08 қар, 2023 сағат 14:38

АЭС салудан үмітті вендорлердің қатарына екі америкалық компания кіруі мүмкін

© Pixabay / Markus Distelrath

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Қазақстанға АЭС салудан үмітті екі америкалық компанияның ұсынысын пысықтап жатқандарын айтты, деп хабарлайды Kazinform

Мәжілістің жалпы отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген министр Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің «Казахстанская правда» газетіне берген сұхбатындағы жауапқа қатысты пікір білдірді.

«Росатом» компаниясы – вендорлердің бірі. «Росатом» компаниясынан бөлек франциялық IDF, Оңтүстік Корея мен Қытай Халық Республикасының компаниясы бар екенін білесіздер. Сондай-ақ біз америкалық General Electric, NuScale компанияларының ұсыныстарын қосымша қарастырып жатырмыз. Яғни, шағын модульді реакторлар орнату технологиясын зерттеп жатырмыз. Бұған дейін айтқанымдай, шешім референдумнан кейін белгілі болады», - деді Алмасадам Сәтқалиев.

Министр ведомство бұл жұмыстың бәрінен уақытылы мәлімет таратып отыратынын айтты.

«Қазіргі таңда министрлік референдумға дайындықпен айналысып жатыр. Соның аясында өз сарапшыларымызды ұсынып, халықпен кездесетін топтарға базалық мәліметтерді бердік», - деді Энергетика министрі.