ҚР Әділет министрлігі Тіркеу қызметі және заң қызметін ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Рахат Жүнісов қылмыстық процестегі тараптардың жарыспалылығы жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мемлекет басшысының «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына жолдауының аспектілерінің бірі – азаматтардың мүдделерін қорғауда әділетті мемлекет құру. Президент бейтарап және әділ сот төрелігіне қол жеткізу үшін адвокат пен прокурорды тең құқықпен қамтамасыз ету қажеттігін айтты. Қылмыстық процесте азаматтарды қорғауды сапалы қамтамасыз ету елдегі заң үстемдігінің маңызды критерийлерінің бірі болып саналады», - деді Р. Жүнісов.
Оның айтуынша, ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің (ҚІЖК) нормаларында қылмыстық сот ісін жүргізу айыптау және қорғау тараптарының жарыспалылығы мен тең құқылығы қағидаты негізінде жүзеге асырылатыны регламенттелген.
«Қылмыстық сот ісін жүргізуде айыптау және қорғау тараптарының құқықтары ҚІЖК нормаларымен бекітілген. Тәуелсіздік алған сәттен бергі норма шығару және тұрақты құқықтық жүйе құру саласындағы жетістіктерге қарамастан, елде үнемі талдау, олқылықтарды жою, соның ішінде қылмыстық сот ісін жүргізуді айқындайтын заңнаманы дамыту қажеттігі туындап отыр. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, қылмыстық сот ісін жүргізу тараптары өзара айрықша артықшылықтарға ие. Мысалы, іске жаңадан кіріскен адвокатқа ол іске дейінгі сот талқылауында жасалған кез келген әрекетті қайталау туралы құқық берілді (ҚІЖК 336-бабының 3-бөлігі). Ал іске кіріскен жаңа прокурорға мұндай құқық берілмеген (ҚІЖК 337-бабының 3-бөлігі). Бұл ретте адвокаттың құқықтарын кеңейту – ең алдымен, азаматтардың конституциялық құқықтарын қамтамасыз ету, әділ сот төрелігіне мүмкіндік беру екенін түсіну маңызды», - дейді заңгер.
Осыған байланысты, сот процесінде адвокат пен прокурор құқықтарының теңдігін қамтамасыз ету мақсатында «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне адвокаттық қызмет және заң көмегі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы әзірленді.
Заң жобасында адвокаттың құқықтарын кеңейтетін нормалар қарастырылған:
- қылмыстық іске қатысты ақпаратты білуі ықтимал адамның ерікті келісімімен сұрау салу құқығы;
- сот сараптамаларын тағайындау және жүргізу;
- оның қатысуымен кез келген іс жүргізу барысында клиентке қысқаша кеңес беру мүмкіндігі;
- қылмыстық іс бойынша іс жүргізу құжаттарының кеңейтілген шеңберіне қолжетімділік, бұл ретте адвокат қылмыстық іске кірген сәттен бастап бірқатар іс жүргізу құжаттарымен танысуға құқылы болады;
- қылмыстық істі тергеу барысында бірқатар негізгі іс жүргізу құжаттарының көшірмелерін алу;
- адвокаттың сұрауы бойынша маман қорытындысын шарттық негізде алудың қылмыстық-процестік нысаны реттелді;
- халыққа жарияланатын іс жүргізу құжаттарының (мәліметтерінің) тізбесі анықталды.
«Дегенмен, тараптардың өкілеттіктерін кеңейту – азаматтар үшін толыққанды қорғай алудың кепілі емес. Тиісті біліктілік, кәсіби дайындық деңгейін үнемі арттыру, жеке қасиеттерін дамыту, жауапкершіліктің жоғары деңгейі және заң үстемдігі қағидаттарын сақтау бейтарап және әділ сот төрелігіне қол жеткізудің ажырамас бөлігі болады», - дейді Рахат Жүнісов.
