
Парламент Мәжілісі мен Сенатының депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне адвокаттық қызмет және заң көмегі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын Келісу комиссиясында қайта қарайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Айта кетейік, биыл наурыз айының басында сенаторлар бұрын Мәжіліс бекіткен заң жобасын әріптестеріне қайта қарауға қайтарған еді.
«Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне адвокаттық қызмет және заң көмегі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасына Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты енгізген өзгерістер мен толықтыруларын қарап шықты. Сенат позицияларының көпшілігі заң жобасының нормаларын нақтылауға бағытталғандықтан, Комитет олармен келісуге болады деп есептейді. Соның ішінде, қылмыстық процесті жүргізетін органның адвокаттардың кәсіби ұйымы немесе оның құрылымдық бөлімшелері арқылы қорғаушы тағайындау бойынша шараларды қабылдауы туралы қолданыстағы нормаларды сақтау ұсынылған. Адвокат соттылығының құқықтық салдарына қатысты норманың қолданыстағы редакциясын қалпына келтіру ұсынылады, ол соттылықты өтеген немесе алып тастаған сәттен бастап адвокат мамандығына оралуға мүмкіндік береді», - деді Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева.
Сонымен қатар ол Республикалық адвокаттар алқасы мен Республикалық заң консультанттары алқасының жалпы қажеттіліктеріне әрбір адвокат пен заң консультанты үшін кемінде 1 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ай сайынғы жарналарды төлеу туралы нормалардың қолданылу мерзімін 2026 жылға дейін шектеу ұсынылып отырғанын айтты. Көрсетілген мерзім өткеннен кейін ай сайынғы жарналардың мөлшері мен аудару тәртібін адвокаттар мен заң консультанттары дербес белгілейтін болады.
Оның айтуынша, бұдан басқа, адвокаттар мен заң консультанттарының кейбір санаттарына, оның ішінде ауылдық жерлерде жұмыс істеп жүргендерге мүшелік жарналарды төлеуге жеңілдіктер белгілеу ұсынылған. Әділет органдарынан шығарылған, сондай-ақ мемлекеттік органдардың заң мамандығы бойынша кемінде он жыл жұмыс істеген қызметкерлерді заң консультанты ретінде аттестаттаудан өткізуден босату жөніндегі норманы алып тастау көзделген.
«Сонымен қатар, Комитет Сенаттың салыстырма кестесінің 4-позициясы, яғни Республикалық заң консультанттары алқасын құруға қатысты түзетуді келісу комиссиясының талқылауына шығаруды ұсынады. Келісу комиссиясының құрамына депутаттар А.Қожахметов, С.Имашева және А.Платоновты ұсынамыз», - деді Снежанна Имашева.
Жалпы отырыс барысында депутаттар Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің Келісу комиссиясы бойынша ұсынысын мақұлдады.
Бұдан бұрын хабарланғандай, өткен аптада Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Қанат Мусин туралы Facebook-тегі парақшасында тиісті заң жобасы қайта қаралатанын жазды.
