11 там, 2025 сағат 09:27

Абайдың 180 жылдығына арналған дүниежүзілік поэзия фестивалі өтті

Фото: Gov.kz

Абай кітапханасында ұлы ақынның 180 жылдық мерейтойы аясында «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» атты дүниежүзілік поэзия фестивалі ұйымдастырылды. Шара Халықаралық TÜRKSOY ұйымы мен Михай Эминеску атындағы Халықаралық поэзия академиясының қолдауымен өтті, деп хабарлайды Ult.kz.

Қатысушыларды «Абай және кітапхана» тақырыбындағы арнайы әдеби экспозиция қарсы алды. Фестивальдің ашылуында Абай облысы әкімдігі аппараты басшысының орынбасары Ербол Алшынбай ақын мұрасы туралы жүрекжарды лебізін білдірді. Ал Қырғызстанның халық жазушысы, TÜRKSOY Бас хатшысы Сұлтан Раев өз сөзінде қазақ-қырғыз достығын және Абай шығармашылығының бүкіләлемдік маңызын атап өтті.

Шара барысында Ион Диаконескудің «Ол құс – Мен» романының қазақ тіліндегі нұсқасы, Ұлықбек Есдәулеттің «Ақыннан сағат сұрама» кітабының румын тіліндегі басылымы және Сауытбек Абдрахмановтың «Алып Абай» еңбегі таныстырылды.

Абайға арналған мерекелік іс-шаралар тамыздың 11-інде Этноауылда жалғасады.