20 қаз, 2023 сағат 13:47

Әбілқасымова "жалақыға дейінгі кредитті" алып тастауды ұсынды

Сурет ашық дереккөзден алынды

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 45 күнге және 50 АЕК (қазір 172 500 теңге) сомасына берілетін шағын кредитті толығымен алып тастауды ұсынып отыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Агенттік төрағасы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, бүгінде 297 мың адамның 37 млрд теңгеге проблемалық онлайн-микрокредиті бар.

"Мұндай онлайн-микрокредиттер немесе жалақыға дейінгі қарыз қашықтан беріледі. Көп жағдайда қарыз алушы тиісті деңгейде сәйкестендірілмейді, оның төлем қабілеттілігі бағаланбайды. Осыған байланысты агенттік 45 күнге дейін берілетін және сомасы 50 АЕК-тен аспайтын (2023 жылы – 172 500 теңге) шағын кредитті толығымен алып тастау туралы бастама көтерді", - деді ол парламенттік тыңдауда.

Айтуынша, онлайн несиелеу компаниялары өз қызметін жалғастыра береді, бірақ шағын кредитті кез келген мерзімге барлық микрокредиттік ұйым үшін бекітілген бірыңғай ставкамен беруге тиіс.

Қазіргі таңда республикада 254 микроқаржы ұйымының ішінде 50 компания онлайн несиелеумен айналысады.