АҚШ ішкі қауіпсіздік министрлігі барлық үкімет мекемелеріне ресейлік "Касперский лабораториясы" компаниясының бағдарламалық өнімдерін қолдануға тыйым салды, деп жазады "Ұлт ақпарат" Азаттыққа сілтеме жасап.
30 күн ішінде бұл компанияның барлық анитвирустық бағдарламаларын анықтап, 90 күн ішінде оларды пайдалануды тоқтату туралы бұйрық түскен.
Ақ үй Мәскеуде орналасқан "Касперский лабораториясы" компаниясы қызметкерлерінің кейбірі Ресей барлау қызметімен және басқа да үкіметтік ведомстволармен байланысы бар болуы ықтимал болғандықтан ұлттық қауіпсіздіккке қатер төндіреді деп алаңдайды.
АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі мұндай шешімді америкалық барлау қызметі Ресей 2016 жылы АҚШ-та өткен президент сайлауы барысына интернет арқылы килігіп, ықпал етпек болды деген ұйғарымынан соң қабылдап отыр.
"Касперский лабораториясы" соңғы айда бірнеше рет АҚШ билігінің айыптауын жоққа шығарған.