Келешекте "Байқоңыр" ғарыш айлағынан зымырандарды өзiмiздiң мамандар ұшыратын болады. Қазiргi уақытта 90-нан астам маман Ресейде тәжiрибе жинақтап жатыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметiнде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Инвестициялар және даму министрлiгi аэроғарыш комитетi төрағасының орынбасары Ерғали Нұрғалиев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Baq.kz-ке сілтеме жасап.
"Байқоңырда "Протон" зымыран тасығышын ұшыру жұмыстарын осы кезге дейiн тек ресейлiк мамандар қамтамасыз етiп келдi. Биылғы жылы 92 қазақстандық маманды Ресейдiң протонды ұшыратын кәсiпорнына жұмысқа орналастырдық. Осы мамандар алдағы уақытта бiраз тәжiрибе жинақтап, кейiн өзiмiзде зымыран тасығыштарды ұшыратын болады", - дедi Е.Нұрғалиев.
Оның айтуынша, 2020 жылдан кейiн Байқоңырдан "Протон" зымыран тасығышы ұшырылмауы мүмкiн. Бүгiнде Қазақстан Ресейге осындай талап қойып отыр.
"Ресейге бiздiң ел отыны залалды болып келетiн Протон ұшырылымын азайтып, 2020 жылға дейiн оны мүлдем доғару мәселесi қойылған. Әрине, Протонның ұшырылымы доғарылған соң, қондырғылар Қазақстанның меншiгiне берiледi деген ұйғарым бар. Осылай болуы да мүмкiн. Осыған дайындалу үшiн бiз өз тарапымыздан жұмыстар жүргiзiп жатырмыз", - дедi ол.
Айта кетейiк, "Протонның" орнына 2025 жылға қарай Байқоңырдан "Сұңқар" зымыран тасығышын ұшыру жоспарланған.
"Бәйтерек" деген бiрiккен жоба ракеталардың ұшырылуынан болатын залалды азайту үшiн жасалып жатыр. Ресейден бiзге жаңа "Сұңқар" деген зымыран тасығышын жасау туралы ұсыныс келiп түстi. "Протон" ауыр зымыран тасығышы гептилмен ұшса, "Сұңқар" орта санаттағы зымыран тасығыш болып табылады. Бiрақ қуаты протоннан кем емес. Егер Ресеймен бiрiгiп, осы жобаны жүзеге асыратын болсақ, онда Байқоңырдың болашағы болады деп есептеймiз", - деп түйiндедi сөз соңын аэроғарыш комитетiнiң өкiлi.