менен: «Әй, осы сендер жақта шәштәку деген сөз бар ма?» – дейді. «Иә, бар. Ондай сөзді атам есалаңдау, жеңіл ойлайтын ақымақ әйелдерді көрсе айтып отыратын», – деп түсіндіріп бағам. Рахаттанып күледі. Бір кезде маған: «Түс машинадан!» – деді. Түсіп қалдым. Ойпырмай, Ұлағамды алып кетті-ау деп ойлап тұрмын. Бір кезде машина кілт тоқтады да, ішінен екі ағам да атып шықты. Есенғали Ұлықбек ағамның арқасынан қаға бастады. Ұлағам қатты жөтеліп тұр екен, «қазір, қазір, Ұлқаш» деп қояды Есенғали. Бір кезде Ұлағамның жөтелі басылды. Есағам: «Болды, енді бар ана баланың қасына», – деді де, машинасына отырып, жүріп кете берді. Мен бұл түсті жақсылыққа жорыдым да, Ұлағамның ғұмыр жасы ұзақ болады екен деп қатты қуандым. 

Екінші түсімде Есағамнан сұрадым: «Барған жағыңыз қалай екен?» – деп. «Өте жақсы, менде бәрі жақсы», – деп жауап қайтарды. «Адам қалай өледі, Есаға?» деп сұрадым. «Еш қиындығы жоқ екен, қорқынышты да емес. Бір кісі келеді, одан қорықпайсың, сол саған «дәм-тұзың таусылды» деп ертіп кетеді, болды», – деді. Бұл өлім туралы көп ойлайтын мен үшін кәдімгідей жұбаныш болғанын сізден несіне жасырайын. 

Содан кейін де, оның алдында да түсіме жиі кіріп жүрді. Ондай түстерді тоқтататын шарттарды білетінмін. Бір күні арнайы сайланып, Есағалап жүретін бір топ інілерімді ертіп, Кеңсайдағы Есағамның басына бардық. Құран аяттарын оқып, ағамның рухына дұға бағыштадым да: «Есаға-ау! Менің әлі бітіретін шаруам көп, мені енді мазаламаңызшы», – деп сұрадым. Есағам түсінді. Содан кейін қайтып түсіме кірген емес.    


***

Есағаң туралы таңды таңға ұрып айта беруге болады, әттең, ондай ұзақ әңгімеге газеттің маған бөлген беті жетпейді-ау! Есенғалидың шығармашылығын бір адамдай білемін, ол туралы да көсіліп жазу қиын емес маған. Есағамның ғаламат поэзиясы мен поэзияға бергісіз танымдық мақалалары мен эсселерін, құстар туралы толғауларын көзі қарақты оқырман әбден біледі. Әлі талай есенғалитанушылар шығады, күмән жоқ оған. Солар жазады, солар талдайды. Біздің айтқымыз келгені – ағаның өмірдегі адам кейіпіндегі болмысы еді. «Есенғалидың болмыс-бітімін бір қалыпқа салып айта алмайсың», – деп ақын Бауыржан Бабажанұлы айтыпты-мыс деген сөзді естіген едім. Осы шынымен рас сөз. Есенғалидай ұлы тұлғаның болмыс-бітімін, мінез-құлқын бір қалыпқа салып қарау мүмкін емес. Оны білетіндердің көбі – «бір қарасаң дана, бір қарасаң бала, өлеңінде басқа, өмірде басқа, әңгімелессең, нені меңзеп тұрғанын, әзілі қайсы, шын сөзі қайсы біліп болмайсың» дейді. Бірақ мен ол кісінің рухани әлемін толық ашып көре алмасам да, оның нәзік жан дүниесін танып-сезген сияқтымын. Қалай болғанда да, Есағамның тегін кісі емес екені білініп тұратын. Мен оның аруақты, киелі адам екенін бір түйсікпен сезетінмін.

Ақиқаты сол, Есенғали Раушанов – Құдайдың арнайы шеберханасында бөлек жаратылып, мына сұлу дүниеге періште боп келіп, өзінің ешкімге ұқсамайтын сөзін айтып, Жаратқан Хақпен қауышуға құстай самғап кеткен ұлы шайыр еді.

Ақберен Елгезек, 

«Қазақ әдебиеті» газеті