26 жел, 2017 сағат 00:43

Адам қай дінге баратынын өзі біледі, бірақ елде бүлік шығармауы керек - Назарбаев

Бүгін отандық телеарналарда көрсетілген БАҚ өкілдеріне сұхбат барысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі діни ахуалға тоқталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қазіргі заманда діни ахуал ылғи да көз алдымызда болуы керек. Сирияда болып жатқан, біздің ішімізде де болып жатқан жағдайларды көріп отырсыздар. Әнеу күні барлық молдалармен кездескенімде оны айтқанмын. Жақында олардың бас қосуы болып, жаңадан мүфти сайланды. Ол жерде де айттым. Біз, қазақстандықтар - зиялы қауымбыз, елміз», - деді Елбасы.

Қазақстан Президенті дін мәселесі мемлекеттен бөлек тұратындығын атап өтті.

«Дегенмен оны басқармаса болмайды. Сондықтан ол жақта не айтылып жатқанын, кім мешіт салып жатқанын егжей-тегжейлі біліп отыру үшін министрлік құрылды. Әкесінің атынан мешіт салады, оның ішінде не айтып жатқанын ешкім білмейді. Біз - мемлекетпіз. Мемлекет болғаннан кейін оның барлығын қадағалауымыз керек», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы қазақ әйелдері еш уақытта қара киім киіп, тұмшаланып жүрмегендігін баса айтты.

«Әйелдерді екінші сорттағы адам санайтын ел емеспіз. Оны да қарау керек. Сақалы беліне түскен адамдардың жалаңаяқ шортымен жүргені де бізге жарамайды. Дінде ата-бабамыздан қалған жолымыз бар. Сонымен жүруіміз керек. Менің айтарым, барлық мемлекеттерде дін жұмысы мемлекет қолында. Ол - Түркияда да, Сауд Арабиясында да, нағыз мұсылманбыз деген араб елдерінде де бар. Біз де қадағалап отыруымыз керек», - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті бүгінде елімізде  үш мыңға жақын мешіт ашылғандығын еске салды.

«Барам дегені барады, қай дінге баратынын өзі біледі. Дегенмен, елімізде ешқандай бүлік шығармауы керек. Басқа ағымға, басқа шаруаға дінді бұрып әкетіп, бүлік шығаратын террористер шықпауы тиіс», - деп баса айтты Елбасы.