19 там, 2016 сағат 13:17

Әдепсіз ән мәтіндеріне "әй" дейтін қазақ қалмаған ба?!

Ән сөздері – әлемтапырақ. Қазіргі кезді айтамыз. Тіпті қисынсыз тіркестер мен оғаш одағайларға бой үйреткеніміз сонша кім не десе де «мәу» демейтін болдық. «Қосылған солай көп егіз» деген әнге де изектеп бақтық. «Құдай-ау, егіз қосылмайды, туады ғой, егіз бен жұптың мағынасы жер мен көктей емес пе шырақтарым!» - дейтін бір тіл маманы, не тіл жанашырын көрмедік. Жә, мұндай сөздерді терсең құм секілді суырылып тұр, таусылмайды. Біз бұл жолы ән сөздеріндегі бір ғана «қарындас» сөзіне байланысты ой қозғап көрелікші.

Барлықтарыңызға белгілі, қазақта ұлдан кейінгі туылған қыз сол ұл балаға қарындас болып есептеледі. Әрине бір әкеден. Былайша түсіндірсек тіпті ұғынықты болар. Бір ауылдан шыққан адамдарды ауылдас, бір сыныпта оқығандарды сыныптас дегеніміз секілді, бір құрсақтан, яғни бір қарыннан шыққан адамды қарындас демей не десін!

Қазақтың туыстық қатынас жүйесінде мыңдаған жылдардан бері солай. Сондықтан қазақы санада "қарындас" сөзінің қадірі ерекше. Қазақ тарихының шерлі тарихынан зар болып жеткен "Елім-ай" әнінде: "Қарындастан айырылған қиын екен, қара көзге мөлдіреп жас келеді" - дейді. Мұны үлкен мағынасында бірге туған туыстан деп те, тура мағынасында да түсінуге болады. Баяғы қазақ жігіттерінің қарындас алдындағы міндетін қараңыз, "ауру - астан, дау - қарындастан" - дейді. Бұл бірге туғанына деген жанашырлық пен оның намысы үшін неден болса да аянбай дауға түсуге бар екендігін көрсетеді.

Кейінгі кезде осы "қарындас" сөзі түпкі мағынасынан ажырап барады. Бұл үрдіс әуелде өзімен бірге тумаса да жасы кіші қыздарды өзінің туған қарындасына балап ағалық сипатта "қарындас" деп айтудан басталса керек. Мысалы, асханадағы күтуші қыздарға "қарындасым, бір кесе шай бере қойсаң" деген секілді. Басында осылай мағынада айтылған сөз қазір мүлде басқаша мәнге ие болып кетті. Өте өкінішті. Бұл бүгінгі ұлттық болмыстың ауыр халі.

Сөйтіп қазір көп жігіттер "оу, қарындас" деп қылжақтайды. Ал кейбір әнші жігіттер "қарындас, ғашықпын" дейтін болды.

Міне қараңыз, бұл Қайрат Нұртас орындайтын "Әдемісің, қарындас" әнінен үзінді.

Мынау тағы да соның орындауындағы "Ех, қарындас" әні екен.

Мынау Жанболат Бектұрғанов. "Тоқта, қарындас" деп тұр.

Балғын Қайырбекұлы "Сұлу қарындас" деп әндетіпті.

Ал, мынау әзіл сүйер жұрт аузына қарап отыратын Нұржан Төлендиевтің "қарындасты" сахнаға шақырғаны.

ҰСЫНЫС:

 Енді не істеу керек? Бүкіл қазақтың түсінігіне осылайша орнап, қылжаққа айналып бара жатқан "қарындас" сөзінің орнын алмастыратын басқа сөз жоқ па? Әрине, бар. Қазақта "Құдаша" деген бар. Ол тіпті руың да емес, басқа рудың ияғни құда жақтағы қыз. Үйленем десең де, ғашық болсаң да еркің. Қандай орынды. Міне, атыңнан айналайын "Нұр-Мұқасан" тобы орындаған әнді тыңдаңыз.

 

Енді қыздарға қылжақтайтын, ғашық боп ән арнайтын жігіттердің "Ех, құдаша", "Әдемісің, құдаша", "Тоқта, құдаша" деп алмастыруын сұраймыз. Біз бұл материялда ән авторларын арнайы қарастырмадық. Бұл алғашқы ескерту ретінде жазылып отыр. Кінәлаудан гөрі, қарындас сөзінің мағынасын есіне салып, мәнін түсіндіргенді мақсат еттік. Шіркін-ай, бойларында қазақы еркектік намыс болса қарындас сөзін қалай қолданып тұрғанын ақылы анық танымаса да, түйсігі тітіркенер еді-ау деп армандайсың...

Ал, қадірлі ағайын! Мына әндерді тыңдап көріңізші, қарындас дегеннің қандай аяулы, қандай ыстық, қандай бауырмал, қандай сүйкімді жақыныңа арналған ардақты сөз екендігін тереңірек түйсінерсіз, бәлкім.

Алтынбек Тәшімбетовтің орындауындағы "Қарындасым" әні.

Бауыржан Оспановтың орындауында "Қарындасым, бағың жансын" әні.

Мынау "Әуен" тобының орындауындағы "Қарындасым" әні.

P.S. Енді толық түсінген шығар, ғашық болған, құмартқан қызға (қалқатайға, құдашаға) айтар сөз бөлек те, қарындасқа айтар сөз бөлек екенін. Ғашық болғанда айтылатын сөзді "қарындасқа" деп айтып шатасқан әншілер ол әндерді бұдан былай айтар, иә айтпас. Оны өздерінің ақылына, арына салдық. Бұл әншілерге ғана емес, қыздарға "қарындас" деп қалжыңдауға ғадеттеніп кеткен барлық азаматтарға арналады. Ағалық көзбен аялап айтылған болса, оған сөз жоқ! 

Ұларбек Нұрғалымұлы

"Әдебиет порталы"