08 қаз, 2019 сағат 14:50

Ақаңның әліппесіне қайта оралу қажет

Латын әліпбиіне көшетін болған соң әліппені де қайта жазу қажет. Білім және ғылым министрлігі бұндай әліппені 2021 жылы шығарамыз деп отыр. Кешегі Кеңес дәуірін былай қойғанда, тәуелсіздік алғаннан бері бірнеше түрлі әліппе жазылды. Ғылыми негізі жоқ немесе осал болғандықтан ешқайсысына тұрақтамай, міне тағы да жаңа әліпбимен жаңаша әліппе жазбақпыз.

Біз өзге жұрттан үлгі алуға немесе көзсіз көшіруге әуеспіз. Бірақ бұдан бір ғасыр бұрын озық әліпби де, озық әліппе де бізде болғанынан осы істің басы-қасында жүрген көп шенді хабарсыз. Бұл жағынан қазіргі министріміз А.Аймағамбетовтің көзі ашық екен. Иә, бізде әліппенің ұлы реформатор, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлынан бастау алатын өз тарихы бар. Ақаң бүй дейді: «Біздің 10-шы жылдары шығарып ескі қоймаға тастаған нәрселерімізді кейбіреулер 26-шы жылдарға дейін тұтынып келіп отырып, соны өзгерту ниетке жаңа ғана кіргенін өздерінше бір артықша жаңашылдық деп біліп, өздерін әлдеқандай өзгерісшіл көріп жүр екен. Тариқ жүйелі араб емлесінің тас-талқанын шығарып бұзып-жарып, араб қарпымен-ақ дыбыс жүйелі қазақ емлесін жасап алғанымыздан қабарсыз екен».

Мұны Ақаң 1926 жылғы Бакудегі жиыннан кейін айтқан еді және өзі айтқандай, қазақтың дыбыс жүйесін тәртіптеген алғашқы кітабын Орынборда 1912 жылы шығарып еді. Бұл әліппелер толықтырылып, түзетіліп, өзі айдалып кеткен 30-жылдарға шейін Орынборда, Ташкентте, Қызылордада 10 шақты рет қайта-қайта басылып тұрды. Ақаң қазақтың өз дыбыстарына ғана таңба арнап, төл әліппе жасаған. Онымен сауат ашу өте оңай болды. Кез келген бала бір айда әріптерді қосып, буындап, жүгіртіп оқып кете беретін болған. Халық бұрынғыдай құран жаттауға байланбай дыбыс жүйелі әдіспен жылдам және жаппай сауаттана бастады. Мұндай әдістемелік жағынан жетілген, ғылыми тұрғыдан өзгелерден озық әліппе жасауға жиырмасыншы ғасырға шейін жазуға байланбай еркін дамыған тіліміздің дыбыстық жүйесінің де оң әсері болды.

Отызыншы жылдардан кейінгі ғылымда, әсіресе қоғамдық ғылымдарда идеология, саясат басым болғандығы қазір бәрімізге мәлім. Ақаңнан кейін бүгінгі «Сауат ашуды» қосқанда қырық түрлі әліппе жазылды. Бірақ төл дыбыстарға негізделіп қасына мұғалімдерге арналған «Баяншысы» бар, ол аз десеңіз сөйлеу, оқу, жазуды ұштастырған «Тіл жұмсары» тағы бар кешенді дүние жасалған емес.Қазіргі қолданыстағы Сауат ашу бойынша әріпті тану міне, наурызда енді аяқталды. Бұл мүлдем дұрыс емес. Авторлар Сауат ашу, Жазу және Тіл дамытуды бір жерге қосып былықтырып жіберген. Әліппенің мақсаты қара таныту.Ақаң: «Әліппенің басты мақсаты – керек сөзді жаза білуге, жазылған сөзді оқи білуге үйрету», – деген еді. Иә, әліппеде басқа мақсат болмауы керек. Бала тілін дамыту тыңдалым, айтылым арқылы Әліппемен қатар жүруі керек. Ол хрестоматияда (атауын әлі ойлану керек) алдымен тыңдалым материалдары өтіліп, барлық әріптермен танысып, әліппені аяқтағаннан кейін оқылым материалдары жүйеленіп ұсынылуы керек. Өйткені, әліппенің оқу материалдары әріп таныту, буындарды, жеке сөздерді, шағын сөйлемдерді түсініп оқуға шақталған. Оның әріп танытуға арналған материалдары 300 сөзге де жетпейді. Ал, монотілді баланың сөздік қоры одан асып төгіліп жатады. Мәселен, ғылымда дәлелденген тұжырым бойынша 6 жастағы баланың тілінде 5 мыңнан аса сөз бірлік болады екен.

Өзімізде бәрі жасаулы тұрғанда соны бүгінгі заман талабына сай жетілдіргеннің орнына өзгеден көзсіз көшіруді енді тыюымыз керек. Өзге тілдің жүйесі бөлек болатындығын түсіну үшін көп білім қажет емес, көзге көрініп тұр. Мәселен, орыс тілінде хат таныту қазақ тіліне қарағанда қиындау. Орыстардың дыбыстық жүйесінде түрлі шарттылықтар көп. Басқасын былай қойғанда, бірдей таңбалардың екпін арқылы мағына ажырататындығын түсіндіруге біраз уақыт керек: заˊмок, замоˊк. Ал, қазақ тілінің жүйесі мүлдем бөлек. Біздің тілдің дыбыстық жүйесі, орыс тілін былай қойғанда, туыстас түркілерден де біршама ерекшеленеді. Бұл оның ХХ ғасырға дейін жазуға байланбай, еркін жетілгендігінен. Қазақ тілінің дыбыстық жүйесінде шашау, артық тұрған ештеңе жоқ. Жұп-жұбымен, жүйе-жүйесімен, әр дыбыс өз табында, әр әріп өз тобында тұр. Мұнда бөтен, жат дыбысқа орын да жоқ. Бұл жүйеге зорлықпен бір дыбыс енгізсең, вирус кіргізгендей тілдің артикуляциялық базасын бұзасың. Біз кеңес кезінде бір дыбыс емес, 14 дыбыс кіргізіп қойдық емес пе? Тілдің ұлттық сипатын ұстап тұратын тілдің дыбыс жүйесі. Кез келген жат дыбыс тәртіптелген мына кестенің сәнін де, мәнін де кетіретіні анық.

а) Дауысты дыбыстар (9 дауысты)


б) Дауыссыз дыбыстар (19 дауыссыз)


Жұптасып тұрған осы жүйеден қазіргі сөздіктердегі екі-үш сөзде ғана қолданылатын һ таңбасына орын табу мүмкін емес. Немесе бірде дауысты, бірде дауыссыз болады деген И мен У-ды дауыстылардың жуан-жіңішкелік парадигмасына кіргізе алмайсың. Жүйе қабылдамайды.

Иә, қазақ тілінде 28 дыбыс бар. Олар сөздің басында, ортасында, аяғында өзінің жеке тұрғандағы дыбысталу қалпын сақтайды. Ал, бізге үлгі болып отырған ағылшын, орыс тілдерінде кейбір әріптер көзге көрінеді, бірақ дыбысталмайды немесе мүлдем басқаша айтылады. Мәселен, ағылшын тілінің мына кестесіне қараңызшы:

Байқап отырғанымыздай, алты дауысты дыбыс төрт жерде төрт түрлі дыбысталады. Яғни, алты дауыстыны жиырма төрт түрлі оқу керек. Осыны балаға ұқтыруға қанша уақыт қажет?

Иә, бізге әсіресе әліпби мен әліппе жөнінен өзге жұрт үлгі бола алмайтындығын қайталаудан жалықпаймын. Ақаңның әліппесімен сауат ашу өте оңай әрі тез. Бұл туралы Телжан Шонанов былай дейді:«…дети постепенно находя сходства и различия слов, легко и свободно, без особой поддержки учителя, незаметно для себя переходят от легкого к трудному, от простого к сложному, научаюсь в то же время читать самостоятельно. Практика показала, что для того, чтобы научиться писать и читать по новому букварю, вполне достаточно 4 недель при средней способности детей». Яғни, біз Ақаң салған жолмен оқитын болсақ, онда әліппені қазіргідей үш тоқсанда емес, өте жылдам бітіретін боламыз.

Отызыншы жылдарға шейін әр ұлттың өздерінің сүйенер, сенер тұлғалары болды. Түркітану ғылымы бойынша ғана айтатын болсақ, өз ұлтының, өз тілінің қамын жеген ғалымдарды сонау 1926 жылы Бакуге жиналғандардың ішінен көреміз. Олардың бәрін жойып, Кеңес үкіметі өздері Мәскеу мен Петерборда оқытқан түркологтар орыс түркітанушыларының айтуына көзсіз бас ұратын болып тәрбиеленді. Ал, өз ұлтының тау тұлғалары Бакуде өз пікірлерін еш қаймықпастан ашық айтып отырды. Соның ішінде Ақаң да бар. Бүкіл әлемнен Бакуге жиналған оқымыстылардың (Бартольд, Руденко, Миллер, Шобан заде, Самойлович, Малов, Ашмарин, Менсель, Шерба, Яковлев, Ольденбург және т.б.) алдында Ақаң орыс тілі жөнінде: «Правописание большей частью зависит именно от языка, от свойства языка. Если возьмем, например, язык русский, употребляющий этимологический принцип, то мы должны сказать, что этот язык хаотический, анархический, потому что одни и те же слова, при изменении ударения, принимают совершенно другие формы. Например: «вада», «воды», ударение изменилось, где раньше стоял звук «а», теперь появился «о». Это самый анархический, хаотический язык», – деді. Осы жиында мүйізі қарағайдай орыс профессорлары, әсіресе Щерба мен Яковлев түркі әліпбилерінің ішіндегі ең озығы қазақтікі деп таныды. Кейін Н.Ф.Яковлев Ақаңның әліпбиіне қызығып, әрі қарай зерттей түсіп, қатты тәнті болып, «Математическая формула построения алфавита (Байтурсыновский алфавит)» деген мақала жазды. Бұл басқа түркілерге үлгі болып, жиырмасыншы жылдың соңында олар да өздерінің ұлттық әліпбилерін жетілдіруге кірісіп кетті. Иә, бізде Ақаң салған дара жол бар. Соған қайта айналып түсуіміз керек. Бұл жолды кеңес үкіметі 1929 жылдан бастап жауып тастаған еді. Енді өз қолымыз өз аузымызға жеткенде сол сара жолды қайта айналып табуымыз керек.

Бижомарт ҚАПАЛБЕК,

Мемлекеттік тілді дамыту институтының атқарушы директоры,

филология ғылымдарының кандидаты