12 сәу, 2017 сағат 11:20

Әбіш Кекілбайұлы. Бәйтерек

(Қаламдас достың мүшелтойына орай бір үзік сыр)

...Қыршын біткен тал еді,

Жапырағын жайқалтып

Терек етсе Тәңір етті?

ШАЛКИІЗ

 

Әлі көз алдымда. Университетке жаңа түскенбіз. Бір-бірімізді жөнді білмейміз. Оқуды енді бастағалы жатырмыз. Күнгей беттегі аудитория. Терезе жақтағы соңғы қатар. Қасыма бидай өңді бейтаныс жігіт келді. Үстінде ши барқыт кеудеше. Басында жиегі кестеленген қазақы тақия. Бауырсақ мұрынның ұшы әнтек жылтырайды. Жымиып күліп тұрған сияқты.

- Мен – Мұхтар Мағауинмін. Шұбартауданмын. Медалиспін. Отарда астықта болдым, - дейді ауызын ашар-ашпастан жәй-жапсарын түгел ақтарып.

Содан қай сабақта да, қай аудиторияда да жұп жазбай бірге отыратын болдық.

Ол жылы оқуға көбіне-көп екі жыл жұмыс істеген, әскерде болған сақа жігіттер алынған.

Үзіліс болды-ақ, олар тақтаға таласады. Қолдарына бор тигендері талтайып тұра қалып, айдай жұрттың алдында қолма-қол өлең шығарып жазып жатады. Мектепті биыл бітіріп келген азғантай топ олармен тайталасуға батылымыз бармайды. Үрпиісіп анадайдан қадағалап отырамыз. Бірақ қарап отырмаймыз. Көз алдымызда дүниеге келіп жатқан «шедеврлерді» өзара талдап, талқылап отырамыз. Арамызда екі қатал сыншы бар болып шықты.

- Мынауың мал ғой, - дейді Мағауин күйгелектене тыжырынып.

- Нөл ғой, нөл! – деп, Оразбек Сәрсенбаев одан әрмен тұқыртып қолын бір-ақ сілтейді.

Расында да, алғашқы сессиядан соң тақта алдындағы талас саябырсиын деді. Ал, алғашқы курстан кейін ақындық шалықтан айтарлықтай айығып та қалдық. Тіптен ем қонбаған бір-екеуіміз тақтаны қойып, редакцияларды жағалап кеттік. Көпшілігіміз не тілді, не әдебиетті күйттеп, «ғылым қуа» бастадық. Әйтеуір, кітапхана құмармыз. Тіпті зерттеушілер болмаса, бала-шағаға есігін аша қоймайтын «арнайы қордың» да табалдырығын тоздыратынды шығардық. Бұл «майданда» білегін сыбанып алдымызда жүретін Мұхтар Мағауин еді. Ол кезде әлі құлағымызға таңсық Ахмет, Мағжан, Шәкәрімдерді құлаш-құлашымен жатқа соғады. Абай жөнінде де бірге қонып келгендей ежіктей әңгімелейді. Атақ жөнінде де Мұхтар мен Мағауия бекерден-бекер қосақтасып жүрмеген сияқты. Атасы Мағауия ат баптаған, әңгіме бағалаған кәрі құлақ кісі екен. Мінез жағынан да белін бере қоймаған тәрізді. Мұхтар соның қолында өсіпті. Еркек кіндіктен тұқымда жалғыз. Күллі әулет боп төбесіне көтеріпті. Мұхтардың біраз қасиеті сол балалық шағынан өрбіп жатса керек. Абай, Шәкәрім туған, қазақтың игі жақсыларының бәрі ат басын бұрған, біз тумай тұрғанда болған талай шырғалаң шайқастардың ортасына айналған өлкеде туыпты. Сол оқиғаларды өз көзімен көре қалған құйма құлақ кәрияның әңгімесін тыңдап өсіпті. Әлгіндей біз естімегенді естіп, біз білмегенді біліп өсуіне бұл жәйттар аз ықпал етпеген сияқты. Мұхтар үйленгенде Мағауия ақсақал қақ төрде отырып еді. Сонда жас келінге мен: «Жалғыз ұлдың жапырағын жай. Ана отырған атамыздың атын арқалағандарды бір жалды бір өзі толтыратын бір қауым ел ет», - дегенімде, марқұм қалбалақтап қалып еді. Жарықтықтың жатқан жері жарық болғай! Аузымызға Құдай салды ма Бақыт замандасымыз діттеген жерден шықты.

Бірақ біз сөз қылып отырған уақытта Мұхтардың жан дүниесін Бақыттың әлі бір өзі жаулап ала қоймаған кезеңі еді. Ол кездегі Мұхтардың күні-түні қолына шырақ алып түскен бірден бір ғашығы – кітап еді. Бір қызығы, біздің буын тым тақуа болған сияқты. Қылшылдаған жігіт шақта ыздия киініп, сыздия сөйлеп, қызғалдақтай құлпырып тұрған қыздар жатақханасын жағаламай, қайдағы бір күңгірт оқу залдарының түкпірлерінде ала қағаздарға сығыраңдаумен өткізіппіз. Соған қарағанда бала кезімізде жата-жастана оқыған «Қазақ солдатында» Мүсірепов айтқан: « Өзің үшін де оқы, әкең үшін де оқы, тіпті бабаң үшін де оқы», - деген өсиетті қаз-қалпында түсінсек керек. Қазіргі тілмен айтқанда, тұқымымыздағы әлденеше ұрпақтың аңқасын кептіріп кеткен ақпарат тапшылығының есесін бір-ақ қайтарғымыз келген сияқты. Оның үстіне, тумай жатып, бабаларымызды таптық шайқастар, әкелерімізді әлемдік  соғыс жалмап, комсомолды көке, партияны әке тұтып, интернатты өз үй - өлең төсегімізге балап, қазынаның қара қазанына байланып, ресми үгіт-насихаттан басқа ештеңе ести алмай өскен біздер көп нәрседен құр құлақтау екенбіз. Мектепте ежелгі гректер мен кейінгі словяндар тарихын ежіктеп баққанмен, өзіміз жайлы ештеңеге қарық қыла қоймапты. Әдебиетте де Абай заманынан хайуанаттар ертегісіне бір-ақ секіріппіз. Басқаны қойғанда, батырлар жырын қара қасқа атты Қамбармен шектепті. Қыз Жібек пен Қобыландының өзін кітаптан емес, ауылға келіп ұрланып жыр айтатын жыршылардан біліппіз. Бірақ, неғұрлым аш ұстаған төлдің соғұрлым ашқарақ болып келетіні белгілі ғой. Біздің алпысыншы жылдарғы буын азғантай жылымықтың тұсында ойда-жоқта қорыққа түсіп кеткен қозы-лақтай қомағайланып кетсек керек. Сол кездегі руханият орманының талай-талай ну жыныстарына сұғынып-ақ бағыппыз. Ол кездегі өз әдебиетіміз бен тарихымыз жайлы қолда қалғандарды тыйым салынғаны, тыйым салынбағанына қарамастан, індетіп жүріп оқып шықтық. Бұны да місе тұтпай, оған дейін бізге таңсық болып келген басқа салаларға да бас қойыппыз. Батыс, Шығыс классикасы... Ежелгі және кейінгі тарих... Өткен және бүгінгі замандағы рухани сайыстар... Өз тұсымыздағы көзге анық және көзден таса көзқарастар шайқастары... Ұлт-азаттық қозғалыстарының тарихы... Әдебиет пен философияның, тіпті саясаттың көрнекті тұлғаларының өмір жолдары... Кеңестік әдебиет пен қоғамдық ойдағы тың ағымдар... Бәрі-бәрі ол кездегі біздің тым елгезек көңілімізді ерекше еліктіріп әкете беруші еді.

Соның бәрі күндердің күнінде заманның жаңа бел-белестерінде көзге таныс сүрлеу-соқпақтар болып көлбеңдеп алдымыздан шыға келетініне ол кезде әрине, көзіміз жете қоймаған шығар. Бірақ мал екеш мал да қалың шөптің өзіне зәруін тауып алып жайылады дейді ғой. Біздердің зейінімізді әлгіндей өрістерге бастап жүрген де тек қана кітапқұмарлық емес сияқты. Өзімізді өрбіткен әлеуметтің жан дүниесінің небір тұңғиық тереңінде, ол кезде көбімізге әлі көмескі жатқан тылсым зәруліктер шығар. Оның үстіне ол кездегі кеңес қоғамында айта қаларлықтай қобылжыма ахуал орнағаны да аян. Біреулер оған үміттене, біреулер күмәндана қарады. Бірақ, бұрынғы енжарлық пен қасаңдық тоңы едәуір жіпсігендей болды. Қара суық қайта ұрып кете ме деген қауіп те жоқ емес еді. Сондай екіұдай кезеңде ер жете бастаған буынның әлгіндей елгезектік танытуы табиғи нәрсе тәрізді. Жастық қашанда: «Бұл дүние бұл қалпында қалмайды. Бәрібір өзгереді», - деген үмітке бейім тұрады ғой. Сондай кезде біздің жұртымызды қандай жағдайға ұшырайтындығы да тебірентпей қоймайтын-ды. Тек бізде ғана емес, кеңестік кеңістіктегі ұлттық әдебиеттердің бәрінде де өз болмысы мен болашағының тағдырына алаңдаушылық лебі айқын сезіле бастаған-ды.

Біздіңше, сол тұстағы ұлттық мінез-құлыққа, тарихи тақырыпқа баса көңіл бөліне бастауының ар жағында да осындай сыр жатқан секілді, бұл – жоғарыдан емес, төменнен, үстіңгі қабаттан емес, тереңнен көтерілген әрі тосын, әрі шетін бастама еді. Ол кейбіреулер үшін уақытша еліктеу-солықтаумен шектелсе, кейбіреулер үшін түпкілікті мақсатқа, түбегейлі бағытқа айнала бастады.

Сол бағытқа арамыздан ең алдымен бет бұрғанымыз Мұхтар Мағауин екендігін басын ашып айту жастайымыздан тай-құлындай тебісіп бірге өскен маған айрықша парыз сияқты. Ал бұл ол кезде тап онша оңай шаруа емес еді.

Бұл орайда бір оқиға еріксіз еске оралады. Педагогикалық тәжірибеге бардық. Әдебиеттен еңбегі сіңген мұғалім ақсақал сабақ береді екен. Бізді қуана қарсы алды. Сабақтарымызға қалмай қатысып жүрді. Талай рет арқамыздан қақты. Кенет әлгі кісі нілдей бұзылсын... 1916 жылғы, көтеріліс тақырыбындағы шығармалар туралы сабақты Мұхтар жүргізген. Ол әңгімесін бастай бере-ақ, артқы жақта отырған ақсақал ысылдап-пысылдауын көбейтті. Үзіліс кезіндегі талқылауда: «Мына студенттің әлгі айтып отырғандары министрлік бекіткен оқулыққа да, бағдарламаға да еш сәйкеспейді. Ондайды мектеп қабырғасында айтуға болмайды», - деп бір-ақ тұжырды. Әріптесімізді жақтап, ара түсіп көріп ек, әңгіме тіптен ұшықты. Бізге одан әрі сабақ беруге тыйым салды. Обалдары не керек, университет пен министрліктен келген өкілдер араласып: «Жастар ғой, албырттықпен айтқан ғой», - деп жуып-шайып, ақсақалды райынан әзер қайырды.

Өкінішке орай, бұл сол кездегі қоғам үшін соншалықты таңқаларлық жағдай емес-ті. Әлеуметтік жыртқыштық қолдан қоздырылып, рухани әулекілік жылдар бойы азаматтық белсенділікке бағаланып, момын жағы есеңгіреп, пысықтай жағы әбден әумесерленіп алған әрі-сәрі қауымнан одан басқаны күту де мүмкін емес еді. Бұл адамзаттың едәуір бөлігіне күштеп танылған тапшылдық идеологияның біздің санамызды қаншалықты улап үлгергендігінің белгісі-тін. Қит етсе, араға сына қағып, адамадарды бір-біріне айдай салып, ана тап пен мына тап, ана жақ пен мына жақ деп, әлеуметтік текетіреске итермелеп бағатын әбжілдік идеологиясы көзқарасымыз бен мінез-құлқымызды да біршама құбыжықтандырып жіберіп еді. Одан арылудың біздер үшін жалғыз жолы – ұлт болып тәуелсіздік алып, ұлттық тұтастық пен жаңаруды әлеуметтік тайталастардан жоғары қойып, сол арқылы былайғы адамзат көтеріліп жатқан руханияттық биіктерге көтерілу еді. Тоталитаризм оның жолын қырқуға күш салып бақты. Ұлттық санамызды одан әрі қойыртпақтандырып, ұлы даламызды тек жаппай қырып-жойғыш қарулардың ғана емес, жаппай мәңгүрттендіріп, өзімізді өзіміз қомсынушылық пен өзара сайыспаушылықтың індетін қоздыратын әрқилы әлеуметтік эксперименттердің де сынақ алаңына айналдырып бақты. Әлі күнге дейін өмірде бір өзгеріс болды-ақ, бірқатарымызды су түбіне жіберіп, бірқатарымызды су бетіне қалқытып шығарғымыз келіп, ұрынарға қара іздеп, бір-бірімізбен жағаласа кетер ілік іздеп тұратындығымыз да сондықтан шығар. Одан өткендегілерге де, бүгіндегілерге де өкпелеп емес, әрқайсымыз да өзімізді өзіміз мықтап қолға алып, әлеуметтік желөкпелікке ұрынбауға тырысып айыға алатын шығармыз. Өн бойымызға кешегіден сіңіп қалған қырғиқабақтық уын әбден сарқылғанынша сығымдап сығып, рухани жаңару-тазаруды жаппай жеке мақсат, жеке мұратқа айналдыра алсақ қана арыла алатын шығармыз. Ол үшін өз болмысымызды өзіміз мұқият зерделей білмегіміз шарт. Өзгелердің айтағына емес, өз көкірегіміздің пәтуасына жүгінбегіміз шарт. Ал бұл ұлттық табиғатымызға, оның қасиеттері мен қасіреттеріне қапысыз қаныққан болсақ қана, жүзеге аспақшы. Бұл халқымыздың бастан кешкенін тауыса зерттеп, талдап түсіне алсақ қана, мүмкін болмақшы.

Бұл жағынан келгенде, әуелден-ақ әдебиетімізге көп нәрселерге тосын көзқарасымен, батыл пікірлерімен бөлекше көзге түсіп келген Мұхтар Мағауин – бүгінгі ұрпақтардың да, келешек ұрпақтардың да алдында айрықша еңбегі бар айтулы қаламгер.

Ол құрастырған «Алдаспан» антологиясы кенезесі кепкен бетпақтың шөлінен аяқ астынан баяғыдан әнге қосып келе жатқан Айдын көл қайта шалқып шыға келгендей әсер етті. Жоғалып кетті деп жүрген ежелгі Тетис мұхиты кенеттен жер кіндігін қайта тесіп шыққандай көрінді. Оған іле-шала жарық көрген «Қобыз сарыны» монографиясы әлгіндей шалқардың бар жазирасы мен бар тереңін қапысыз ашып берген ерекше ғылыми еңбек болды.

Ол – шын мәнінде де, бейтаныс айдынның бар құпиясын алдына түгел жайып бере алған ең сенімді лоциялық бағыттама еді. Солай болды да... «Алдаспан» шықты да, қазақтың ежелгі поэзиясынан ғана емес, бүгінгі поэзиясынан да көкірек ашатын ащы жусанның жұпар иісі аңқып қоя берді. Ала қырда атанақтай шапқан ат дүбірі, ай нұрымен тайталасқан алмас семсер жарқылы, зуылдаған  жебелер суылы күшейіп кетті. Орысша жазатындарымыз да, қазақша жазатындарымыз да қаланы тастап, қаламдарын саптап, даңғайыр далаға қарай жосылып, жұлдызы быжынаған ашық аспан астында жортуылдың тер исі мүңкіген тоқымын төсеніп, ереуілдердің қанына малшынған ер-тұрмандарды жастанып, арманға беріліп, алыс ғасырлардың еміс-еміс елестерін тірілтіп бағуға құлшындық. Қазақ поэзиясы мен прозасының ұлттық тарихи болмысымыздың бұған дейін беймәлім жатқан қабаттарына бағыт алған жойқын жорығы солай басталып кеткен-ді. «Алдаспан» мен «Қобыз сарыны» - жылдар бойы туып жатқан қадым замандар тақырыбының тыңына алғаш түрен тартқан туындылар еді.

Бұл жаңалық өз тұсында лайықты бағаланды ма? Бағаланғанда қандай! Оқушылар тарапынан таласып оқыр таңсық кітапқа, тіпті қолға түсіре алмас зәру кітапқа айналса, одан артық қандай бағалау керек. Әдеби-ғылыми ойда қызу талас туса – соныға дәт еткен соқталы зерттеудің сыбағасы сол болмай ма?! Ресми саясат секем алса, ол да рухани қасаңдық пен әлеуметтік енжарлықтың күтпеген жерден көбесіне көк найза сұғылғандығы шығар! Әдебиетіміздің ең кемел күштері ең кенде тақырыптарға жабыла бет бұрса – бұл жаппай қолдағандық емес пе?!

Идеологиялық тоталитаризмнің тоңы әлі қақырай қоймаған кезеңде, қос құрлықты баса көктеп жатқан теріскей Еуразия кеңістігін этникалық жағынан біржолата бедерсіздендіріп, атымен соны сипатты жаңа бір тұтастыққа айналамыз деп енді өзеурей бастаған тұста, ол үшін төңірегіне топтасамыз деп отырған кіндік ұлттың басына әңгір таяқ ойнаған басқа бір замандағы басқа бір қауымның басқа бір ахуалы жайындағы атымен тосын шындық жер астына күшпен бұқтырылған жанартаудай тұтқиылда лап қойса, ол жоғарыда айтылғаннан басқаша болып, ешкімді селт еткізбей, ештеңе болмағандай, жайбарақат, жайдары қабылданса, жанын шүберекке түйіп тәуекелге барған жаужүрек зерттеушінің еңбегінен ештеңе өнбегендей болар еді ғой. Ол сұрапыл дауылдан аласапыран толқын көтерілмегендей, көк нөсерден соң дүркіреп көк шалғын бой көтермегендей, адам түсіне алмас құбыжық құбылыс сияқтанар еді ғой...

Жоқ, «Алдаспан»  мен «Қобыз сарыны» өз тұсындағы қазақ әдебиеті мен қоғамдық ойында шешуші бетбұрыс жасай алды. Оның әлгіндей көпе-көрінеу табысы ұлттық тарихтың тұңғиықтарына ден қойған күштердің жігерін қайрап, шабытын оятты. Сол қуатты лектің алдында Мұхтар Мағауиннің өзі де жүрді. Көп уақыт тылсым тиырым мен тымырсық үрей түнегіне айналып келген алыс ғасырлар қойнауына батылы мен тәукелі барып, тыңғылықты зерттеп қайтқан зерделі ғалым енді оны суреткерлік тұрғыдан игеруге кірісті. Көпшілігіміз жаңа заманнан тапқандырымызды жабыла дәріптеп жатқанда, ол жоғалтқанымыздың ең үлкені – төл мемлекетіміздің түп бастаулары жайлы күрмеуі мол күрделі шындықты ашатын кең тынысты эпопеяға отырды. Оның өзегіне бір кезде орыстың шет аймақтағы нояндарының қолына түсіп, патша сарайында аманатта ұсталған қазақ ханзадасының аянышты тағдыры алынды. Сөз жоқ, Оразмұхамбет Онданұлы – орыс тарихында да, қазақ тарихында да бар қыр, бар сырын түгел жайып сала қоймаған тұңғиық тұлға. Оның төңірегінде талас та көп, құпия да көп. Сырт қарағанда, ол кездегі ресми саясатты да онша тіксінте қоймаған тұлға. Бірақ, Мұхтар Мағауинге де керегінің өзі сол еді. Оның осы «таныс бейтаныстығы» еді. Өйткені, тарихи роман өткенді даттау үшін де, мақтау үшін де жазылмайды. Оның сыры мен шынына қанығу үшін жазылады. Оның әлі де беймәлім құпияларынан бүгінгінің әлі де екі ұдай сауалдарына жауап іздеу үшін жазылады. Ол үшін басы ашық оқиғалар мен басы ашық қаһармандардан гөрі басы даулы оқиғалар мен басы даулы кейіпкерлер әлдеқайда қолайлырақ. Ол тарихымыздың көп күрмеуін шешіп, көп көлеңкесінің бетін ашуға көбірек жәрдемдеседі.

Романшы Мағауин өз кейіпкерінің басындағы жұмбақтың астарына бойлай отырып, өз ұлтының басындағы қасіреттің тұңғиығына сүңгиді. Қазақ хандығының қалай құрылып, қалай құлпырып, қалай құрып кетуінің кілтипандарын ежіктейді. Сол арқылы ұлтымыздың басындағы трагедияның төп-төркінін дөп басады. Сырттың тегеуріні мен ішкі келеңсіздіктің тұтқиыл тіл табысуынан қайта-қайта көзімізге көп шыбын үймелеп келе жатқанын реалистік прозаның зерттеуші уытқа ие байыпты тілімен жеткізеді.

Бұл ретте келгенде, «Аласапыран» - әлімсақтың ертегісін қозғайтын емес, бүгінгі шындықтың өзегін аршитын ұлағатты шығарма.

«Абай жолындағы» бергі екі ғасыр тоғысындағы қыр өмірінің тұрмыс-салттық, мінез-құлықтық ахуалының кең панорамасынан әріге барып үйрене қоймаған қазақ оқырманының көз алдына тұяқ басты, қан сіңді күнес даламыздың ең ежелгі кезеңіндегі ең байырғы келбетін бар бояуымен жарқырата жайып салған, әрі-сәрі әлеуметтік хәлге түскен ұлтымыздың психологиялық бітімін жіліктей сараптап, әр биіктегі, әр кейіптегі сан алуан тарихи тұлғалардың тұтас бір легін даралай мүсіндеп бере алған, от жапырып, оқ сапырған құштарлық толқындары мен сезім сергелдеңдерін көктемдегі буыршындай буырқанта жеткізген бұл туынды ел тануымызда да, жер тануымызда да, дәуір тануымызда да, ұлт тануымызда да келелі табысымыз болып табылады.

Әдебиет – көз алдыңда болып жатқанды бейнелі тілмен баяндайтын көркем жазылған күнделік емес. Ол – адамзаттың әлі күнге көзін байлап келе жатқан беймәлімдік дүниесіне үздіксіз жасалып тұратын шабуыл. Ол ие атымен белгісіз жәйттерді паш етеді, ие белгілі деп жүрген жәйттердің атымен беймәлім соны қырларын ашып береді.

Мұхтар Мағауиннің өткен жайлы прозасы да, бүгін жайлы прозасы да дәл осы талапқа толығымен жауап береді. Оның романдары, әңгімелері мен хикаятттары төл әдебиетіміздің пайымдық-парасаттық деңгейін тереңдеткен, көркемдік-бейнелеушілік деңгейін биіктеткен сүбелі үлес болды. «Тазының өлімі», «Жалында жаз», «Бір атаның балалары», «Мұрагер», «Көк мұнар», «Шахан шерілердің» қай-қайсысы да – тек әдебиетіміздегі ғана емес, замандастарымыздың жан дүниесіндегі толқыныстар мен сілкіністерге айта қаларлықтай ықпал ете алған тегеурінді туындылар.

Олар бүгінгі заманның ең зәру тебіреністерімен үстірт үндеспейді, тұңғиықтан жалғасып жататын жер асты ағындардай әрі астарлы, әрі жұмбақты жүйелестік танытады. Оқушының аузына оңай ас ұсынбай, ойына тосын сауалдар ұялатып, жанын жаңа ізденістерге құлшынтады. Адамға адамнан жұмбақ ештеңе жоқ екенін ұқтырады. Оның иығын жаншып, жүрегін езетін қай кесепаттың басында да тек өзі тұрғанын сездіреді. Байлық қуған ашқарақтықтың ел түгілі жерді жұтатынын, билік қуалаған баққұмарлықтың тұтас мемлекеттерді түгімен жұтып, талай ұрпақтарды кіріптарлыққа ұрындыратынын түсінуге мәжбүр етеді. Адам үшін де, қоғам үшін де бар трагедияның басы – нәпсіге тежеу таба алмау екендігін еріксіз мойындатады.

Рас, бұл – жеке суреткердің ғана жеткен жетістігі емес. Күллі әлемдік ақыл-ойдың алған асуы.

Оған өз ұлтының күллі адаммзатпен тарихи тағдырластығын, рухани өзектестігін жіті пайымдаған суреткерлер ғана жете алады. Мұхтар Мағауин – бүгінгі әдебиетіміздегі сол өреге көтеріле алған сирек тұлғалардың бірі.

Барды бағалай алмай тұрып, жоқты түгендей алмайсың. Бүгінгі қазақ әдебиеті де бүгінгі қазақ даласындай. Аса шалқар, аса ұлан-ғайыр. Ұлы даламызда бір-біріне өте ұқсас арналар да көп, асулар да көп. Олардың біреуіне қарап, екіншісінің қандай екенін де аңғара беруге болады. Ал бірақ аттап өтуге көнбейтін, айналып өтуге болмайтын асу бермес асқарлар мен өткел бермес дариялар да, Құдайға шүкір, баршылық. Оларды білмесең, отаныңды түгел танымағаның... Оларды барып көрмесең – өз жеріңнің ең басты қадір-қасиетін зерттеп білуге енжарлық танытқаның.

Ертіс пен Жайыққа, Алатау мен Алтайға бармаған адам қазақ жерін көрдім деп айта алмайтыны сияқты, төл әдебиетіміздің Мұхтар Мағауиндей кемел суреткерінің құнарлы туындыларының тұнығы мен тұңғиығына бойламаған адам қазақ елін, қазақ ұлтын білдім деп айта алмасы хақ!

Ондай іргелі суреткерлерді шытырманы мен шырғалаңы мол күрделі дәуірлер туғызары анық.

Біз де сондай заманды бастан кешіп келдік, әлі кешіп отырмыз.

Туған топырағының ең терең қабаттарынан нәр алып, баршаға ортақ зеңгір көктің шырқау төріне қарай бой түзеп келе жатқан зәулім бәйтерек алпыс жылды артқа тастаса да, діңіне шөлдің, нуына күздің өктемдігін өткіздіре қойған жоқ.

Әлі де жалы биіктеп, жапырағы қалыңдап, мәуелей бергей! Жан-жағына шашыратқан жаңғақтары мәңгілік орманын молайта түскей!

Әбіш Кекілбайұлы, 2000 жыл

Ұлт порталы


(Мақаланы көшіріп басқанда дереккөзге сілтеме беру міндетті)