12 сәу, 2022 сағат 15:49

Ақберен Елгезек: Кітап жәрмеңкесі – кітап оқу мәдениетін қалыптастыратын бірден-бір формат


Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары, ақын Ақберен Елгезек Eurasin Book Fair-2022 халықаралық кітап жәрмеңкесінің қарсаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz порталы.

"Былтыр бір ғана Алматы қаласының өзінде 130-дан астам көркем әдебиет кітаптары шықты. Eurasin Book Fair-2022 көрмесіне соларды әкеліп қоямыз. Жалпы мұндай көрмелер не үшін ұйымдастырылады? Ең әуелі, оқырман қауымға қазіргі кітап шығару саласында қандай жаңалық барын таныту, жаңадан шыққан кітаптарды таныстыру. Екіншіден, баспагерлер арасында тәжірибе алмасу", - деп атап өтті Ақберен Елгезек. 

Ол Жазушылар одағы елдегі көркем әдебиет насихатталатын кез келген шараның басы-қасынан табылады деп отыр. 

"Cондай-ақ кітап жәрмеңкесі – кітап оқу мәдениетін қалыптастыратын бірден-бір формат. Мысалы, әлемдік тәжірибеге көз жүгіртсек, Лондон кітап жәрмеңкесі, Франкфурт кітап жәрмеңкелері өткізіледі. Оның бәрі не үшін өтеді? Кітап оқу мәдениетін қалыптастыруды алға қояды", - деді белгілі ақын.