Ауыл – қазақтың алтын бесігі, құт-берекесі. Әдет-ғұрпымыздың, салт-дәстүріміздің қаймағы бұзылмаған қара шаңырағы. Бізге дейін сан толқын ұрпақтың кіндік қаны тамған, маңдай тері төгілген киелі мекен. Сондықтан да ауыл әр қазақ үшін ыстық, қымбат. Елбасымыз Н.Назарбаевтың: «Біз кез келген ұлттың түп-тамыры ауыл жұртында жататынын естен шығармауға тиіспіз», – деген сөзінің мәні мен мағынасы да осында деп ойлаймын.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиыншылықтың ауылды айналып өтпегені барлығымызға белгілі. Қазақы дәстүрдің, береке мен бірліктің түп-тамыры – ауылдың бұрынғы келбетіне түскен көлеңке кез келген азаматты ойландырғаны сөзсіз. Осы кездегі ауылымның жайы мені де бейжай қалдырмады.
Бір кездері Сыр өңірінің мақтанышына айналып, шаруашылығы өркендеп, қала типті ауыл атанған өз ауылымды өркендету перзенттік бір парызым екендігін сезіндім. Кәсіпкерлікпен айналысып тапқан табысымды ауылымды көтеруге жұмсамақ болдым. Ойымды аудан басшылары да, ауылдастарым да қолдады, қуаттады. Ауыл ағалары: «Бұл – Алдекең басқарған ауыл. Соны ұмытпа, есіңнен шығарма, Абзал!», – деді тек қана. Өмірден өткен жандарға құрметпен қарау, есте сақтап, сыйлау қазақтың қанында бар қасиет қой. Бұл сөз мойныма артып отырған жауапкершілік жүгімді одан әрі салмақтандыра, ауырлата түскендей болды. Аға буын өкілдерінің аманатындай сезіндім.
Ұлт тарихында ұрпақ болашағы үшін үлгілі іс тындырып, өзінің саналы ғұмырын елдің дамуы мен өркендеуіне арнаған, ел мүддесін өз мүддесінен биік қойған айтулы тұлғалардың өмірі мен қызмет жолы – бүгінгі және ертеңгі ұрпақ үшін тағылымды мектеп, ғибрат, өнеге жолы. Өткен күннің шежіресіне көз жүгіртсек, «Алаштың анасы» атанған Сыр өңірінен ел басына күн туғанда етігімен су кешкен батыр ұлдар, елінің болашағы үшін тер төккен еңбек ерлері, халықтың ауызбіршілігі мен ынтымағын арындай сақтап, көзінің қарашығындай қорғаған би-шешендер аз шықпаған. Менің туған ауылымның топырағында да осындай игі жақсылардың іздері сайрап жатыр.
Бала кезімізден естіп өскен ақиқат пен туған ауылдың өсіп-өркендеуіне, еліміздегі іргелі, үлгілі шаруашылыққа айналуына бірден-бір үлес қосып, тер төккен адам 18 жыл бойы осы кеңшарды басқарған Ұлы Отан соғысының ардагері, Социалистік Еңбек Ері Алдаберген Бисенов болатын. Сол 1970-1980 жылдары әр облыс, ауданда үлгілі шаруашылық жасау дәстүрі бар еді. Ондай шаруашылыққа қойылатын талаптың бірі – облыс орталығынан қашық болмауы. Қызылорда облысы бойынша ең қолайлы шаруашылық ретінде Тереңөзек ауданына қарасты Қазақ КСР-інің 50 жылдығы атындағы кеңшар таңдалады. Ал шаруашылықты үлгілі деңгейге жеткізетін іскер басшы, көреген ұйымдастырушы ретінде облыс, аудан басшылығының таңдауы Социалистік Еңбек Ері Алдаберген Бисеновке түседі. Бұл кісі ол кезде Жалағаш ауданына қарасты «Жаңаталап» кеңшарының директоры еді. Өзінің еңбеккештігімен, шаруашылықты басқарудағы ерекше талантымен, «қара қылды қақ жарған» әділдігімен елге танылған кісі осылай біздің ауылға келді.
Алдаберген аға 1972 жылы Қазақ КСР-інің 50 жылдығы атындағы (қазіргі Н.Ілиясов атындағы ауыл) кеңшарға директор болып келген күннен 1988 жылға дейінгі уақыт аралығында ауылды өркендетудің өрелі өткелдері бойымен алып өтті.
Осы кезеңде шаруашылықтың тауарлы-сүт фермасы жұмысы жолға қойылып, асыл тұқымды ірі қара 4000 басқа өсіп, олардың әрқайсысынан жылына 3800 литрден сүт өндірілетін күндерге қол жетті. Ғылым мен техника жаңалықтарын өндіріске батыл енгізудің нәтижесінде күріштің әр гектарынан 50 центнерге дейін өнім алынды. Бұл сол кезеңдердегі облыс қана емес, республикамыздағы үлкен көрсеткіш болатын.
Ел ішіндегі күні бүгінге дейін мақтанышпен айтылатын оқиғаның бірі – шаруашылықты Алдаберген Бисенов басқарып тұрған кезде 1976 жылдың қаңтарында Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келген Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың шаруашылықта болуы еді. Алдаберген Бисенов басқарып отырған ауылдың тіршілігімен, еңбеккерлердің өмірімен танысқан республика басшысының ауылдың өркендеуіне ризалығын білдіріп, көңілінен шыққанын ел іші әлі еске алады. Ал сол кездегі директор Бисеновтің шаруашылықты басқарудағы шеберлігі өз алдына бір әңгіме.
Директордың күріш егісінен мол өнім жинау үшін күзгі, көктемгі жер жырту жұмысына аса мән бергендігін, оның нәтижесін кеңшардың бас агрономы мен бас инженерін ерте жүріп, өзі қадағалайтынын ол кісімен қызметтес болған кісілердің аузынан естідім. Көктемгі егін егуден бастап, оны жинап алғанға дейінгі тынымсыздығы, әр күріш атызын атпен аралап жүріп, су мөлшерін тексеретіні бүгінгі шаруашылық басшысы үшін де тағылым, үлгі екені анық.
Жаңа істі қолға алар кезде осы жайлардың барлығын ой елегінен өткіздім. Өткен ғасырдың 70-ші жылдардың басы мен сексенінші жылдардың аяғында салынып, халықтың игілігіне айналып келген әлеуметтік нысандардың азып-тозып тұруы да көңілге қаяу түсірді. Ауыл, аудан тұрғындары арасында «Бисенов ағашы» атанып кеткен саялы бақтың да күтімсіздігі ойландырмай қоймады.
«Ұрпаққа бүгінгі жасағаның ертеңгі елдің болашағына қызмет еткенің» деп түсінген Алдаберген аға ауыл мектебіне, оқушылардың терең білім алып, тағылымды тәрбие алып өсуіне де көп еңбек сіңірген екен. Алдағы атқарар жұмыстың бірі ретінде бұл мәселе де көңілдің бір түкпірінде тұрды. Осындай сан-салалы ойлар қолға алып, атқарылатын жоспарды жасауға негіз болды. Шынын айтқанда, ол кезде ойға алған осы жоспардың барлығын бірдей жүзеге асыру да қиын еді. Дегенмен, бел шешіп кірісіп кеттік. Ниет, жауапкершілік, туған топыраққа деген перзенттік парыз бәрін алып шықты. Шүкір, жаман болған жоқ. Кейде осы кісілердің ізі қалған туған топырақ, аруақ қолдап, қорғап жүргендей сезінем.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Сыр өңіріне арнайы келген сапарында Н.Ілиясов атындағы ауылға ат басын бұрып, «қазақ ауылының бәрі осындай болса ғой», – деген сөзі мені де ынталандыра түсті. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев та ауылда бірнеше рет болды. Ауыл еңбеккерлерінің жағдайымен танысты, ризашылығын білдірді. 2013 жылы Сыр өңірінен шыққан тұңғыш «Қазақстанның Еңбек Ері» атандым.
Қазір мемлекет кәсіпкерлікті дамытуға барынша жағдай жасап жатыр. Сол үшін бюджеттен арнайы қаржы бөліп, шаруашылықтардың шаруасын түзеп алуына ықпал етуде. Ауыл шаруашылығына субсидия бөлу, ауыл кәсіпкерлерін қолдау, төменгі пайызбен несие бөлу секілді игі істер өз нәтижесін беруде. Н.Ілиясов атындағы ауыл күріш шаруашылығы мен шағын кәсіпкерлікті дамытуда республика бойынша алда келеді.
«Еңбек – ер атандырады» деп ұрпақтан-ұрпаққа өсиет қалдырған қазақ еңбек еткен әр ұлына сүйсіне қарап, болашағына үлкен үміт артты. Қай қоғамда да еңбек адамы жоғары бағаланады. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Бүгінде адал еңбекке ынталандырудың жолын табу, еңбек табыстарын қоғамдық ынталандырудың жүйесін құру – Қазақстандағы әлеуметтік жаңғыртудың аса маңызды мәселелерінің бірі», – деген сөзі еңбекке, еңбек адамына деген жалпыадамзаттық көзқарасты танытады.
Осы ретте биыл туғанына 90 жыл толып отырған Алдаберген Бисеновтің ауыл шаруашылығын өркендетуге қосқан үлесін, тағылымды тәжірибесін насихаттау, тұлға ретінде құрметтеу игілікті істің бірі екендігі анық. Өткенсіз бүгінгі күнді елестету мүмкін емес. Алдаберген аға басқарған ауылдың бүгінгі жаңаруы мен жасаруы өткеннен алған тағылымның, аға буын өкілдерінің көрегендік тәжірибесін ұмытпағанымыздың нәтижесі деп ойлаймын.
Абзал ЕРАЛИЕВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты,
Қазақстанның Еңбек Ері