
Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың ұлттық жобасы 2021 жылдың шілдесінде қабылданады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша министрлік агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың келесі 5 жылға арналған ұлттық жобасы тұжырымдамасын әзірлеуде. Ұлттық жобаның негізгі қағидаттары - бизнес үшін қарсы міндеттемелерді енгізе отырып, мемлекеттік қолдау шараларын бірізді және тұрақты ету. Бүгінгі таңда агробизнестің, ғылымның басқа да мүдделі тараптары өкілдерімен ұлттық жобаның тұжырымдамасы белсенді талқыланып жатыр. Ақпанның бірінші онкүндігінде тұжырымдама жобасын «Атамекен» алаңында бизнеске таныстыруды, одан кейін барлық мүдделі тараптар мақұлдағаннан кейін Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің талаптарына сәйкес Парламент депутаттарының, мемлекеттік органдар, облыс әкімдіктері мен агробизнес өкілдерінің қатысуымен Үкіметте қарауды жоспарлап отыр», - деді ол.
Министрдің айтуынша, ұлттық жобаны іске асырудағы негізгі үлес өңірлерге тиесілі екенін ескере отырып, облыс әкімдері осы құжатты дайындауға, оның ішінде шараларды әзірлеуге және индикативтер қоюға белсенді қатысуы қажет.
«Тұжырымдаманы талқылау қорытындылары бойынша ұлттық жоба әзірленетін болады. Оны қабылдау мерзімі Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2021 жылғы шілдеге белгіленген. Бұл ретте маусым айынан кешіктірмей Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы реформалар жөніндегі Жоғары кеңесте қарау көзделіп отыр», - деді Сапархан Омаров.
