26 қыр, 2016 сағат 08:13

Абай және Әйгерім

Ұлы тұлғаны және оның айналасын қаншалықты мумияға айналдырсақ, олардың тірі бейнесі соншалықты алыста болары сөзсіз. Сондықтан да Абай мен Әйгерімге қатысты «Абай жолы» эпопеясына қосымша кейбір өмір жағдаяттарын оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

1875 жылы отыз жасқа енді ілінген Абай Мұқыр болысына болыстық қызметке тағайындалған еді. Сайлаусыз, назначениемен. Екінші әйелі Әйгерімді сол қарсаңда кездестіріпті. Абай досы Ербол екеуі Ақшоқыдан 25 шақырымдай жердегі Орда тауында аң аулап жүріп, оның «Шілікті кезең», жас шыбықтар қалың өскен тұсты «шілік» дейді, аталатын бөктерін қыстайтын руы мамай Бекей деген адамның аулына келіп қонады. Отыз жастағы жігіт Абай табиғи әдемі дауысы бар, «кең маңдайлы, нұр жайнаған қара көзді» Бекейдің сұлу қызына «бой ұрмай тұра алмайды» (Әрхам). Үйіне келгеннен кейін де гүл жайнаған сол қыз көз алдынан кетпей қояды. Алғашқы махаббаты Тоғжанды есіне салады.

                              Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы,

                              Аласы аз қара көзі нұр жайнайды.

                              Жіңішке қара қасы сызып қойған,

                              Бір жаңа ұқсатамын туған айды.

Осылай басталатын бес шумақ өлеңін Абай кіші жары Әйгерімге арнаған деп үлкен сеніммен айтамыз. Тап осы кездерде Абай «Әкімбай өлгенде» деген өлеңін де шығарған. Әкімбай – Ділдәдан туған Абайдың баласы. Әкімбай бала кезінде 9 жасында қайтыс болған (1865-1874). Өзгеше қылықты, ақылды да сүйкімді болған ұлына шығарған жоқтауын Абай:

                             Орамды тілді ауыздым,

                             Ақылға жүйрік маңыздым.

                             Көп жасамай тез кетіп,

                              Көзімнің жасын ағыздың, -

деп аяқтаған. Жоқтауды жаназа кезінде жас келін Әйгерім дауыс қып айтқан деседі.  Айтпақшы, сол жылы Әйгерім босанғанда, «көп жасамай, көк орған» Әкімбайдан кейін туған нәрестеге «Тәңірі ерте алмасын, тұрсын, көп жасасын» деген  ырыммен «Тұрағұл» деп ат қояды. Қазір кейбір басылымдар «Турағұл» деп жазады. Бұл қате.  Көзім жеткен жағдай: «адасып» жүрген Абай өлеңдері өз орнына қойылмайды, бәрі де баяғыша қала береді. Әйтсе де, маған айту парыз – «Әкімбай өлгенде» өлеңі қазіргі жинақтарда 1895 жылғы деп қате белгіленіп келеді. Бұл Абайдың 20 жыл бұрынғы туындысы.       

Абай Әйгерімге қалай үйленген? Енді осыған келейік. Әрхам Ысқақов (1885-1963) өзінің естелігінде былай деп жазады:

         - Абай қыз ауылынан бес шақырым жердегі Бекейдің жамағайыны Мұсаның ауылына барып, жағдайды айтып ақыл-кеңесін сұрайды, - дейді Әрекең. Сонда Мұса: -Абай, сен неге қысыласың, атаң Өскенбайдың бес қатыны болған, әкең Құнанбайдың төрт қатыны бар. Сол қызды ұнатсаң мен ертең әйелімді қосып беріп, ауылыңа апарғызып берейін. Қыздың қайыны берген малын алар, ел бүлінерлік түк жоқ, - дейді. Шешім осы болып, Абай екінші рет отау көтерген ғой. Бекей қызының азан шақырып қойған аты – Шүкіман (Шүкір-аман тіркесінің қысқа түрі) еді, Абай оның сұлулығына бола, Әйгерім атандырады. Келер жаз шыққанда Әйгерімнен бір ұл дүниеге келеді. Атын Тұрағұл қояды. Тұрағұл емшектен шыққанда алты құрсақ көтеріп, егде тарта бастаған бәйбіше Ділдә Әйгерімге: «Бай сенікі болсын, бала менікі болсын», - деп Тұрағұлды өз бауырына салып бала қылып алады. Бірақ күндестің аты күндес, Ділдә Әйгерімнің атын еш атамай тек «тоқал» деп өтіпті. Сол себепті ауыл-аймақтың баршасы да кедей жерден шыққан Шүкіманды осылай кемсіте атап кетеді.

Реті келген соң жаза кетелік, қазақтың «бала қылып алу» салтының тарихы тереңде. Көпке аян, әлем әміршісі Шыңғысхан билік тізгінін бәйбішесінен туған төрт ұлына ғана ұстатқан. Әміршінің «Жасақ» (Яса) деген ережесіне сәйкес қазақтар үшін негізгі мирасқор бәйбіше балалары болды, ал тоқалдан туғандар тек солардан қалғанын ғана еншілейтін еді.  Бұл жағдайда бәйбіше мен тоқалдың балалары, әрине, іштей жаулықта, «ит көрген ешкі көзденіп» өсті. Міне, осыны болдырмау - ұрпағы бір ымырада болуы үшін Құнекең бірінің баласын бірі бала қылып алу салтын қатаң ұстады. Оған мысалдар көп, Ділдәнің Тұрағұлды бауырына салуы соның бірі ғана. 

Әйгерімге үйленуі Абайдың өміріне елеулі өзгерістер әкелді. Әйгерім Жидебайда бір жыл қыстайды, келер жылы Абай оған арнап Бөрілі (бұл мекенде Абайдың биографы Мұхтар Әуезов туып-өсті) деген жерден қыстау-там соғады. Ол оқу-білім іздеп Семейге жиі қатынай бастаған Абай үшін өте қолайлы мекен болды. Сол маңда Тышқан деген – бұлақ, тұмалар бастау алатын едеуір биік таутөбе бар. Оған отау көтерген тұңғышы Ақылбай қыстау салады.

Он жылдай кейін, 1886 жылы Абайдың шешімі бойынша Әйгерім Бөріліге іргелес Аралтөбеге көшеді. Неге? Себебі,  Әуез бастатқан Қожа ауылы бұрынғы отырған қыстауы Қызылшоқыдан (Шығыстаудың ішінде)  Бөріліге көшеді. Ақылбайды бауырына салған Нұрғанымды паналап және Абайдың рұқсатын алып.  Өстіп, үш қоныс та (Бөрілі, Аралтөбе, Тышқан) Абайға тиесілі және бір аумақты құраған еді. Ол Тобықты елінің Ертіс дарияға, Семей қаласына ең жақын шекарасы. Сондықтан Абайдың Аралтөбені игеруі - таяу келешекте қалаға жиі қатынап, көп кітаптар таситынын көре білген керемет сәттілік болды!  Ақын талай шығармаларын Ақшоқы мен Аралтөбеде дүниеге әкелді, сондай-ақ, қыс айларында Абайдың дос-жарандары мен Көкбай, Мұқа, Ақылбай, Мағауия бастатқан шәкірттері осы ауылдарда жиі бас қосқанын айтудың орайы бар.

Абайдың шақыртуымен келген құрметті қонақтың бірі - Арқаның атақты әншісі Біржан Қожағұлұлы (1834-1897) болған. Қоянды жәрмеңкесіне қатысу және қазақ даласының түкпір-түкпіріне сапар шегу сал-серінің салты.

                           Құлақтан кіріп бойды алар,

                           Жақсы ән менен тәтті күй.

                           Көңілге түрлі ой салар,

                           Әнді сүйсең, менше сүй, -

дейтін Абай Біржан салдан көп ән үйренеді және Әйгерімге Біржанның әндерін үйретеді. Бұл «Абай жолынан» көпке аян жәйт.                           Жоғарыда аты аталған Әрхам ақсақал Біржан жайлы әңгімені Әйгерімнен естіпті. Қар кетіп жатқан мезгіл көрінеді. Біржан келе жатыр дегенді естіп Абай «Сасық қамал қорада қалай қарсы аламын?» деп, Аралтөбе қыстауынан бір жарым шақырым Тізесу деген жерге үй тіккізеді. Біржанды сонда күтіп алады. «Мен сонда бір балама босанып, қыстауда отыр едім. Несін айтайын, Біржанның Тізесудан салған әні тап қасымнан естілгендей болды. Біржан сол жылы Тізесуда бір ай жатып, жайлауға (Шыңғыстың сырт жағы - Бақанас аумағы –А.О.) бізбен бірге шықты» деген екен Әйгерім. Бақанас жайлауында еркінше аунап-қунаған Біржан сал қазақ өнерпаздарының көп қазынасымен Абайды кең таныстырып кетеді. Біржан осы жерден Жетісуға беттепті, Мұхаңның сөзінше, «атақты ақын қыз Сарамен кездесетін сапары болуы ықтимал» (бұл олар айтысты деген тұжырым емес).

1880 жылдардың соңында келешек атақты әнші-композитор Әсет Найманбайұлы да Абай ауылына ат басын тірепті (ақынның «Әсетке» деген өлеңі соның куәсі). Сол сияқты Кенесары ханның қарындасы батыр қыз Бопайды Абай Бақанас жайлауында күтіп алады. Кездесу үлкен жиын-тойға ұласқан екен. Бопайдан жұртшылық Кенесары көтерілісінің мән-жайына қанығыпты.

Қу тірлікте махаббат сезімінің өшіп-сөнуінен кім қашып құтылған?! Айталық, атақты орыс жазушысы Лев Толстой мен жарты ғасырдай отасқан зайыбы Софья Андреевна екеуінің арасы мүлдем шиеленісіп, суып тынғаны белгілі. «Кетіп қалуым сені қатты ренжітері кәдік, - дейді Лев Толстой жұбайына жазған соңғы хатында.  - Сенуге, түсінуге тырыс, басқаша жасауға күшім жетпеді. ...Баршылықта, тоқмейіл ортада бұдан былай өмір сүре алмас едім, менің орнымдағы кез келген қарт кісі пендешілік тіршіліктен аулақтап, тыныш күндерін іздемекке ұмтылары анық».

1889 жылы әйгілі «Сегіз аяқта» Абай: «Жалғыз қалдым – дәп шыным!» десе, сол ортада өзінің сырын, шерін, мұңын түсінеді-ау деген жары Әйгерім  де жүр. Рас, «Абай жолында» Абай және Әйгерім мөлдір махаббат иелері. Өмірде де берекелі, бақытты ғұмыр кешті. Бірақ ондаған жылдар өткенде араларына қамырық пен түсінбеушілік араласқаны өтірік емес. Неге? Себебі, өмірдегі Әйгерім – алабөтен малсақ адам болған, ал Абай «Мал  бағу? Жоқ, баға алмаймын» деп өзі айтқандай, дүниені қуудан бас тартқан дана.

«Бірлік қандай елде болады, қайтсе тату болады – білмейді. Қазақ ойлайды: бірлік – ат ортақ, ас ортақ, киім ортақ, дәулет ортақ болса екен дейді. ...Осы ма бірлік? Жоқ, бірлік – ақылға бірлік, малға бірлік емес» (6-сөз) дейді Абай. Бұл тек қоғамға ғана емес, жеке адамдар мен отбасы бірлігіне де әділетті сөз. Ұлы ұстаздың «шын бірлік ақыл-ой бірлігі» дегені ескірмейтін даналық. Әттең, оны еститін, ескеретін қазағым кәне.  

Жинақтап айтқанда, 1876-1893 жылдар аралығында Абай үлкен ауылы Ақшоқы мен онан 35 шақырым жердегі кіші ауылы Аралтөбеде алма-кезек өмір сүреді. Өмір жолы, кешкен тағдыры ешкімге ұқсамайтын дара тұлғамыз – аңыз да абыз Абай шығармашылығының зор белесі, поэзиялық асуы осы мекендерде дүниеге келгенін естеріңізге сала отырайық.

Асан Омаров