Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Олжас Бектенов кеше Қайрат Сатыбалдының ұсталуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қылмыстық іс «Қазақтелеком» АҚ-ның қаражатын жымқыру фактісі бойынша тергеліп жатыр. Кеше осы бойынша тиісті ақпарат таратылды. Қазіргі кезде қаражат сомасы анықталып жатыр, ол бойынша бірнеше эпизод қамтылған. Осы орайда сараптама жүргізілгеннен кейін, біз бұл соманы жария етеміз. Дегенмен осы іске қатысты миллиардтаған қаражат бар деп айта аламын», - деді Бектенов Мәжілістің жалпы отырысынан кейін тілшілердің сауалына жауап бере отырып.
Сонымен қатар ол Сатыбалды әуежай аумағында ұсталғанын айтты.
«Ол Алматы әуежайының аумағында ұсталды. Ұсталғаннан кейін уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу амалдары барысында қараймыз, бұлтартпау шарасын сот айқындайды», - деді агенттік басшысы.
Еске салайық, бұған дейін қылмыс жасады деген күдікпен Қайрат Сатыбалдыұлы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғаны хабарланған болатын.