10 қаз, 2016 сағат 18:21

Әдебиет саласында Нобель сыйлығы кімге бұйыруы мүмкін?

Қазанның 13-і күні әдебиет бойынша Нобельдің 2016 жылғы жеңімпазы белгілі болады. Биыл бұл аталым бойынша 376 жазушы ұсынылып, үміткерлер саны жөнінен рекорд жасалған. Үміткерлер туралы мәлімет жеңімпаз анықталғанға дейін құпия сақталатыны себепті кімнің жеңімпаз атанатынын айту мүмкін емес. Дегенмен, баспасөздегі мәліметтерге сүйене отырып, «Әдебиет саласында Нобель сыйлығын биыл кім иеленуі мүмкін?» деген сауал бойынша негізгі бірнеше үміткер туралы айтпақпыз.

Харуки Мураками – жапон жазушысы, аудармашы. Харуки Мураками кандидаттар арасында бірнеше жыл қатарынан үздік деп танылғанымен, сыйлыққа әлі ие болған жоқ.

Адонис – сириялық ақын, аудармашы. 1930 жылы 1 қаңтарда Сириядағы Латакада дүниеге келген. Шығармаларын араб және француз тілдерінде сөйлетіп жүр. Сириядағы қиын өмір туралы ашық жазатын санаулы шығармашылық иелерінің бірі.

Нгуги ва Тхионго – кениялық прозашы. Шығармаларын ағылшын және кикуйю тілдерінде жазады. 2009 жылы Букер сыйлығын иеленген. 2010 және 2014 жылдары Нобель сыйлығына номинант.

Филипп Рот – америкалық прозашы, 25-тен аса романның авторы. Әдебиет саласында Пулицер сыйлығының иегері атанған.

Исмаил Кадаре – албаниялық прозашы әрі ақын. Бірнеше жыл қатарынан Нобель сыйлығына үміткер болғанымен, жеңіске жетпеді. Алайда, оның қоржынында 2006 жылы жеңіп алған «Букер» сыйлығы бар.

Сесар Айра – аргентиналық прозашы, аудармашы. Өзінің айтуынша, шығармаларын өңдемейді. Бірінші нұсқасы бойынша басылымға беретіндігімен ерекшеленеді.

Юн Фоссе – норвегиялық ақын, драматург. Әдебиеттен сабақ беріп, журналистика саласында қызмет атқарған. Юн Фоссенің балаларға арналған бірнеше өлеңдер жинағы бар. Жазушылықты «Қызыл, қара» романынан бастаса, драматургия саласындағы алғашқы еңбегін «Біз ешқашан айрылыспаймыз» деп атаған.

Авраам Б. Иегошуа – Палестинада туылған прозашы, драматург, сценарист. Шығармаларына Израиль мен палестиналық тұрғындардың өмірі арқау болған.

Петер Надаш – венгриялық прозашы, драматург, эссеист. 1967 жылы «Библия» повесімен шығармашылық жолын бастаған. 2011, 2012 және 2013 жылдары Нобель сыйлығына үміткерлер қатарында болған.

Амос Оз – Израильде дүниеге келген прозашы, саяси журналист, оқытушы. 2009 жылы Нобель сыйлығына ұсынылған үміткерлер арасында фавориттер қатарында болған. Алайда, 2009 жылы әдебиет саласындағы Нобель сыйлығын Герте Мюллер жеңіп алған еді.

egemen.kz