04 қыр, 2017 сағат 13:46

"Абу-Даби Плаза" басшылығы мен жұмысшылары кездесуінің видеосы

"Абу-Даби Плазадағы" шетелдік жұмысшылардың оқиғасы дерегі бойынша компанияда ішкі тергеу жүріп жатыр. Бұл туралы kaz.tengrinews.kz тілшісіне мердігер құрылыс компаниясының қызметкері хабарлады. 

Еске салсақ, 2 қыркүйекте сағат 21.00 шамасында "Абу-Даби Плаза" құрылыс алаңының бақылау-өткізу пунктінде шетелдік жұмысшылар мен күзет компаниясының қызметкерінің арасында тұрмыстық жанжал болған еді. Кейін жанжал 30 адам қатысқан төбелеске ұласқан.

"Қазіргі уақытта тергеу жүріп жатыр. Компания басшылығы Қазақстанның және Үндістанның қызметкерлерімен кездесіп жатыр. Сәтсіз оқиға болды. Түсінбеушілік. Жағдайды реттеу үшін шара қабылдап жатырмыз. Жағдай бақылауда", - деді мердігер компанияның қызметкері. 

Ал осы уақытта Желіде компания басшылығы мен жұмысшылардың кездесуінде түсірілген видео пайда болды. Онда компания өкілдері кінәлілердің ұлтына қарамастан жазаланатыны жайлы айтады.

Ал мұның алдында ҚР СІМ басшысы Қайрат Әбдірахманов үндістандық тараптың "Абу-Даби Плазадағы" жағдайға қатысты пікірін айтқан еді.