25 қыр, 2018 сағат 06:59

"Ақ қарғаларды" билік ұзаққа ұшырмайды...

Қазақстанды "САНАСЫ АЛЬБИНОСТАР" өзгертеді

Қазақстанда ерекше ойлауға болмайды. Ерекше ойлау көп жағдайда ұнай бермейді. Әсіресе билікке. "Ақ қарғаларды" билік ұзаққа ұшырмайды. Өйткені қоғам тек қана қарапайым қарғалардан тұрғанда басқаруға икемді һәм ыңғайлы. Ал "ақтар" оған өзгеріс енгізуі мүмкін басты қауіп. Сондықтан ақтарды биліктен, қоғамнан алыстау ұстау керек деген жазылмаған заңдылық бар. Жалпы адамзат ерекшелерді ұната бермейді ғой.

Мысалы, Құдай ұмыт қалдырған Африкада кіл қаралар күн көшеде. Кіл қараның арасында бірен-саран "ақтар" бар. Ақ нәсілділер емес, альбиностар. Тек қана түсі ерекше болғаны үшін Африкада альбиностарға нағыз аңшылық ұйымдастырылады. Оларды өлтіру - күнә емес. Халықты солай сендірген. Керісінше альбиносты ажал құштырған жан тез байып кетеді-міс. Сол себепті де қарапайым қаралар "ерекше ақтарды" көшеде өлтіреді, үйіне шабуыл жасайды, тіпті көмілген қабірін қазып, сүйегінен тұмар жасайды. Альбиностың қаны қасиетті деп, құрбандыққа шалады. Ал аяғы мен қолынан байлық шақырады деп, сыйынатын құралдар қашайды. Ақымақтық, надандық, жауыздық. Бірақ халық соған шын сенеді. Ерекшелерді ерекшелігі үшін қудалайды.

Қазақстанда да осыған ұқсас. Ешкімді өлтіріп жатқан жоқ, бірақ ерекше ойлыларды ұната бермейді. Мысалы, КСРО қалыптастырып кеткен тарихқа жаңа көзқараспен қараудың орнына Ресейдің айтуымен жазылған тарих бар. Оны өзгерткісі келген "ерекше ойлыларды" қоғам сынай бастайды. Ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрдің озығын қалдырып, тозығын жоюға ниеттенген "дәстүрді реформалау, тойды модернизациялау" идеясын ұсынған ерекшелерді қоғам мен халық жерден алып жерге салады. Дінге, салтқа, дәстүрге сын айтып, кемшілігін көрсеткісі келген ерекшелерді айыптайды. Ондай айыптаулар билікке тиімді де. Себебі әлемге өзгерісті "ерекшелер" әкелген, әр жетістіктің артында өз саласындағы "АҚ ҚАРҒАЛАР" тұр.

Демек, билік олардан қорқады, сол себепті де қоғамның оларды айыптауын құп көреді. Отқа май құяды. Дей-тұра мен біздің қоғамды "саналық тұрғыдан альбиностар" өзгертеріне сенемін. Ерекше еместер көп, олар ерекше емес ескі жүйенің қала беруін қалайды. Алайда ерекшелер көбеюде. Сондықтан мен өзгерістерді Күтемін... Үміттенемін...

Асхат Қасенғалидің фэйсбуктағы жазбасынан