01 қар, 2023 сағат 12:24

АЭС-ті француз компаниясы салуы мүмкін бе - Сәтқалиев жауап берді

© Pixabay / Markus Distelrath

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Ақордада БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында франциялық Electricite de France компаниясымен Қазақстанда АЭС салу мәселесі бойынша келіссөз жүргізуге дайын екенін мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

«Франция делегациясының сапарына келсек, Энергетика министрлігі бойынша біршама ауқымды мәселені талқылау көзделген. Бірінші мәселе - Total Energy компаниясымен қуаты 1 ГВт болатын жел паркін салу туралы келісім. Ол парктің электр қуатын сақтайтын құрылғысы да болады. Бұған дейін жаһандық жылынуға қарсы күрес, аталған жобаға инвестиция тарту жөнінде үкіметаралық келісімге қол қойылған болатын. Жалпы Мәжілісте осы келісімді ратификациялау жұмысын бастап кеттік», - деді ол Франция және Қазақстан президенттерінің Ақордадағы кездесуі алдында.

Сондай-ақ, министр франциялық компанияның Қазақстанда АЭС салу мүмкіндігіне тоқталды.

«Осы сапар аясында біздің EDF (Electricite de France -ред.) компаниясымен серіктестігіміз талқыланады. Қазір олар General Electric-тің атом электр стансаларына арналған турбиналар өндірісіне байланысты активтерін сатып алу келісімін аяқтап жатыр. Компанияның бұл салада бірегей тәжірибесі бар. Францияда олар 50-ден астам реакторды іске қосқан. Шетелде де салады. Өздеріңіз білетіндей, EDF Қазақстанда АЭС салуы мүмкін компаниялардың шорт-парағына енген. Егер Франция тарапы келіссөз жөнінде бастама білдірсе, біз оны жүргізуге дайынбыз», - деді Алмасадам Сәтқалиев.

Еске салайық, бүгін Франция Президенті Эмманюэль Макрон Қазақстанға ресми сапармен келді.

Сапар аясында екі ел басшылары сауда-экономикалық, инвестициялық және энергетикалық ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі мәселелерді талқылайды деп жоспарланған.