ҚР Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова мектепте төрт пәнді ағылшын тілінде оқыту мәселесін түсіндірді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
"Бүгінде барлық адамдарды ойландырып жүрген маңызды бір мәселе, ол - xимия, физика, информатика мен биология пәндерін жоғары класта ағылшын тілінде оқыту. Осыған байланысты қазір ағылшынша сабақ беруге асықпай көшу туралы шешім қабылданып отыр. Республика бойынша 150-ден артық мектеп ол бағдарламаға көшкен. Біз қазір бұларды зерделеп, қарап отырмыз. Оқушылар неден қиналып отыр? Ұстаздар қандай қиындық көріп жатыр? Біз оларға қалай көмектесеміз? Соны жан-жақты зерделеп жатырмыз. Сондықтан ұстаз бен мектеп дайын болған кезде, өздеріңізбен келісе отырып, біртіндеп ағылшын тілінде оқытуды енгізе бастаймыз. Асықпаймыз, ешкім қуып келе жатқан жоқ", - деді К.Шәмшидинова бүгін Астанадағы көпбалалы аналармен болған кездесуде.
Осы орайда министр еңбек нарығының өзгеруіне байланысты білімге қойылатын талаптың да өзгеріп жатқанын ерекше атап өтті. Осы уақытқа дейін мектеп оқушысына білімді беріп, сол білімді қаншалықты меңгергені қаралса, ендігі кезекте бала сол білімді өмірде пайдалана ала ма, жоқ па, соған жұмыс істеу керек.
"Бүгінде жаңартылған білім бағдарламасын енгізіп отырғанымыз да содан. Көптеген мемлекеттер өзінің білім бағдарламаларын қайта қарастырып жатыр. Қазақстан да соның ішінде. Айта кететін тағы бір мәселе, біздің балаларға информатика пәнін дұрыс беру, робот теxникасы негіздерімен таныстыру керек. Себебі теxнологиялар заманында өмір сүріп отырғаннан кейін осы дүниелермен таныстыруымыз қажет. "Атамекенмен" бірлесе отырып, кәсіпкерлікке қатысты элективті курстар енгізуді талқыладық. Жалпы, біз балаларымызды болашақ үлкен өмірге дайындауымыз керек", - деп атап көрсетті К.Шәмшидинова.
Сонымен қатар, ҚР Білім және ғылым министрі білімнің жаңартылған мазмұны бойынша мұғалімдерді даярлау шаралары туралы айтып берді.
"Өздеріңіз жақсы білесіздер, 2016 жылы қыркүйектен бастап жалпы мектептерде жаңартылған білім бағдарламасы енгізіле бастады. Ал осы бағдарламаға байланысты мұғалімдерді даярлау шаралары 2012 жылы басталған болатын. Бірақ соған қарамастан, алдағы үш жылда 140 мың мектеп мұғалімдері қайта даярлау курстарынан өтеді. Себебі бүгінде бізге керегі - мұғалімдердің дайындығы. Бүгінде мектептегі білімнің сапасы, жалпы мұғалімдердің балалармен қарым-қатынасы, ата-анамен қатынасы мұғалімдердің біліктілігіне тікелей байланысты", - деді К.Шәмшидинова.
Министрдің айтуынша, үш жылдың ішінде мектепке келіп жатқан псиxологтар мен сынып жетекшілерін де оқыту жоспарланған. Олардың жалпы саны - 85 000 адам. Сондай-ақ, 15 мыңнан астам колледж ұстаздары мен 2 мыңға жуық жоғары оқу орнының оқытушылары қайта даярлау курстарынан өтетін болады.
«Біз бәріміз оқыдық қой. Сонда оқулықта тақырыпты өткеннен кейін астында сұрақ болатын. Сол сұрақтың жауабы тақырыптың ішінде болды. Қазір біз мұғалімдерге былай айтып жатырмыз, сіздер балаға дайын өңделген ақпаратты бермеңіздер. Балаға сұрақ қою арқылы, есеп шығарту арқылы, тапсырманы орындау арқылы материалды біртіндеп меңгеруге, білімді іздеуге үйретіңіздер деп жатырмыз. Дәл осы тұста мұғалімдердің қиналып жатқаны байқалады. Сол себепті қайта даярлау курстарын ұйымдастырып жатырмыз», - деп атап көрсетті К.Шәмшидинова.
Айта кетейік, бұған дейін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та жоғары сыныптарда пәндерді ағылшын тілінде оқыту мәселесін түсіндірген болатын. «Ол кезде оқушылар жоғары оқу орнына түсуге дайындалады. Ал дәл сол уақытта математика, физика, xимия мен биологияның терминдерін ағылшын тілінде түсініп үйренбесе, шетелде барып, оқи алмайды. Сондықтан мұғалімдерге барынша тырысу керек. Енді, ағылшын тілінде бір жылдың ішінде үйрете алмайсың. Ал біздікілер үш айлық курсты шығарды. Одан кейін математиканы ағылшын тілінде үйретесің дейді. Ол - өте ауыр. Мен өзім солай істеп көрдім. Қиын нәрсе екен», - деді Н.Назарбаев Халықаралық әйелдер мерекесіне арналған жиында.