Адамзат өткен өмір соқпақтарындағы шалт кеткен қателіктерінен сабақ алуы тиіс. Бұл туралы бүгін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары VI съезі аясындағы «Құбылмалы геосаяси жағдайдағы діндер: адамзатты топтастыру үшін жаңа мүмкіндіктер» атты сессиясында Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбайқажы Ораз айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Өткенімізге назар салсақ, тарих қатпарындағы небір қарақұйын пәлекет, сұрапыл соғыс, күркіреуік қақтығыстардың орын алуына адам бойындағы астамшыл пиғыл мен дарақы дандайсушылық һәм тәкаппарлық пен үстемшілдікке үйірсек қараниеттің түрткі болғанына көз жеткіземіз. Адамзат баласының қасіреті мен қазабатына - ізгіліктен бет бұрып, адамшылдық ақ пейілден ауытқып, әу бастағы дүниеге келудегі мұрат-мақсаттан айнуы, қарадүрсіндік пен қатігездікке бой алдыруы әсер еткені талассыз шындық. Ал, осындай әлейім жұрттың жанарынан қанды жас сорғалатқан алапаттардың алдын алу үшін адамзат өткен өмір соқпақтарындағы шалт кеткен қателіктерінен сабақ алуы тиіс. Осы тұрғыда ғаламдық бейбітшілікке үндеген кез келген ізгі қадам, оның ішінде дәстүрлі дін жетекшілерінің сұхбаттастық орнатуы адамзат баласын татулыққа үндеуі, адалдық мақсат-мүддесін танып білуге үн қатысуы, сөз жоқ аса маңызды іс-шараға жатады», - деді Серікбай қажы Ораз.
Оның айтуынша, тарихи кезеңдердегі алғышарттардың негізінде ұлттар мен ұлыстардың әралуандығы қалыңдай түсіп, діни нанымдардың өзгеріске ұшырай бастағаны белгілі. Бұл адамзаттың әркелкі өмір сүру формасының қалыптасуына себеп болды. Сондай-ақ түрлі діни нанымдар - Жаратушыны өзіндік тұрғыда танытып қана қоймай қоғамдағы қатынас барысында белгілі бір өлшемдер мен қағдиаттарды туғызды. Осының негізіндегі алажаңқа көзқарастардан тарихта түрлі қайшылықтардың орын алғанын жоққа шығаруға болмайды. Әйткенімен адамзат баласына кенеусіз талас-тартыстан гөрі - татулықта, сыңар езу ымырасыздан қарағанда ынтымақтастықта өмір сүру аса қажет. Осы тұрғыдан алғанда қазіргі таңда діни сұхбаттастық пен діни төзімділіктің насихаты ауадай қажет екендігі баршаға түсінікті.
«Біздің көреген көшбасшымыз Нұрсұлтан Назарбаев ғаламдағы тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтап қалу үшін үшінші мыңжылдықтың басында Астанада алғаш рет әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің құрылтайын өткізді. Бұл игі бастама әу дегеннен-ақ өз үдесінен шығып, өміршең платформа екенін әйгілей алды. Елордамызға аттай қалап шақырылған дін көшбасшыларының бес съезі өтті. Діни таным түсініктерінің әртүрлі болғанына қарамастан әлемдік діни және рухани жетекшілердің Астанада бас түйістіріп, келелі мәслихат өткізуі әлбетте ғаламдық деңгейдегі үлкен жетістік еді. Елбасымыз Н.Назарбаевтың бұл бастамасы әлемдік және дәстүрлі діндердің бейбіт қарым-қатынасының алтын көпіріне айналғаны әмбеге аян», - деді еліміздің Бас мүфтиі.
Айта кетейік, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезі кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалымен басталған болатын. Алқалы жиынға барлық әлемдік және дәстүрлі діндердің өкілдері, сонымен қатар беделді діни лидерлер, саяси қайраткерлер мен халықаралық ұйым өкілдерінен құралған 46 елден 82 делегация қатысты.
Биылғы жаһандық шараның басты және негізгі тақырыбы - «Діни лидерлер қауіпсіз әлем үшін».